Размер:
AAA
Цвет: CCC
Изображения Вкл.Выкл.
Обычная версия сайта

Барлық сақтандыру туралы

Fingramota_Strahovanie_vidy_strahovaniya-02.jpg

Сақтансаң, құдай сақтайды

Бізде, бәрімізде сақтандырғымыз келетін құндылықтар бар. Біреулер үшін бұл пәтер немесе машина, біреулер үшін бағыл қағаздар. Бірақ мүлікпен қатар, біз үшін денсаулық пен өмір қымбат, оларды да сақтандырғымыз келеді. Немесе тым болмаса, егер бір жағдай болса, өтемақы алғымыз келеді. Бұған сақтандыру көмектеседі.

Бұл не нәрсе екенін және сақтандырудың қандай түрлері болатынан талдап, қарап көрейік. Қолайсыз жағдай болған кезде сақтандыру біздің мүддемізді қорғайды. Неше түрлі жағдай болуы мүмкін: өрт, су тасқыны, ұрлық, авария, спортпен шұғылдану кезінде жарақат алу, аяқ астынан ауырып қалу. Әрине, жақсылық болады деп сену керек, бірақ тәуекелге дайын болуы маңызды. Ерікті сақтандыруды таңдауға болады, бірақ сақтандырудың заң бойынша біз міндетті түрде сақтандырылатын түрлері болады.

Сақтандыруды ресімдеуге тура келген жағдайда байланысты болатын негізгі терминдер:

  • Сақтанушы – сақтандырылғысы келетін жеке немесе заңды тұлға.
  • Сақтандырушы – сақтандыру компаниясы.
  • Сақтандыру сыйлықақысы – сақтанушы шарт бойынша енгізетін жарна. Мысалы, егер сізде машина бар болса, сіз жылына бір рет автомобиль иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша 16 000 теңге төлейсіз. Бұл сіздің сақтандыру сыйлықақыңыз.
  • Сақтандыру жағдайы – басталған кезде сақтандырушы сақтанушыға ақша төлеуге міндетті болатын жағдай. Сақтандыру жағдайлары көзделмеген (машинаға ағаштың құлауы немесе көршілердің үйдің төбесін тесуі), сондай-ақ күтілетін (адам зейнеткерлікке шыққаннан кейін әлемді аралап саяхатқа шыққысы келеді) болуы мүмкін.
  • Сақтандыру сомасы – адамның мүлкіне, денсаулығына немесе өміріне зиян келген жағдайда төленетін ақшалай өтемақы. Сақтандыру бойынша сіз алатын ақшаның саны шартта көрсетілген.

Міндетті сақтандыру

Сақтандырудың бұл санаты заңда белгіленген. Міндетті сақтандыру сіздің мүддеңізді ғана емес, сонымен қатар сіздің айналаңыздағылардың да мүддесін қорғау үшін қажет. Мысалы, автокөлік иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды (АҚЖМС) алайық. Авария сіздің кінәңіз бойынша болған жағдайда, бұзылған машинаны жөндеу үшін ақыны сіз емес, сақтандыру компаниясы төлейді.

Сақтандырудың бұл түрі жекелеген адамдарға және сол сияқты ұйымдарға қолданылады. Мәселен, кез келген көлік құралының жолаушыларын міндетті сақтандыру керек. Басқа мысал – кәсіпорынның экологиялық жауапкершілігін сақтандыру. Егер қоршаған ортаға немесе қауіпті өндірістің маңында өмір сүріп жатқан адамдарға зиян келсе, сақтандыру оны өтеуге көмектеседі. Осылайша, жұмыста жарақат алған және еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан адамның аннуитет шарты бойынша өтемақы ретінде зейнетақы алуына болады.

Сондай-ақ жақында Қазақстанда жүктелген сақтандыру жұмыс істей бастады. Ол міндетті сақтандыру түрін білдіреді, онда сақтандырудың түрлері және ең төменгі талаптары ҚР заңнамалық актілерінде белгіленеді, ал сақтандырудың өзге талаптары мен тәртібі тараптардың келісімінде айқындалады.

Жүктелген сақтандыру әлеуметтік бағытты білдіреді. Бір жағынан алғанда, ол мемлекеттен қаржылық жүктемені алады және азаматтық-құқықтық қатынастарды реттей отырып, бизнес субъектілерінің жауапкершілігін арттырады. Басқа жағынан алғанда, халықты оқиға болған жағдайда зардап шеккендерге өтемақы төлеу арқылы қорғайды. Жүктелген сақтандыру институтының тауар өндірушілердің, қоғамдық тамақтану мекемелері, сауда орталықтары, мейрамханалар, кафе мен дүкендер, лифт ұйымдары иелерінің, бұқаралық іс-шаралар, каршеринг ұйымдастырушылардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру саласын, сондай-ақ кәсіби жауапкершілік саласын өтей алады деп болжанып отыр.

Классикалық мысал, егер сіз ыстық кофемен қатты күйіп қалсаңыз немесе ылғалды еденде тайып кетсеңіз, онда осы сақтандыру жағдайларды өтеледі.

Маңызды жағдай: 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап онлайн-сақтандыруды енгізу күтіледі, яғни сақтандыру шарты электрондық құжатпен алмасу арқылы жасалады. Электрондық полис немесе е-полис құжаттандырылмаған нысанда болады. Бұл қағаз полистің аналогы, клиент оны офисте, сақтандыру агентінде ресімдей алады және өзі есептеп, сақтандыру компаниясының корпоративтік сайтында төлей алады. Төлегеннен кейін клиент сақтандыру полисінің нөмірі көрсетілген SMS-хабарлама алады.

Клиентте сақтандырушының ресурсы арқылы онлайн-режимде электрондық нысанда сақтандыру шартын ресімдеуге, қайта ресімдеуге және бұзуға арналған құжаттарды; сақтандыру оқиғасы туралы хабарламаны жіберуге; келтірілген зиянның мөлшерін анықтауға және сақтандыру төлемін алуға мүмкіндік болады. Сақтандыру компаниялары өзінің сайтына клиенттердің тәулік бойы кіруін қамтамасыз етуге тиіс.

Қазақстандағы тағы да бір жаңалық – бұл 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап туристі міндетті сақтандыруды енгізу болып табылады. Сақтанушы шығу туризмі саласындағы туроператор, ал сақтандырылушы шетелге шығатын турист болып табылады. Сақтандыру шарты әрбір туриске қатысты жасалады және сақтандырылушы республиканың шекарасынан өткені туралы шекаралық бақылау белгісін алған сәттен бастап күшіне енеді. Осындай сақтандырудың құны әрбір туристік сапар күні үшін 1,12 долларды құрайды. Сақтандыру мерзімі туристік қызмет көрсету шартында айқындалған сапар мерзімінен аз болады, рейстің кешігуі жағдайын қоспағанда, шекарадан өткен сәттен бастап қолданылады. Осылайша, Қазақстанның туристеріне жазатайым жағдайларға және кенеттен ауырып қалуына байланысты шығыстар өтеледі.

Ерікті сақтандыру.

Ерікті сақтандыру – бұл еріккеннің ермек емес, өзін және өз отбасын тәуекелдерден қорғаудың сенімді тәсілді. Сақтандыру бағдарламасын өзінің өмір сүру салтына сәйкес дұрыс таңдау маңызды. Мысалы, экстремалдық спортқа құмар адамға жазатайым жағдайдан сақтану, үй қожайынына жылжымайтын мүлкін сақтандыру, ата-анаға балаларын жарақаттанудан және ауырып қалудан сақтандыру, бизнестің иесіне қаржылық шығындардан сақтану талап етіледі.

Ерікті сақтандыруға КАСКО – автомобильді сақтандыру, жазатайым жағдайлардан сақтандыру, жүктерді сақтандыру жатады. Сонымен қатар, ерікті медициналық сақтандыру бар. Медициналық сақтандырудың осы түрі бойынша шарт адам мен сақтандыру компаниясының арасында жасалады. Мемлекет делдал ретінде іс-әрекет жасамайды.

Ерікті медициналық сақтандырудың мақсаты – міндетті сақтандыру шеңберінде ұсынылмайтын қызметтерге қолжетімділік беру. Мысалы, косметикалық стоматология немесе күрделі медициналық тексерулер және талдаулар. Сондай-ақ 2016 жылдан бастап онкологиядан сақтандыру жұмыс істейді. Бағдарлама онкологиялық аурудан емдеу, аортокоронарлық шунттау, жүрек қалпақшаларын ауыстыру, нейрохирургия, органдар мен жұлынды ауыстырып салу шығыстарын өтейді.

Ерікті сақтандырудың тағы да бір маңызды түрі – келтірілген зия үшін үшінші тұлғалар алдындағы жалпы азаматтық жауапкершілікті сақтандыру. Сіздің кінәңізден көршілеріңіздің үйін су басты делік. Олар ашуланып келіп, есігіңізді қағады, сіз ешқандай байбаламсыз есігіңізді ашасыз: себебі сізде көршілердің жөндеу жұмыстары үшін ақы төлеуге мүмкіндік беретін сақтандыру бар.

Өмірді сақтандыру

Сақтандырудың осы санатын сатып ала отырып, сіз өмір мен денсаулығыңызға байланысты мүліктік мүддеңізді сақтандырасыз. Бұған өмірді сақтандыру ғана кірмейді, сонымен қатар аннуитеттік сақтандыру да кіреді. «Аннуитет» деген француз сөзі, «жыл сайынғы» деген мағынаны білдіреді. Аннуитет шарты міндетті және өзінің қызметкерлерін жазатайым жағдайлардан сақтандыратын жұмыс беруші жасайды.

Егер қызметкер жарақат алса және өндірісте қайтыс болса, ол немесе оның отбасы ұзақ уақыт бойы мерзімдік төлемдер алады. Өмірді сақтандырудың – бұл ақшаны инвестициялаудың және көбейтудің тәсілі екенін бәрі біле бермейді. Сақтандыру бойынша сіз төлеген ақшадан айтарлықтай көп болатын сақтандыру сомасы адам қайтыс болған жағдайда ғана емес, сонымен қатар ол аман-есен болған және шартта көрсетілген жасқа жеткен жағдайда да беріледі. Бұл «межелі жасқа дейін өмір сүру» деп аталады.

Жалпы сақтандыру

Бұған азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырумен қатар: жазатайым жағдайлардан, ауырған жағдайда, зейнеткерлік сақтандыру, сондай-ақ мүліктік сақтандыру кіреді. Жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, жүктерді шығын келуден сақтандыруға болады, олар тасымалдау кезінде жоғалуы немесе оларға зақым келуі мүмкін, сондай-ақ мотоциклден бастап ұшақты дейінгі көлік құралдарын сақтандыруға болады.

Өзіңді қаржылық шығындардан да сақтандыруға болады. Мысалы – қарыздарды сақтандыру. Сіз көршіңізге көп ақша сомасын қарызға бердіңіз, ал ол оны қайтарудан бас тартып отыр. Сіз өз шығыныңызды және көршілеріңіздің наразылығын өтейтін сақтандыру төлемін аласыз. Егер соттасуға тура келсе, сізге келтірілген сот шығыстарын да сақтандыруға болады.

Сақтандыру туралы нені білу маңызды:

  • Сақтандырудың кебір түрі заң бойынша сізде болуға міндетті: мысалы, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру (бұған автосақтандыру жатады) және әлеуметтік медициналық сақтандыру.
  • Өмірді сақтандыру асырушы қайтыс болған жағдайда оның жақын адамдарына ақшалай өтемақы алуына кепілдік береді, сондай-ақ сақтандырылушы шартта көрсетілген жасқа дейін өмір сүрген кезде пайда алуға мүмкіндік береді.
  • Жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, жүктерді, көліктің барлық түрін сақтандыру сізге қолайсыз жағдайлар болған кезде және сіздің мүмкін болатын барлық жағдайды көздегеніңізді біле отырып, алаңсыз ұйықтауыңыз үшін «шөп төсеуге» мүмкіндік береді.
  • Қоғамдық маңызды санат – азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру. Бұл сақтандыру сізге өркениетті, нақты қағидалар қолданылатын, ал зардап шегуші тарап шығын келтірілген жағдайда өтемақы алатын әлемде өмір сүруіңізге көмектеседі.