Размер:
AAA
Цвет: CCC
Изображения Вкл.Выкл.
Обычная версия сайта

Банкті қалай таңдау керек?

Fingramota_Deposity_Kak_vybrat_bank-kz.jpg

Депозит ашқыңыз келе ме, бірақ қандай банкті таңдарыңызды білмейсіз бе? Бұл мәселені шешуде Fingramota.kz көмектеседі.

Егер Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры барлық банктер үшін қоры ең жоғары мөлшерлемені белгілейтін болса, өзіңіздің жинақтаған ақшаңызды апаратын банкті таңдаудың қажеті қаншалықты маңызды? Ең дұрысы - Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өзінің интернет-ресурсында орналастыратын ең жоғары мөлшерлемелер көрсетілген кестені ашып, шешім қабылдауға болатын сияқты. Тіпті кейбір қазақстандықтар салым салу үшін банкті географиялық тұрғыдан жақын орналасуына қарай таңдайды: банк үйіңіздің жанында болса, ыңғайлы, кез келген уақытта бардың да ала салдың.

– «Банктің бөлімшесі үйіме немесе жұмыс орныма жақын» дейтін дәлел банкті таңдау кезінде кең тараған жауап екендігін атап өту керек, – дейді «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ Әдіснама және талдау басқармасының бас сарапшысы Рузалия Гүлмудинова. – Басқа кең тараған дәлелдердің ішінде «мөлшерлемесі жақсы» немесе «кэшбек береді», «жақсы қызмет көрсетеді», «ірі және белгілі банк», тіпті «жұмыс берушім жалақымды осы банкке аударады» деген дәлелдер де бар. Бұл – көбіне таныстардың пікіріне қарай, жалған ыңғайлылық, шектен тыс жарнамалаудан немесе мезі болған жарнамадан құрылған бұрыс жауаптар. Егер банк «тәуекел-кірістілік» негізгі өлшемшарты бойынша әлеуетті салымшы іріктеуінен өткен болса, жоғарыда аталған дәлелдер қосымша болуы мүмкін. Әдетте, адамдар эмоционалды, визуалды бағалауды негізге ала отырып, қаржы институтының, барынша күрделі, кәсіби, бірақ – негізгі және барынша қажетті, маңызды сипаттамаларын өткізіп алады. Сол себепті ұзақ мерзімді депозиттерге орналастырылатын үлкен сомалар туралы айтылатын болса, тәсіл барынша күрделі, өлшемді болуға тиіс.

               kaz.png


Банкті таңдау

   Ең алдымен депозиттердің түрін айқындағанша, – олардың қазір үш түрі белгілі: мерзімсіз, мерзімді және жинақ – енді банкті анықтау керек. Капиталист (немесе рантье – капиталдан түскен пайызға өмір сүретін адам) болу, әрине, жанға жайлы, бірақ білім алмай, табысқа жету мүмкін емес. Өмірде жолы болатындар – аз, көпшілігі қаржылық білімнің негіздерін сауатты түрде пайдалана отырып, еңбек етуге тура келеді. 

Бірінші кезекте қаржы институтының сенімділігін бағалау қажет. Бұл жағдайда танымалдылық, брендтің таралуы және банктің көлемі – сенімділіктің өлшемшарты емес. Нені қараймыз?

Қаржы реттеушісінің лицензиясы 

 Елімізде ешбір банктің Қазақстан Ұлттық Банкінің лицензиясынсыз жеке тұлғалардың депозиттерімен жұмыс істеуге құқығы жоқ. Кез келген банктің атауында «банк» деген сөз болуға міндетті. Лицензияның нөмірі депозиттердің, қарыздардың, төлем карточкаларының жарнамасында міндетті түрде көрсетіледі.

Таңдап алынған банктің лицензиясының бар екендігін өзіңіз де тексере аласыз: ҚР ҰБ өзінің сайтында тиісті лицензиясы бар банктердің тізімін ұдайы жаңартып отырады. 

Кепілдік беру жүйесіне қатысу  

 Қазақстанда жұмыс істейтін және жеке тұлғаларға депозиттік өнімдерді ұсынатын әрбір банк депозиттерге кепілдік беру жүйесіне міндетті түрде қатысуы керек. Бұл осындай банкте жеке тұлғаның әрбір депозитінің сақтандырылғанын білдіреді. Егер банкке бірдеңе болса, онда ҚДКҚ салым сомасын (есептелген сыйақыны ескере отырып) төлеп береді.   

  Елдің заңнамасы теңгедегі жинақ депозиттері үшін 15 миллион теңге шегінде; теңгедегі қалған салымдар үшін 10 миллион теңгеге дейін және егер депозит шетел валютасында болса, онда 5 миллион теңгеге дейін депозиттердің сақталуына кепілдік береді.

   Егер жинақ ақша мемлекет кепілдік берген сомадан көп болса, онда одан асып кеткен бөлігі банк банкроттығының рәсімі барысында қалыптасқан тарату массасынан төленетін болады. Сондықтан, ұзақ рәсімдерді күтпеу үшін өзіңіздің ақшалай қаражатыңызды кепілдік берілген сома шегінде бірнеше банк арасында бөліп ұстаған ақылға қонымды болмақ. 

 Депозиттер таңдау жасалған банкте сақтандырылғанын не сақтандырылмағанын білгісі келетіндер ҚДКҚ сайтына: http://kdif.kz кіруіне болады немесе Қорға 1460 телефоны бойынша қоңырау соға алады. Қоңырау шалу тегін.

Банктің халықаралық рейтингтері

  Ол біраз күрделі болады, бірақ бұл жерде қарапайым бағдар болады: рейтинг индексі алфавиттің басына қарай жақын болса, соғұрлым сенімді болады. Негізінде, біздің қаржы институттарымыз үш халықаралық агенттіктің біреуінде (немесе екеуінде) рейтинг беріледі: Fitch Ratings, Standard & Poor’s және Moody's Investors Service.

   Әріптерді тану қиын емес, себебі әдетте қаржылық рейтингтер латын әліпбиінің 4 әрпін ғана пайдаланады:  A, B, C, D. Тиісінше: А – жоғары рейтинг, қаржылық жағдайдың сенімді деңгейі. В – орташа рейтинг, қаржылық жағдайдың жеткілікті жақсы деңгейі. С – төмен рейтинг, банктің нашар жағдайын және сауықтыруды қажет ететінін көрсетеді. D – дефолттық рейтинг, банктерге банкроттық рәсімі басталарда беріледі.

  Бұл ретте рейтингтердің әрқайсысында шағын топтар бар. Мысалы: ВВВ+, ВВВ, ВВВ-, ВВ+, ВВ, ВВ-, В+, В, В-.  Рейтингте әріптер көп болған сайын, ол соғұрлым жақсы болады. Плюс белгісі бар рейтинг (әріптер саны бойынша), плюс белгісі жоқ рейтингтен жоғары болады.

Рейтинг А-ға жақын болған сайын – неғұрлым жақсы; С-ға жақын – соғұрлым нашар болады.

 Барлық рейтингтер болжаммен берілетінін есте сақтау қажет. Яғни, өз бағаларын тұрақты қайта қарайтын рейтингтік агенттіктер, олардың пікірі бойынша жуық арада рейтинг қай жаққа өзгеруі мүмкін екенін болжайды. Болжамдар мынадай болады: «Оң» - банктің жағдайы жақсарады; «Тұрақты» - банктің жағдайы орнықты; «Теріс» - банктің жағдайы нашарлауда.

Банк және оның рейтингi туралы ақпараттың дереккөздері

  Бірнеше дереккөздер бар: банктердің «Рейтингтер» бөліміндегі өздерінің сайттары. Рейтингтік агенттіктердің сайттары немесе БАҚ-та жарияланатын ақпараты. Сондай-ақ Қазақстан қор биржасының «Өнімдер мен көрсетілетін қызметтер» - «Листинг» - «Компаниялар тізімі» бөліміндегі сайты (www.kase.kz). Бұл ақпаратты биржа тұрақты жаңартып отырады.

