Размер:
AAA
Цвет: CCC
Изображения Вкл.Выкл.
Обычная версия сайта

 facebook-logo-png-impending-10.png Instagram_icon.png

App-store.pnggoogle-play-badge_ru.png

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарын, ломбардтарды және онлайн-кредиторларды тексеруді бастайды

Микроқаржы ұйымдарының, ломбардтардың және онлайн-кредиторлардың заңнама талаптарына сәйкес келуі, қаржы пирамидасының белгілерін және заңсыз банк қызметін анықтау тұрғысынан ломбардтарды тексеруді қаржы реттеушісі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 26 ақпанда берілген тапсырмаларын, сондай-ақ халыққа тұтынушылық кредиттер беретін банктік емес ұйымдардың қызметіне ауқымды тексеру жүргізу туралы 2020 жылғы 23 наурыздағы тапсырмасын  іске асыру үшін жүргізеді.

Тексерулер а.ж. наурыз – маусым аралығында микроқаржы ұйымдарының барынша көп саны шоғырланған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында өтеді. Наурызда ұйымдастырушылық мәселелер шешіліп, Агенттіктің, ҚР Ішкі істер министрлігінің, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлерінің қатысуымен 39 тексеруші топ қалыптастырылды.

Тексерумен 1100 ломбард қамтылады (бұл республика бойынша жалпы санынан 50%-дан астам), оның ішінде сәуірде – 424, мамырда – 323, маусымда – 353. Сонымен бірге шамамен 50 онлайн-кредиттеу субъектісі және 200-ге жуық микроқаржы ұйымдарының субъектісі тексерілетін болады.

Бірінші кезекте тексеруші топтар Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру туралы тапсырмасын орындау тұрғысынан тексеру жүргізеді.

Тексеруге кірісті жылыстату және терроризмді қаржыландыруға, қаржы пирамидасын ұйымдастыруға қарсы іс-қимыл, борыш жүктемесінің коэффициентіне, сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің мөлшеріне және микроқарыздар бойынша шекті сыйақының мәніне, сыйақыны, айыппұлдар мен өсімпұлдарды дұрыс есептеуге,  микрокредит бойынша берешекті өтеу кезектілігінің тәртібіне қойылатын талаптар бөлігінде заңнаманы сақтау туралы деректер де тексеріледі.

Заңнама талаптарының сақталмауы, қаржы пирамидасының және заңсыз банк қызметінің белгілері анықталған жағдайда ұйымдарға қызметін тоқтатуды қоса алғанда, заңсыз қызметі үшін жауапкершілікке тарту шаралары қолданылады.

            Агенттік ломбардтардың қызметіне мынадай бірқатар талаптарды қатаңдатты: ең төменгі жарғылық және меншікті капиталдарға талаптар көтерілді, есептік тіркеу үшін құжаттар тізбесі және ломбардтардың басшы қызметкерлері мен құрылтайшыларына біліктілік талаптары кеңейтілді, ломбардтардың үй-жайларына талаптар күшейтілді. Ломбардтарды есептік тіркеуді жеделдету бойынша мынадай қосымша шаралар қабылданды: республикалық дәрежедегі қалаларда және облыс орталықтарында – 2020 жылы 1 мамырға дейін, басқа елді мекендерде  – 2020 жылғы 1 маусымға дейін.

Ломбардтардың, микроқаржы ұйымдарының және халыққа тұтынушылық кредиттер беретін онлайн-кредиторлардың қызметіне жүргізілген тексерулер мен анықталған бұзушылықтар туралы ақпарат ай сайынғы негізде www.finreg.kz және www.fingramota.kz сайттарында, сондай-ақ Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығының, Қазақстанның Ұлттық ломбардтар лигасының, «ФинТех» Қазақстан қауымдастығының, Ұлттық тұтынушылар лигасының ақпараттық арналары арқылы жұртшылықты тарта отырып бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.

 

Жедел желі телефондары: +7 (727) 2788 144 және +7 (727) 2788 122

(жұмыс уақыты: дүйсенбі-жұма сағат 09.00 – 17.00 аралығы,

сенбі – 09.00 – 15.00 аралығы, жексенбі – демалыс)

 

Қаржы нарығы субъектілерінің іс-әрекеттеріне сұрақтар мен шағымдарды www.finreg.kz сайтының кері байланысы арқылы, Fingramota@finreg.kz, TAL@finreg.kz электрондық поштасы бойынша жіберуге болады.