Размер:
AAA
Цвет: CCC
Изображения Вкл.Выкл.
Обычная версия сайта

Ұлттық валюта

25_kz.jpg

Теңге: №71 құпия коды

Қазақстанның 1993 жылғы 15 қарашада өзінің ұлттық валютасына көшкеніне тура ширек ғасыр өтті. Бүгінде Қазақстан теңгесіне 25 жыл. Ол ел дамуының ең қиын кезеңі – Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде дүниеге келді. Елдің қаржылық және экономикалық саясаты меншікті ұлттық валютасы болмай дербес бола алмайтынын бәрі түсінді.

Ұлттық валютаға көшу ҚСРО ыдырағаннан кейін маңызды әрі қажетті қадам болды және ол мемлекеттік деңгейде Қазақстан Республикасының Үкіметінде талқыланды. Ұлттық валютаны – теңге, ал оның жүз еселенген бөлігін тиын деп атау туралы шешім қабылданды. «Теңге» деген атау ортағасырлық түркі ұсақ күміс монеталары «денгеден» немесе «таньгадан» тарайды, олардан сондай-ақ «деньги» деген орыс сөзі де тараған.

Теңгенің алғашқы партиясы Англияда қолмен нақыштауды пайдалана отырып және Harrison & Sons деген әйгілі ағылшын компаниясы мамандарының көмегімен басып шығарылды. Кейіннен бұл тапсырыс арқылы компания әлемдік даңққа ие болып, ерекше марапат – Ұлыбритания королевасының Алтын белгісін алды. Теңге ең үздік экспорттық өнім ретінде танылды.

Ұлттық валютаның дизайнын әзірлеумен Тимур Сүлейменовтің басшылығымен суретші-дизайнерлердің командасы айналысты. Көптеген идеялар мен нобайлардың нұсқаларынан 1 – 100 теңгелік купюраларға басып шығару үшін портреттер сериясы таңдап алынды. Купюралардың бет жағына Қазақстанның ұлы тұлғаларының: Әл-Фарабидің, Сүйінбайдың, Құрманғазының, Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, Әбілқайырханның және Абылайханның портреттері орналастырылды. Сырт жағында мәдениет ескерткіштері және табиғат көріністері: Яссауи кесенесі, Маңғыстаудың жартастағы суреттері, Бурабай көлі, Алатау тауы, бүркіт ұстаған салт атты бейнеленді.

Теңге шығарылымын дайындауға қатысушылардың бірі  De La Rue компаниясының студия менеджері Крис Мэтьюс болды. Жылдар өте келе, Қазақстандағы форумдардың бірінде ол төтенше құпиялылық режимі туралы еске алды, ол бұл мамандыққа тән жағдай. Алайда теңгені жасау жобасы барлығын нөлден бастап істеуге тура келгендігімен ерекшеленді. Крис Мэтьюс ешкімнің де «Қазақстаннан тапсырыс» деп қатты дауыстап айтпағанын атап өтті. Барлығы да «ел, № 71 код» деп айтатын. Оның естеліктеріне сәйкес, ең қиын жағдай – бұл тапсырыстың өте шұғыл болғандығы еді. «Дегенмен, біз сіздердің мамандарыңызбен бірге жұмыс істедік, сондықтан бәрі де мерзімінде және өте сапалы болып шықты», - деп есептейді ол.

Теңге 1995 жылғы мамырға дейін шетелде басылды, ал Алматыда Банкнот фабрикасы ашылғаннан кейін теңгенің бүкіл номиналы Қазақстанда шығарылады. Уақыт өте келе барынша жоғары номиналдағы купюраларды енгізу қажеттілігі туындады. 1994 -2003 жылдар аралығында номиналы 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттар пайда болды. 2015 жылы номиналы 20000 теңгелік банкнотты айналысқа шығару туралы жария етілді, ол бүгінгі күні ең жоғары номинал болып табылады. Банкнотты шығару мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орайластырылды.

Қазақстаның заманауи банкноттары мен монеталары әлемде дизайны бойынша барынша қызықты ретінде танылады және ең қорғалғандардың санатына  кіреді. Банкноттардың қорғаныш элементтерінің тұтас жиынтығы бар: сутамғы белгілері, қорғаныш жіптер, қосарланған бейнелер, оптикалық өзгеретін бояу, микроқаріптер және ультракүлгін қорғаныш. Кейбір қорғаныш элементтері Қазақстанның банкноттарында алғаш рет қолданылды. Мысалы, Spark® қорғаныш элементі, ол теңгенің 15 жылдығына орай шығарылған біздің 5000 теңгелік мерейтойлық банкнотымызда алғаш рет пайдаланылды. Оны Sicpa компаниясы әзірлеп, Қазақстанның дизайнерлері техникалық тұрғыдан өңдеп, қолданды. Бұл жұмыс Прагадағы халықаралық наградамен марапатталды. Ол теңгенің марапаттау қатарында жалғыз банкнот емес. Қазақстанның банкноттары «2006 жылғы үздік жаңа банкнот», «2011 жылғы үздік банкнот», «2012 жылғы үздік банкнот», «2013 жылғы үздік банкнот», «2016 жылғы үздік өңірлік банкнот», «2016 жылғы валюта индустриясындағы үздік техникалық жетістіктер үшін» және басқа да көптеген номинацияларда жеңіске жетті.

Өткен ширек ғасыр оңай болған жоқ, алайда теңге де, еліміздің қаржы жүйесі де қандай ауқымды болса да, өздерінің сынақтар мен дағдарыстарға қарсы орнықтылығын көрсетті. Теңге елмен бірге есейді. Қазақстандықтар үшін теңгенің әрдайым болғаны, төлем жасауға қабілеттігі, сондай-ақ қазіргідей барлық сыртқы сын-қатерлер мен сынақтарға қарсы тұра алатыны маңызды.

Біздің сайтымыз теңгені және Қазақстанның барлық қаржыгерлерін туған күнімен және кәсіби мерекесімен құттықтап, тұрақтылық пен одан әрі өркендеуді тілейді.