  Қазақстан Ұлттық Банкінің www.nationalbank.kz сайтында кез келген қаржы институты туралы толық ақпаратты «Қаржылық қадағалау» - «Екінші деңгейдегі банктер» бөлімінен алуға болады. Сондай-ақ, ол жерден таңдалған банк туралы ақпарат бар бетте – «Қолданылған ықпал ету шаралары және санкциялар» опциясы бар.

Қаржылық көрсеткіштер

  Бұл күрделі білім блогы. Бірақ міндетті түрде мынадай сұрақтарға жауап алу керек: «Банкте капитал жеткілікті ме»; «Банк кіріс ала ма»; «Банкке кредиттерді қайтарады ма». Бұл сұрақтарға, әдетте, жауап банк сайтында орналастырылған аудиттелген есепте болады. Сондай-ақ барлық банктер туралы ақпаратты www.nationalbank.kz сайтынан «Статистика» - «Банк секторы» - «Қаржылық көрсеткіштер» тізбегі бойынша өтіп көруге болады. Сондай-ақ, қаржы реттеушісінің сайтынан банктің пруденциялық нормативтерді орындауы туралы ақпаратты және басқа да көптеген пайдалы мәліметтерді табуға болады.

Мөлшерлеме жоғары –тәуекелдер де ме?

   Ал енді мөлшерлемелер туралы. Шынында да, ҚДКҚ қаржы нарығындағы жағдайға байланысты депозиттер бойынша ұсынылатын ең жоғары мөлшерлемелерді тұрақты белгілейді. Банктер Қордың ұсынымдарын тыңдайды, бірақ клиенттерге өз талаптарын ұсынуға ерікті. Ынталандыру әртүрлі: бірақ ортақ қағида бар – жоғары мөлшерлемелерге банктің жоғары тәуекелдері салынады. «Тәуекел-кірістілік» өлшемшарты маңызды индикаторлардың бірі. Сондықтан ҚДКҚ мөлшерлемелерін нысанаға ала отырып, осы сияқты өнімдер бойынша басқа банктердің не ұсынатынын қарау ешқашан артық болмайды.

Жасырын тетіктер 

  Бұл банктің ахуалын, оның жалпы жай-күйін аңғаруға мүмкіндік беретін жанама белгілер. Мысалы, қызметкерлердің клиенттерге қарым-қатынасы, офистегі немесе бөлімшедегі тазалық пен қолайлылық (мысалы, Қазақстан банктерінің бірінің жабылуын көптеген клиенттер ресми хабарланған күннен әлдеқайда ерте байқаған: қызметкерлердің селқос, көңілсіз қалыпта жүруі, кезектің көбеюі, интерьердің ескіруі, қызмет көрсетудің төмен деңгейі, бұрын бұл банкте мұндай жайттар болмаған).

  Банкоматтардың болуына, олардың желісінің жақын орналасуына, интернет-банкингтің ыңғайлы болуына, стандартты операциялардың өту жылдамдығына, колл-орталықтың болуына назар аудару маңызды. Сондай-ақ аялдамалардағы «ерекше талаптағы» депозит немесе 30 минутта берілетін кредит ұсынылатын адамды мезі қылатын жарнамадан сақ болыңыз.

   Осылайша, банкті таңдаған кезде екі нәрсені қоса салмақтаған жөн – кандидат банктердің бөлімшелеріне барып ахуалды «орнында» көзбе-көз талдау және зерделеу. Тіпті бір жеңіл-желпі операцияны жүргізіп көруге болады –  мысалы, коммуналдық қызметтерге төлем жасау және келушілермен бір-екі ауыз тілдесіп көру. Сонда Сіз банктің қызметін де сараптап, жай-күйін де жан-жақты бағалай аласыз, енді өз қаражатыңызды сеніп тапсыруға, онда депозит ашуға бола ма, жоқ па екендігін нақты шеше аласыз.