Размер:
AAA
Цвет: CCC
Изображения Вкл.Выкл.
Обычная версия сайта

 facebook-logo-png-impending-10.png Instagram_icon.png

App-store.pnggoogle-play-badge_ru.png

Қазақстанның банк секторы активтерінің сапасын бағалаудың аяқталуы туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша 2019 жылғы 30 қаңтарда  берген тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2019 жылғы 8 айда ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған, қатысушы банктердің және тұтастай алғанда бүкіл қаржы индустриясының жай-күйі туралы қолжетімді ақпараттың сапасын және маңызын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берген банк секторы активтерінің сапасын бағалауды ұйымдастырып, өткізді.

Банктер активтерінің жалпы көлемінің 87%-ы және несие портфелінің  90%-ы тиесілі ірі 14 банктің активтерінің сапасы бағаланды. Бағалаудың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін ҚРҰБ АСБ-ны халықаралық консультантпен және тәуелсіз аудиторлық компаниялармен бірлесіп өткізді. Қазақстанның банк секторының жай-күйі Еуропа Орталық Банкінің (бұдан әрі – ЕОБ) әдіснамасына сәйкес зерделенді, ол бірыңғай халықаралық сапа стандарттарының сақталуына кепілдік береді және бағдарламаның нәтижелеріне халықаралық қоғамдастық тарапынан сенімді қамтамасыз етеді.

АСБ қорытындысы бойынша есеп дайындалды, ол қолданылған тәсілдің жалпы сипатын, активтер сапасын жүйелік деңгейде бағалау нәтижелерін және алдағы іс-қимылдардың тізбесін қамтиды.

Активтер сапасын 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша шоғырландырылған деңгейде бағалау нәтижелеріне сәйкес (барлық қатысушы банктер нәтижелерінің агрегациясы) капитал тапшылығы байқалмайды; k1 және k2 нормативтері АСБ бағдарламасының нәтижелері ескеріле отырып жүйелік деңгейде артығымен  орындалуда.

Қазіргі кезде активтер сапасын бағалаудың бірінші кезеңі аяқталды. 2019 жылғы қызмет нәтижелерін, қаржылық және реттеушілік есептілікті қалыптастыру ескеріле отырып, банктер реттеуші берген ұсынымдарды негізге ала отырып, жан-жақты шаралар жоспарларын әзірлейді. Банктердің әрқайсысы бойынша жоспарлар Реттеушінің мақұлдауына жіберіледі. Көрсетілген процесс 2020 жылғы 15 ақпанға дейін аяқталады. Келісілгеннен кейін шаралардың орындалуын реттеуші қатаң қадағалап отырады.

АСБ-ның екінші кезеңінде банктермен жүргізілген жұмыстың қорытынды нәтижелерін Ұлттық Банк 2020 жылғы 28 ақпанда Бағдарламаға қатысушы банктер бойынша береді.

АСБ қорытындысы бойынша тәуекелге бағдарланған қадағалауды жетілдіруге және банктердегі бизнес процестерді жақсартуға бағытталған жүйелік шаралар жайында  бастама көтеріледі.

Қазақстан Республикасы екінші деңгейдегі банктері активтерінің сапасын жүйелік деңгейде бағалау нәтижелері бойынша есеп Ұлттық Банктің сайтында 2019 жылғы 30 желтоқсанда (бүгін) сағат 17:00-де орналастырылатын болады.