Размер:
AAA
Цвет: CCC
Изображения Вкл.Выкл.
Обычная версия сайта

 facebook-logo-png-impending-10.png Instagram_icon.png

App-store.pnggoogle-play-badge_ru.png

«2020 жылғы 24 ақпаннан бастап банктер ХӘОТ санатының қарыз алушыларына қосымша қолдау шараларын көрсету жұмысын бастайды» - Н. Әбдірахманов

Өткен аптада ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Н. Әбдірахманов Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) шеңберінде ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетудің қосымша шараларын іске асыру мәселелері бойынша қоғамдық бірлестіктердің басшыларымен және екінші деңгейдегі банктермен кездесулер өткізді.

Бірінші кездесу – қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесу барысында
Н. Әбдірахманов Бағдарлама шеңберінде ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетудің қосымша шараларын іске асыруға дайындық бойынша жүргізілген жұмыс жайында хабарлады.

Н. Әбдірахманов Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2019 жылғы 23 желтоқсанда Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар бекітілгенін еске түсірді, ол түзетулер банктерге қарыздарды қайта құрылымдау/қайта қаржыландыру рәсімдері шеңберінде қаржылық және әлеуметтік жағдайға жан-жақты талдау жасалғаннан кейін бұған дейін қарыздары Бағдарлама шеңберінде «халықтың әлеуметтік осал топтары» (ХӘОТ) санаты бойынша қайта қаржыландырылған қарыз алушылардың борыш жүктемесін жеңілдетудің қосымша тетіктерін қолдану құқығын береді. «Банктің балансындағы баспананы меншікке қайтару үшін қаржы институттарына қарыз алушыны қаржыландыру не оған баспананы кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы беріледі», - деп қорытындылады реттеушінің өкілі.

«Оставим народу жилье» ҚБ басшысы Бақыт Сүлейменова ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсету бойынша қабылданған шаралар үшін реттеушіге алғысын білдірді және ипотекалық қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтау қажеттілігіне назар аударды. «Ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету мәселелерін қарастыру кезінде жалғыз баспана негізгі фактор болуға тиіс, банктер осы бағытта жан-жақты шаралар қабылдауға тиіс», – деді Б. Сүлейменова.

«КӘУСӘР-БҰЛАҚ» әлеуметтік көмек орталығы» ҚБ басшысы Ұлданай Қамбарова таратылатын банктердегі ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру және баспананы баланстан бұрынғы меншік иелеріне қайтару қажеттілігін атап өтті.

«FLORA-GR» ҚҚ басшысы Ольга Антропова банктер, бірінші кезекте, азаматтардың неғұрлым осал топтарын – 1 және 2 топ мүгедектерін, мүгедек балаларды тәрбиелеуші отбасыларын, көп балалы аналарды қолдауға бағытталуға тиіс деп қоса айтты.

«Арнамыс-5» ҚБ төрағасы Қанағат Тәкеева қарыз алушылардың жұмысқа орналасу проблемасын атап өтті, салдарынан мұндай қарыз алушылар шарттар бойынша міндеттемелерін орындай алмайтынын, сондай-ақ олардың Қазақстанның аумағынан тысқары шығу мүмкіндігінен айырылғанын атап өтті. Одан басқа, ол кездесуге қатысушылардың назарын ипотекалық қарыз алушыларды жалғыз баспанасынан шығару саясатын жекелеген банктердің әлі де жалғастырып жатқанына аударды. Сондай-ақ
Қ. Тәкеева Бағдарламаға енгізуге арналған бірқатар ұсыныстарды айтты.

Н. Әбдірахманов өз кезегінде көтерілген барлық мәселелердің жұмыс барысында қаралатынын атап өтті.

Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қосымша қолдау көрсету шараларын жүзеге асыруға келетін болсақ, Н. Әбдірахмановтың айтуынша, бұл мәселені қаржы реттеушісі ерекше бақылауға алған. «Біз олардың орындалуына, әсіресе Қазақстанның аймақтарына мониторинг жүргізіп, қадағалайтын боламыз. Бағдарламаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында әрбір өңірде Бағдарлама шеңберінде қарыздарды қайта қаржыландырудан банктердің бас тартуына қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді, оның құрамына Агенттіктің өңірлік өкілдері, әкімдіктер, мүдделі мемлекеттік органдар және қоғамдық бірлестіктер енгізілген. Ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мәселелерін қарауды Комиссия барлық қарыз алушылар үшін бірыңғай өлшемшарттар бойынша, қандай да болсын ерекше немесе айрықша жағдайларсыз жүзеге асырады. Бұл ретте комиссиялардың шешімдерінің ұсынымдық сипаты ғана болады. Сонымен қатар, қарыз алушылар аталған мәселе бойынша кеңес алу үшін Агенттіктің жанындағы Қазақстанның барлық өңірлерінде ашылған қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жүгіне алады», – деп атап өтті Н. Әбдірахманов.

Банктермен келесі кездесуі барысында Н. Әбдірахманов Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстанда 2015 жылдан бастап іске асырылатын Бағдарламаның маңызды аспектісі - жалғыз баспананы сақтап қалу екендігін атап өтті. «Бұл Бағдарламаның мақсаттары ипотекалық қарыз алушылар үшін борыш жүктемесін азайту және валюталық тәуекелді болдырмау болып табылады», – деді ол.

Н. Әбдірахманов банктерге барынша қысқа мерзімде 2019 жылғы 23 желтоқсанда бекітілген Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар шеңберінде ҚР Президентінің тапсырмасын орындау бойынша толық шаралар қабылдауды тапсырды. Кездесудің қорытындысы бойынша банктер ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қолдау шараларын іске асыруды дайындау бойынша жұмыстың аяқталып жатқандығы және ағымдағы жылғы 24 ақпаннан бастап қарыз алушылардан өтінімдерді қабылдауға кірісетіндерін айтты. Сондай-ақ, Бағдарлама аясында банктер қазіргі уақытта және қарыз алушылардың өтініштерін қарау кезеңіне кепіл затын іске асыру және қарыз алушылар мен олардың отбасыларын тұрғын үйінен шығару арқылы Бағдарламаның талаптарына әлеуетті сәйкес келетін ипотекалық қарыздарды өндіріп алу бойынша сот рәсімдері тоқтатылғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, Н.Әбдірахманов Бағдарлама аясында қарыздарды қайта қаржыландыру кезінде үшінші тұлғаларды, оның ішінде қарыз алушылардың балаларын кепілгер ретінде тартпауға, сондай-ақ Бағдарламаға кірмеген, жалғыз баспанасы бар және қарыздарға қызмет көрсетуде қиындықтарға тап болған ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсететін меншікті бағдарламалар әзірлеуге шақырды.

Банктердің есептері бойынша, 44,6 млрд теңге сомасында берешегі бар ипотекалық қарыздарға қызмет көрсетумен объективті қиындықтарға тап болған 7 мыңнан астам ХӘОТ қарыз алушылары қосымша қолдаумен қамтылатын болады.

Ипотекалық қарыз алушыларды қолдау бойынша қосымша шараларға қатысушылардың тізіміне 19 қаржы институты, оның ішінде 16 банк кіретінін («ForteBank» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Kaspi Bank» АҚ, «Jysan Bank» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ және т.б.), «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Астана ипотека» АҚ және «Ипотека АФ» АҚ атап өтеміз. Қазіргі уақытта Бағдарламаға қатысушылардың «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-пен жасалатын салым шарттарына қол қою рәсімі жүріп жатыр.

Агенттіктің сайтында қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасау үшін банк қызметкерлерінің байланыс деректері және ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мәселесін банктердің қарауы үшін қажетті құжаттар тізбесі орналастырылған. Сондай-ақ www.finreg.kz және www.fingramota.kz сайттарында «кері байланыс» функциясы және Бағдарламаны іске асыру шарттары бойынша сұрақ қою мүмкіндігі бар Бағдарлама бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар орналастырылған.