Банк сіздің қаржыңыз туралы не біледі: операциялар, шоттар және кредиттік тарих

time 13.10.2026
aye 6476
Банк сіздің қаржыңыз туралы не біледі: операциялар, шоттар және кредиттік тарих

Қолма-қол ақшасыз төлемдер күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды: біз сатып алған заттар үшін картамен төлем жасаймыз, ақша аударамыз, банк қосымшаларын пайдаланамыз, кредиттер мен депозиттер рәсімдейміз. Әрбір осындай операция белгілі бір деңгейдегі қаржылық ақпаратпен қатар жүреді.

Бұл ретте клиенттерде мынадай сұрақтар жиі туындайды: банк біздің шығындарымызды қаншалықты жан-жақты көріп отыр, бұл ақпарат басқа қаржы ұйымдарына қолжетімді ме және кредиттік тарихқа қандай мәліметтер кіреді?

Шот бойынша операциялар туралы ақпараттың, кредиттік тарихтың мәліметтері мен заңнамада көзделген жағдайларда үшінші тұлғаларға берілуі мүмкін деректердің аражігін ажыратын алу маңызды. Fingramota.kz-пен бірге нақтылап білейік.

Операция жүргізген кезде банк қандай мәліметтер алады? 

Егер төлем, аударым немесе қолма-қол ақшаны алу шот немесе карта арқылы жүргізілсе, қызмет көрсететін банкте осы операцияны жүргізу және есепке алу үшін қажетті ақпарат болады. Бұл төлемнің сомасы, күні мен уақыты, алушы немесе сауда орны туралы мәліметтер, операцияның мақсаты және басқа өлшемдер болуы мүмкін. Сондықтан клиент мобильді қосымшада өзінің төлемдері мен аударымдарының тарихын көре алады.

Бұл ретте банктік шоттар, ақша қалдықтары мен қозғалысы, төлемдер мен аударымдар туралы мәліметтер банк құпиясымен қорғалатын ақпаратқа жатады. Оны пайдалану және беру тәртібі заңнамада айқындалады.

Банк сіздің нақты не сатып алғаныңызды біле ме?

Клиент супермаркетте карта арқылы 25 мың теңге төледі дейік. Банк төлем операциясы мен сауда орны туралы ақпаратты алады. Алайда, қарапайым карточкалық транзакцияны сатып алынған тауарлардың толық тізбесі көрсетілген кассалық чекпен салыстыруға болмайды.

Яғни, банк қай жерде және қанша сомаға сауда жасалғаны туралы ақпаратқа ие болады, бірақ бұл әрбір стандартты карточкалық операция кезінде оған себеттегі әрбір зат туралы ақпараттың автоматты түрде берілетінін білдірмейді.

Бұл ретте деректердің нақты көлемі төлем әдісіне және қолданылатын төлем инфрақұрылымына байланысты болады.

Банк қосымшасындағы шығыстар санаттары қайдан алынған?

Көптеген мобильді қосымшалар клиенттің шығыстарын санаттар бойынша бөледі: азық-түлік, көлік, мейрамханалар, ойын-сауық, саяхат және басқалары. Әдетте, мұндай жіктеу сатып алудың егжей-тегжейлі құрамы емес, сауда нүктесі және оның қызмет санаты туралы ақпарат негізінде қалыптасуы мүмкін. 

Сондықтан шығыстарды санат бойынша бөлу әрдайым дәл бола бермейді. Мысалы, супермаркет тек азық-түлікті ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық техниканы, киім-кешекті немесе үй бұйымдарын сата алады, ал операцияның барлық сомасын қосымша бір санатқа жатқызуы мүмкін. Мұндай талдау бюджетті бақылау үшін ыңғайлы, бірақ оны әр сатып алудың егжей-тегжейлі талдамасы ретінде қабылдауға болмайды.

Банк аударымдар туралы не біледі?

Сонымен бірге жеке тұлғалар арасындағы аударымдар банк операциялары болып табылады. Сондықтан қызмет көрсететін банктің оларды жүргізу үшін қажетті мәліметтері бар: сомасы, күні және транзакцияның басқа да өлшемдері.

Бұдан басқа, банктер кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманың талаптарын сақтауға міндетті. Осы талаптар шеңберінде қаржы ұйымдары операцияларға мониторинг жүргізеді және көзделген жағдайларда клиенттен қосымша ақпарат сұрата алады. 

