Размер:
AAA
Цвет: CCC
Изображения Вкл.Выкл.
Обычная версия сайта

 facebook-logo-png-impending-10.png Instagram_icon.png

App-store.pnggoogle-play-badge_ru.png

Ломбардтардың қызметіне қатысты

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігі Сіздерге Қазақстанда 2 100-ден астам ломбардтардың жұмыс істейтінін хабарлайды.

2019 жылғы 3 шілдегі Заңға сәйкес жеке тұлғаларға микрокредиттер беру бойынша ломбардтардың қызметі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметке жатады.

«Микроқаржылық қызмет туралы» ҚР Заңының 3-бабына сәйкес ломбардтар мынадай операцияларды жүзеге асыра алады:

1. жеке пайдалануға арналған жылжымалы мүлікті кепілге қоя отырып бір жылға дейінгі мерзімге 8 000 АЕК аспайтын мөлшерде жеке тұлғаларға микрокредиттер беруге;

2.  Қазақстан Республикасының резиденттері мен бейрезиденттерінен қарыздар тарту (кәсіпкерлік қызмет ретінде азаматтардан қарыз түрінде ақша тартуды қоспағанда);

3.  меншікті активтерді бағалы қағаздарға және өзге де қаржы құралдарына инвестициялау;

4.  микрокредиттер беру жөніндегі қызметке байланысты мәселелер бойынша консультациялық қызметтер көрсету;

5.  меншікті мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру;

6.  лизингтік қызметті жүзеге асыру;

7.  микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша ақпарат тасымалдауыштардың кез келген түрлерінде арнайы әдебиетті іске асыру;

8.  төлем агенті мен төлем субагентінің функцияларын жүзеге асыру;

9.  Қазақстан Республикасының резиденттері - сақтандыру ұйымдарының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру агенті ретінде сақтандыру шарттарын жасасуға;

10. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық ақша жүйесі агентінің функцияларын жүзеге асыру;

11. факторингтік операциялар: төлем жасамау тәуекелін қабылдай отырып, тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алушыдан төлемді талап ету құқығын сатып алу;

12. форфейтингтік операциялар (форфеттеу): тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алушының борыштық міндеттемесін сатушыға айналымсыз вексель сатып алу жолымен төлеу;

13. ақшалай нысанда орындауды көздейтін кепілдіктер, кепілгерліктер және өзге де міндеттемелер беру.

14. құрамында бағалы металдар мен асыл тастар бар зергерлік бұйымдарды есепке алу, сақтау және сату.

Ломбардтарға Микроқаржылық қызмет туралы заңда көзделмеген өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.

01.07.2020ж. кейін өз қызметін жүзеге асыру үшін  ломбардтарға Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде есептік тіркеуден өту қажет. Одан кейін Агенттік аталған ұйымдарды реттеуді жүзеге асыратын болады.

Есептік тіркеуден өткен сәттен бастап ломбардтар Микроқаржылық қызмет туралы заңның 7-бабының 2-тармағының талаптарын сақтауға, оның ішінде:

1.  Ломбардтардың жарғылық және меншік капиталының ең аз мөлшеріне қойылатын талаптарды сақтауға;

2.  микрокредиттер беруді оның жоғары тұрған органы бекіткен микрокредиттер беру қағидалары болған кезде ғана беру; 

3.  микрокредит беру туралы шартты уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіпке сәйкес жасау;

4.  қарыз алушы және оның микрокредиті туралы ақпаратты мемлекеттік кредиттік бюроға ұсыну;

5.  микрокредиттерді жылдық сыйақы мөлшерлемесінің мөлшеріне және сыйақының шекті мәніне белгіленген шектеулерді ескерумен ұсынуға; 

6.  ҚР Ұлттық Банкіне қаржылық және заңнамамен белгіленген өзге де есептілік ұсынуға  міндетті болады.  

Қазіргі уақытта жеке тұлғаларға барынша қысқа уақыт аралығында жоғары кіріс алу үшін салымдар енгізуді ұсынатын, сондай-ақ азаматтардың мүлкін асыра бағамен бөліп сатып алуды ұсынатын бірқатар ломбардтар анықталды.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының аумағында халықтан ақша тартумен тек екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ Ұлттық пошта операторы уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензияның негізінде айналыса алатынын атап өту қажет.

Осылайша, жеке тұлғалардан  ақша тартуға уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы жоқ, алайда халыққа бос ақшасын осы ұйымға орналастыруды ұсынатын  ұйымдардың қызметіне қаржы пирамидасының белгілері тән және бұл ҚР құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзу болып табылады.

Бұл ретте, бөтеннің мүлкін алдап-арбау және халықтың сенімін өз мүддесіне пайдалану арқылы ие болу алаяқтық іс-әрекеттерге жатады.

Агенттік ломбардтардың қызметін олар есептік тіркеуден өткеннен соң және микроқаржылық ұйымдардың тізіліміне қосылғаннан кейін реттейтіндігін ескере отырып, есептік тіркеуден өтпеген ломбардтардың қызметтерін пайдаланбауды ұсынамыз.

Агенттіктің ломбардтарды реттеу бойынша құзыретіне мыналар кіреді:

1.  микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды есептік тіркеуден өткізу және олардың тізілімін жүргізу;

2.  пруденциялық нормативтерді және сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді, сондай-ақ  оларды есептеу әдістемесін бекіту;

3.  микрокредит алу үшін қажетті құжаттардың тізбесін, сондай-ақ кредиттік досьені енгізу тәртібін бекіту;

4.  Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша ломбардта заттарды сақтау, ломбардтардың үй-жайларының қауіпсіздігін және техникалық нығайтылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды, ломбардтарда заңсыз алынған заттардың айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды белгілеу мәселелерін қоса алғанда, ломбардтардың қызметін ұйымдастыру тәртібін бекіту;

5.  берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді сыныптауды жүзеге асыру және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру қағидаларын әзірлеу және салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша бекіту;

6.  ломбардтардың қызметіне тексеруді жүзеге асыру;

7.  микроқаржы ұйымдарының Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

8.  2020 жылғы 1 шілдеден кейін уәкілетті органда мемлекеттік қайта тіркеуден өтпеген ломбардтарды  мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру не тарату туралы сотқа шағым-талап беру;

Есептік тіркеуден өткен ломбардтардың тізімімен Агенттіктің ресми сайтынан www.finreg.kz «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» - «Рұқсаттар» - «Микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеу» бөлімінен танысуға болады.

Осындай компаниялармен шарттық қарым-қатынас жасай отырып, әрбір азамат барлық мүмкін болатын тәуекелдерді өз бетінше бағалауы және өз іс-әрекеттері үшін жауапты болуы тиіс екеніне Сіздердің назарыңызды аударамыз. Егер Сізге қатысты алаяқтық әрекеттер жасалған жағдайда, Сізге дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.