Размер:
AAA
Цвет: CCC
Изображения Вкл.Выкл.
Обычная версия сайта

Базалық мөлшерлеме – ол неге әсер етеді?

28 қазанда сағат 15.00-де Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімді жария етеді. Оның төмендеуі немесе көтерілуі туралы аталған күннен ерте білуге болмайды.

Қазақстанның көпшілік тұрғынын мынадай сұрақ толғандырады – базалық мөлшерлеменің мәнінің өзгеруі оларға қалайша әсер етеді? 

 Базалық мөлшерлеме дегеніміз не?

 Базалық мөлшерлеме Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының негізгі құралы болып табылады. Бүгінгі күні оның деңгейі 9,25%-ды құрайды.

Мөлшерлеме қаржы нарығындағы теңгемен қаражаттың құнын басқару үшін пайдаланылады. Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлеменің деңгейін кезең-кезеңімен қайта қарай отырып, базалық мөлшерлеменің деңгейі туралы шешімді икемді өзгеріс тетігіне сәйкес қабылдайды. Бұл ақша және валюта нарығындағы өзгеріп жатқан өзгерістерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Қазақстан Ұлттық Банкі алдын ала айқындалған кестеге сәйкес жылына 8 рет базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдайды. Қажет болған жағдайда шешімдер кестеден тыс та қабылдана алады.

Базалық мөлшерлеменің өзгеруі инфляцияға белгілі бір уақыт аралығымен әсер етеді, ал қысқа мерзімді кезеңде оның әсері шектеулі.

Web 1920 – 1.png

 Ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің деңгейі базалық мөлшерлеменің деңгейінен қалай ерекшеленеді?

 2017 жылғы 1 сәуірден бастап ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеге теңестірілген. Тиісінше, базалық мөлшерлеменің өзгеруі ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесін автоматты және ілеспе түрде өзгертуге әкеледі.

 Базалық мөлшерлеменің көтерілуі экономикаға және теңгенің айырбастау бағамына қалай әсер етеді?

 Теориялық тұрғыдан алғанда базалық мөлшерлеменің көтерілуі банктердің теңгемен депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуіне ықпал етеді. Бұл, өз кезегінде, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақша жұмсағанша, адамдардың қаражатты жинақтап, оны депозитке салуға ұмтылысын ынталандырады. Тиісінше, тұтынушылық сұраныс төмендеуі және баға баяу өсуі мүмкін.

Бұдан басқа, теңгемен активтер (мысалы, депозиттер) тиімдірек болғандықтан, валюталық активтерге, шетел валютасына сұраныс төмендейді, ал бұл теңгенің айырбастау бағамына қысымның азайып, инфляцияға бағам өзгерісінің ауысу әсері де төмендейтінін білдіреді.

Бұл ретте, әрине, базалық мөлшерлеме айырбастау бағамының жалғыз факторы болып табылмайды. Теңге серпініне ішкі және сыртқы факторлар бір мезгілде әсер етеді, олар туралы біз бірнеше рет айттық. Сонымен бірге, айырбастау бағамының өзгеруі базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдаған кезде түпкілікті мақсат болып табылмайды. Ақша-кредит саясаты инфляция бойынша нысаналы бағдарларға қол жеткізу үшін құрылған.

Осылайша, базалық мөлшерлеменің көтерілуі қаржы нарығындағы жағдайдың тұрақтануына, девальвациялық және инфляциялық күтулердің төмендеуіне ықпал етеді. Инфляциялық процестердің баяулауына қарай базалық мөлшерлеменің мәні әдетте төмендейді.

 Базалық мөлшерлеменің деңгейі туралы шешімдер қалай қабылданады?

 Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі бойынша шешімдер инфляцияны және экономикалық өсу қарқындарын қоса алғанда макроэкономикалық ауыспалыларды талдау мен болжамдарға, сыртқы экономикалық өлшемдерді талдауға, сондай-ақ ақша және валюта нарықтарындағы жағдайға негізделеді. Аталған факторларды ескере отырып, Ұлттық Банк базалық мөлшерлеменің орта мерзімді кезеңде инфляцияның нысаналы бағдарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін деңгейін айқындайды.