ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылғы маусымда жүргізген қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша азаматтар өтініштерінің мониторингі өтініштердің көп бөлігі – 60%-дан астамы банк секторына келетінін көрсетті. Яғни банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға келеді. Мұндай өтініштер жеке тұлғалар-қарыз алушылардың өз кредиттерін өтеуге дәрменсіздігіне, борышты кешіруді талап етуге, банктік қарыз шартының талаптарын ҚР заңнамасы талаптарына сәйкес келуін тексеруге байланысты.

Кез келген кредит – өте маңызды мәселе, сондықтан болашақта қиындықтар болмас үшін кредит ресімдеуге жауапкершілікпен қарау керек.

Сонымен, кредит алудан бұрын ықтимал қарыз алушы назар аударуы тиіс үш маңызды мәселе бар.

1. Мақсатыңызды айқындап алыңыз

«Не үшін кредит алғыңыз келеді?» деген сұраққа өзіңізге шынайы жауап беріңіз. Жалпы кредит өте ыңғайлы қаржылық құрал, бірақ оны дұрыс пайдалана білу керек. 

Банктер тұрғын үй, автокөлік сатып алуға, басқа заттар сатып алуға тұтынушылық кредит береді. Кредиттер нысаналы емес – банк қарыз алушының әр түрлі қажеттіліктері үшін белгілі бір соманы берген кезде және нысаналы – нақты мақсаты бар: үй сатып алу немесе жөндеу, білім алу және басқалары үшін болып бөлінеді. Кредиттер қарыздың ең көп сомасымен, сыйақы мөлшерлемесімен, мерзімі мен кепілімен ерекшеленеді. Банктер оларды өздігінен және серіктестері – автодилерлермен, құрылыс компанияларымен, тұрмыстық техника дүкендерімен және басқа ұйымдармен бірге береді. Сондықтан кредиттің қай түрі сізге керек екенін шешіп алыңыз. Бұл, әрине, қарыз қандай мақсатта пайдаланылатынына байланысты.

Және, әрине, күмәнді жобаларға немесе ақшалай салымдар есебінен жоғары пайда алуға уәде беретін ұйымдарға инвестициялау үшін кредит алуға болмайды. Карантин кезеңінде, әдетте, қаржы алаяқтары белсенді бола түседі, сөйтіп Сіз қаржы пирамидасының тұзағына оңай түсіп қалуыңыз мүмкін.

2. Өзіңіздің төлем қабілеттілігіңізді бағалаңыз

Сіз кредит алу мақсатын анықтап алдыңыз делік және ол Сіздің ойыңызша, шешілген мәселе. Екінші қадам – өзіңіздің қаржылық жағдайыңыз бен төлем қабілеттілігіңізді бағалау. «Егер мен кенеттен ауырып қалсам немесе жұмыстан босап қалсам, кредит бойынша төлем жасай алам ба?» деп  өзіңізге сұрақ қойыңыз. Тұрақты табыс көзін ғана есептеңіз. Сіз лотерея ұтысына немесе жұмыста беріп қалуы мүмкін сыйлықақыға сеніп қалмаңыз.  

Сіздің кредиттік міндеттемелеріңіз бойынша ай сайынғы төлем табысыңыздың 50%-ынан аспағаны өте маңызды. Тек осындай жағдайда ғана Сіз ертеңгі күнге және кредитті уақтылы өтеуге сенімді боласыз. 

Айтпақшы, Сіз кредит алу туралы нақты шешім қабылдаған болсаңыз, онда оны ресімдемес бұрын міндетті түрде өзіңіздің кредиттік тарихыңызды тексеріп алыңыз. Қарыз алушылар қаржы алаяқтарының құрбаны болған және оларға бөтен қарыздар ресімделген жағдайлар да кездесіп жатады. Сондықтан кредит тарихын мезгіл-мезгіл тексеру керек. Сіз дербес кредиттік есепті Мемлекеттік кредиттік бюродан және Бірінші кредиттік бюродан, «Қазпошта» бөлімшесінен, сондай-ақ egov.kz порталы арқылы ала аласыз. 

3. Банктер ұсынатын өнімдердің бәрін зерделеп алыңыз

Банктік кредиттер нарығын зерттеңіз, кредит ресімдегіңіз келетін екінші деңгейдегі банктердің сайттарына мониторинг жүргізіңіз. Кредит шарттары туралы, қандай соманы алуға болады, ай сайынғы төлем мөлшері, пайыздық мөлшерлеме, кредитті төлеу қалай жүргізіледі, қандай мерзімде, кредит алу кезінде комиссиялар алына ма, мерзімінен бұрын өтеу кезіндегі айыппұл санкциялары қандай, артық төлем қандай соманы құрайды, ақшаны қолма-қол алуға комиссия бар ма екендігін біліп алыңыз.

Заңнамада банктердің қарыз талаптарына қатысты толық ақпаратты жариялау міндеті көзделгенін атап өтеміз. Мәселен, банк банктік қарыз шартын жасағанға дейін клиентте туындаған мәселелер бойынша консультация және мына ақпараттарды беруге міндетті:

- банктік қарыз шартын беру мерзімі;

- сыйақы мөлшерлемесінің түрін: белгіленген немесе құбылмалы, егер сыйақы мөлшерлемесі құбылмалы болған жағдайда есеп айырысу тәртібін;

- клиент жүгінген күнгі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері (шынайы құны). Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі — бұл қарыз беруші кредит шарты бойынша төлейтін барлық төлемнің жалпы сомасы. Ол қаншалықты төмен болса, кредит соншалықты тиімді болады. 

ЖТСМ мөлшерін тексеру үшін Агенттіктің ресми интернет-ресурсында «Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау» бөлімінде (http://finreg.kz/?docid=3552&switch=russian) кредит калькуляторы орналастырылған. ЖТСМ шекті мәнінің артуы және қарыз бойынша артық төлем анықталған жағдайда, қарыз алушы қарыз шартын заңнама талаптарына сәйкес келмейді, жарамсыз ден тану үшін сотқа жүгінуге құқылы;

- комиссиялардың, тарифтердің және банктік қарыз алуға және оған қызмет көрсетуге (өтеуге) байланысты банктің пайдасына басқа да шығыстардың нақты тізбесі мен мөлшері;

- банктік қызмет көрсету туралы өтініш бойынша шешім қабылдау мерзімі (өтініш беру қажет болған кезде);

- банктік қызмет көрсету талаптары және банктік қызмет көрсету туралы шарт жасау үшін қажетті құжаттардың тізбесі;

- банктік қызмет көрсету туралы шарт бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда клиенттің жауапкершілгі мен ықтимал тәуекелдері туралы ақпарат;

- өтеу әдісі. Банк дифференциалды және аннуитеттік әдістерді міндетті түрде ұсынуға міндетті. Бірінші жағдайда негізгі борыш біркелкі өтеледі, бірақ төлемдер сомасы кеміп отырады, екінші жағдайда төлемдер сомасы бірдей, бірақ негізгі борыш өсе отырып өтеледі. Өтеу әдісін таңдаудың қарыз алушының қалауына ғана негізделмейтінін, себебі сұратылып отырған қарыздың өлшемдеріне және қарыз алушының оны ай сайынғы өтеуінің қаржылық мүмкіндігіне қатысты болатынын атап өту керек.

- клиенттің қалауы бойынша – банктік қызмет көрсету туралы шарттың жобасы және басқасы.

Сонымен қатар, 2020 жылғы 1 сәуірден бастап банк қарызының талаптарымен таныстыру және оларды әртүрлі банк қарыздарының талаптарымен салыстыру мақсатында банктің қарыз алатын, кәсіпкерлік жүзеге асыруға байланысты емес жеке тұлғамен шарт жасағанға дейін жеке тұлға қарыз алушы үшін белгіленген нысан бойынша, қарыздың негізі өлшемдері, сондай-ақ қарыз бойынша міндеттемелерді орындамау салдарын ескерту қамтылған жадынаманы ұсыну міндеті енгізілді.

Болашақта қарызға қызмет көрсету үшін банкоматтар мен терминалдардың қолайлы орналасуына назар аудару керек – ол да маңызды өлшемшарт. Және бастысы – банктік шартқа қол қояр алдында оны мұқият оқып шығыңыз! 

Осы кезде маңызы бар тағы да бір мәселе – пандемия және карантин шарлары күшейтілген кезеңде кредитті аса қажет болмаса алмаңыз. Тіпті қалыпты жағдайда да қарыз алушының барлығы бірдей кредит ұйымы алдындағы қарызын өтей алмайды. Дағдарыс кезінде ахуал шиеленісе түседі. Тіпті, егер осы сәтте тұрақты кіріс болса да, оқиға сіздің пайдаңызға қарай болмауы мүмкін.  

Сонымен, банктен кредит аламын деп шешсеңіз, біріншіден, таңдай білу, екіншіден, ұтымды болу қажет. Әрине кредитсіз өмір сүрген жақсы. Ол үшін Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз, тақырыптық әдебиетті зерделеңіз, өз бюджетіңізді жоспарлауды және өз ақшаңызды дұрыс жұмсауды үйреніңіз.