Бұл әрбір аударымды немесе сатып алуды банк қызметкері қолма-қол  тексереді дегенді білдірмейді. Операцияларды мониторингтеу үшін қаржы ұйымдары соның ішінде тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін пайдаланады. 

Сондықтан клиенттің күнделікті өмірін «бақылау» туралы емес, заңнамада көзделген қаржылық операцияларды мониторингтеу туралы баяндау орынды болады.

Бір банк клиенттің басқа банктегі шоттарын көре ме?

Бір банкте шоттың болуы оған клиенттің басқа банктердегі операцияларының толық тарихына еркін қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. 

Банк шоттары, қалдықтар, ақша қозғалысы және операциялар туралы мәліметтер банк құпиясы режимімен қорғалған. Оларды үшінші тұлғаларға беру клиенттің келісімімен не заңнамада көзделген жағдайларда және тәртіппен мүмкін болады. 

Жеке тетік – ашық банкинг, онда клиент өзінің қаржылық деректерінің белгілі бір көлемін жүйенің басқа қатысушысына беруге келісімін бере алады. 

Басқаша айтқанда, қаржылық деректердің болуын және белгілі бір ұйымның оларға қол жеткізу құқығын ажырату қажет.

Кредиттік тарихта не бар?

Кредиттік тарих және банк шоты бойынша операциялардың тарихы – ақпараттың әртүрлі массивтері.

Кредиттік тарих адамның кредиттік міндеттемелері: ресімделген қарыздар, берешек сомалары, міндеттемелердің орындалуы, төлем мерзімдерін кешіктірулердің болуы туралы мәліметтерді және заңнамада көзделген басқа да ақпаратты қамтиды.

Бұл ретте дебеттік карта бойынша күнделікті шығыстар өздігінен кредиттік тарихтағы сатып алулар тізбесіне айналмайды. Егер адам азық-түлікке, таксиге немесе мейрамханаға өз қаражаты есебінен төлесе, кредиттік есепте ол не сатып алғаны туралы жазба көрінбейді.

Яғни, операциялардың тарихы шот бойынша ақша қозғалысын көрсетеді, ал кредиттік тарих – кредиттік міндеттемелер және олардың орындалуы туралы мәліметтер.

Ал егер сатып алу бөліп төлеу арқылы ресімделсе

Бұл жерде жарнамадағы өнімнің атауы емес, туындаған міндеттеменің заңдық сипаты маңызды.

Егер бөліп төлеуді ресімдеу кезінде банк немесе кредиттік бюроға ақпарат жеткізуші болып табылатын басқа ұйым алдында кредиттік міндеттеме туындаса, тиісті мәліметтер кредиттік тарихқа белгіленген тәртіппен енгізілуі мүмкін.

Сондықтан бөліп төлеуді ресімдеу алдында шарт кіммен жасалатынын және сатып алушыда қандай міндеттеме туындайтынын түсінген маңызды.

Банк клиентті бағалау кезінде операцияларды пайдалана ма?  

Банктер қарыз алушының кредиттік тәуекелін және төлем қабілеттілігін бағалаудың меншікті жүйелерін қолданады. Шешім қабылдау кезінде заңнамада және қаржы ұйымының ішкі рәсімдерінде көзделген әртүрлі мәліметтер ескерілуі мүмкін.

Бұл ретте банктің шешімін қандай да бір жеке тұрмыстық сатып алумен: мысалы, мейрамханаларға, маркетплейстерге немесе саяхаттарға арналған шығыстармен түсіндіру дұрыс емес.

Кредит беру туралы шешім кешенді бағалау, оның ішінде кредиттік тарихты, борыш жүктемесін, кірістерді, қолданыстағы міндеттемелерді және нақты банктің кредиттік саясатында көзделген басқа да факторларды бағалау негізінде қабылданады.

Банк құпиясы нені білдіреді?

Банктің клиенттің операциялары туралы ақпаратқа ие болуы бұл мәліметтердің жалпыға бірдей қолжетімді екенін білдірмейді.

Заңнама банк құпиясы режимін белгілейді және тиісті ақпарат ұсынылуы мүмкін негіздерді айқындайды. Бұл, мысалы, клиенттің өзінің келісімімен не заңда көзделген негіздер болған кезде уәкілетті органдардың сұратуы бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

Сондықтан екі ұғымды бөліп қарау маңызды: банк клиентке қызмет көрсету шеңберінде белгілі бір мәліметтерге ие болады, бірақ бұл ақпаратқа қол жеткізу және оны беру мүмкіндігі заңнамамен шектелген.

Өзіңізді, ақшаңызды қорғаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге