Размер:
AAA
Цвет: CCC
Изображения Вкл.Выкл.
Обычная версия сайта

Міндетті сақтандыру

Strahovanie_kakuyu_strahovku_imet_obyazatelno-02.jpg

Қандай сақтандырудың болуы міндетті?

Заң бойынша сізде сақтандырудың екі түрі болуға міндетті:

  • АИАҚЖМС – автомобиль иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
  • МӘМС – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру.

Міндетті сақтандыру – бұл заң бойынша ресімделуі тиіс сақтандыру. Ол сізді ғана емес, сондай-ақ күтпеген жағдайларда айналадағыларды да қорғау үшін қажет. Мәселен, автоәуесқойлар жыл сайын сатып алатын сақтандыру, ол авария кезінде ЖКА-ға себепші болған сақтандырылған адамды ғана емес жәбірленуші тарапты да қорғайды.

Автосақтандыру

АИАҚЖМС-ты автокөлікті сақтандырумен шатастыруға болмайды. АИАҚЖМС жағдайында машинаның өзі емес, азаматтық-құқықтық жауапкершілік сақтандырылады. Яғни апат болған жағдайда сақтандыру компаниясы сақтандыру иесі зиян келтірген автокөлікті жөндеуге ақы төлейтінін білдіреді. Егер сақтандырылған адамда үшінші тарапқа залалды өтеу үшін ақша болмаса, оны сақтандыру компаниясы жасайды. Сондай-ақ сақтандырудың осы түрі бойынша, апатқа кінәлі адамның да автомобиліне келтірілген залалды өтеуге болады. Бұл шарт талаптарына байланысты.

АИАҚЖМС көктайғақта бөтен автомобиль сіздің машинаңызды қағып кетсе де сақтандыру компаниясы келтірілген шығынды өтеп береді деген сенімен жолға шыға беруге мүмкіндік береді. Әрбір жүргізушіде осындай сақтандырудың болуы тиіс екені барлық көлік жүргізушілерінің тәуекелін төмендетеді.

Медициналық сақтандыру

МӘМС – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру Қазақстанда 2017 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Бұл шара сақтандырылушыларға бір деңгейдегі медициналық көмек алуға көмектеседі. Ол үшін мемлекеттен, жұмыс берушілер мен қызметкерлерден жарналар түсетін арнайы қор құрылды. Мемлекет азаматтардың кейбір санаттары үшін (оның ішінде зейнеткерлер, мүгедектер, балалар мен көп балалы аналар), жұмыс берушілер – өз қызметкерлері үшін, қызметкерлер – өздері үшін жарнаның бір бөлігін енгізетін болады, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар – өздері үшін толық жарна жасайтын болады. 2020 жылға қарай міндетті медициналық сақтандыруға арналған жыл сайынғы жарна табыстың 7%-ын құрайтын болады.

Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу адамдардың салауатты өмір салтын ұстануына және өз денсаулығына қамқорлық жасауды басқаға жүктеп қоюды тоқтатуына әкеледі.

Егер Сіз компанияның иесі болсаңыз:

Сізге өзіңіздің қызметкерлер алдындағы жауапкершілігіңізді сақтандыру қажет. Егер сізде әлеуетті қауіпті өндіріс немесе көлік бизнесі болса, онда сізде экологиялық сақтандыру және жолаушылар алдындағы жауапкершілікті сақтандыру болуы тиіс.

Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін жауапкершілікті сақтандыру. Сақтандырудың бұл түрі қызметкерлерге егер олар өндірісте зардап шегетін болса, оларға өтемақы төленетініне кепілдік береді. Сізге мұндай жағдайларда залалдан өзін қорғауға мүмкіндік береді. Сақтандыру сомасы қызметкердің еңбекақысының жылдық көлемінен кем болмайтын мөлшерде белгіленеді. Яғни, егер қызметкер еңбекке қабілеттілігін жоғалтса, ол кем дегенде бір жыл жалақы алады.

Міндетті экологиялық сақтандыру. Сақтандырудың бұл түрі қоршаған орта мен жергілікті халық үшін әлеуетті қауіпті кәсіпорындарға белгіленген. Апат болған жағдайда зардап шеккен дара кәсіпкерге төленетін сақтандыру сомасы кемінде 5000 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Зиян шекке заңды тұлғаға төлеуге тиіс сақтандыру сомасы кемінде 65000 АЕК болады.

Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру. Бұл сақтандырудың басты міндеті – тасымалдау кезінде жолаушылардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірілген жағдайда олардың мүдделерін қорғау. Темір жол, теңіз, ішкі су, әуе, автомобиль және қалалық электр көлігінде жұмыс істейтін тасымалдаушыларда сақтандыру болуға міндетті.

Сақтандыру туралы мыналарды есте сақтау маңызды:

  • Автокөлік иелері АИАҚЖМС полисін жыл сайын сатып алуға міндетті. Бұл зардап шеккен тараптың мүдделерін қорғау және жүргізу мәдениетін арттыру үшін қажет.
  • Халықтың осал топтарынан басқа барлық азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуі тиіс. 2020 жылға қарай қорға жұмыс істейтін қазақстандықтар табысының 7%-ы түсетін болады.
  • Ұйымдар заң бойынша сақтандырудың мынадай түрлерін сатып алуға міндетті: экологиялық, қызметкерлердің еңбек міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін жауапкершілікті, сондай-ақ тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру.