Размер:
AAA
Цвет: CCC
Изображения Вкл.Выкл.
Обычная версия сайта

Мүлікті сақтандыру

Баспанаңды қалай қорғауға болады

Бірнеше күнге іссапарға бара жатқан Айжан бейқам адам емес еді, мысығын әпкесіне апарып тастады, гүлдерін қасындағы көршісіне берді, су мен газ крандарын жауып тастады, электр желілерін ажыратты және сапалы күзет жүйесін орнатты. Жиі жолға шығатын адамның көңілі алаңдамас үшін, бұдан басқа не керек деп ойларсыз.

Егер дәлізде...тәпішкеңіз «жүзіп» жүрсе

«Сақтануды» маңызды деп тапқан Айжан мүлкін де сақтандырып қойған болатын. Кезекті іссапардан келген ол, есігінен кірер-кірместен бірдеңенің болғанын сезді – сыз тартқан иіс мұрын жарып барады. Бас аман болғанмен, біраз әбігерге түсірер жай орын алыпты – жоғарғы қабаттағы көршілерінен су ағып, жап-жаңа жиһазы суға кетіп, жөндеу жұмыстары зая болыпты. Жоғарыдан аққан су дәлізге дейін жетіп, тәпішкесі мен жазғы аяқ киімі де «жүзіп» жүр.

Мысығының көршінің үйінде «қонақтап» қалуына тура келді: ең алдымен Айжан көршілерін, ПЖК мен сақтандыру компаниясының өкілдерін шақырды. Көршілерімен айтысып жатуға уақыт жоқ. Себебі оларға шағымды сақтандыру компаниясы сот тәртібімен өздері ресімдейді.

Пәтер иесі үшін ең маңыздысы мүлікті сақтандыру туралы шартта «жарамсыз су құбырының, кәріз, жылыту жүйесінің зиян келтіруі туралы, басқа үй-жайдан судың кіруі (Айжанның жағдайы), сондай-ақ автоматты түрде өрт сөндіру қондырғыларының жалған іске қосылуы» деген сақтандыру жағдайының көзделуі болды.

Мынаны есте сақтаған жөн: сақтандырушы шартта/полисте жазылған және көрсетілген жағдайларда ғана орын алған тәуекелдер мен сақтандыру жағдайлары бойынша ғана өтемақы төлейді.

Сақтандыру хрестоматиясы

Айжанның сақтандыру компаниясына жазған өтінішін күнтізбелік 15 күннен аспайтын мерзімде қарады. Ол ҚР заңнамасында көзделген. Осы кезең ішінде сақтандыру компаниясы алдағы іс-қимылдар туралы шешім қабылдады және кейіннен толық көлемде төленген өтемақы мөлшерін айқындады.

Сақтандырушылар мұның іс жүзінде әдеттегі жағдай екенін айтты – солай болу да керек. Қандай да бір мүлікке қатысты ТЖ орын алған кезде көптеген адамдар, әдетте, өз қайғысы өзімен болады. Себебі олар қандай да бір сақтандыру шаттарын жасамайды. Олар өздеріне дауласу, сотқа шағымдану және ұзақ уақыт күту сияқты неғұрлым қиын жолды таңдайды.

Адамдардың көпшілігі нені неден сақтандыруды біле бермейді. Енді соған нақтырақ тоқтала кетсек.

 

Түрлі жағдай болады

Біздің кейіпкеріміз басынан кешкен жағдайға ұқсас жағдай болмас үшін мүлікті сақтандыру қажет. Бұл – жылжымайтын мүлік пен мүлікті түрлі жағдайға қарай шығыннан қорғаудың ең жақсы тәсілі. Әрине, барлық зат қалпына келмеуі мүмкін, тек қаржылық шығынның өтемақысы ғана қалпына келтіріледі.

Төбеден «ағатын су» туралы біз айтып өттік. Одан да күрделі төтенше оқиғалар бар: өрт және тұрмыстық газдың жарылуы, табиғи апаттар: мысалы, жер сілкінісі, дауыл мен боран, құйынды (боранды) жел, су тасқыны және сел. Сондай-ақ лай көшкіні мен түрлі қар көшкіні, құйын, тасқын және жерасты суларының тасуы, бұршақ, мұздан зардап шегу және жол үстіне мұздың қатуы. Сақтандыру жағдайларына мыналар да жатады: үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері, оның ішінде бұза отырып ұрлау, тонау, шабуыл, пилотпен ұшатын аппараттардың және олардың қалдықтарының құлауы.

Мынаны есте сақтаған жөн: Қазақстан Республикасының заңнамасында жазылған сақтандыру жағдайлары және сақтандыру ұйымы төлеуге тиіс сақтандыру сыйлықақыларының мөлшері.

 

Нені сақтандыруға болады?

Салынып жатқан объектілер мен жер учаскелерінен басқа кез келген мүлік сақтандырылады. Оның үстіне үйдің/пәтердің ішкі, сол сияқты сыртқы әрлеуін де сақтандыруға болады. Егер сіз өте жауапты адам болсаңыз, онда келтірілген зиян үшін, мысалы көршілер алдында азаматтық-құқықтық жауапкершілігіңізді сақтандыруыңызға болады. Яғни, сізді емес, сіз астыңғы қабаттағы көршілеріңізді суға кетірсеңіз, онда көршілерге келтірілген шығынды сақтандырушы өтейді!

Шаблонды ұсыныс. Мұқият оқимыз!

Әрине, сақтандырушы қаншалықты көп жағдайды сақтандыруға ұсыныс жасаса, сақтандыру құны соншалықты жоғары болады. Алайда мысалы, егер сіз тегіс жерде тұрсаңыз, сізге жанартаудың атқылауынан сақтандыруды ұсынады немесе егер сіз қырда тұрсаңыз, ал сақтандыруда су тасқынынан сақтандыру ұсынылса, онда бұл сізге қажетті сақтандыру жағдайы емес шығар. Алайда мүлікті сақтандыру шартына (кез келген шартқа) қол қоймас бұрын шарттың бүкіл талаптарын мұқият зерттеу қажет. Егер түсініксіз жерлері, оның ішінде құжаттар түсініксіз болса, сақтандыру агентінен түсіндіріп беруді сұраңыз. Толық түсінбейінше шартқа қол қоймаңыз!

Осыған орай, сақтандыру ұйымдары заңнама талаптарын бұзғаны үшін оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген негіздер бойынша айыппұл санкциялары қолданылады. Егер сіздің ойыңызша, сақтандыру шарты/сақтандыру полисі заңнама талаптарына сәйкес келмесе немесе сақтандыру қызметтерін көрсету мәселелері бойынша қосымша консультация талап етілсе, Қазақстан Ұлттық Банкіне, оның аумақтық филиалдарына және сақтандыру омбудсманына жүгінуге болады.

Сақтандырушылар өз қызметтерін Қазақстан Ұлттық Банкі берген лицензиясы болған кезде ғана жүзеге асыруға құқылы екенін есте сақтау маңызды. Сақтандыру ұйымдарының тізімін ҚРҰБ www.nationalbank.kz сайтында қарауға болады.

 

Шартта не қамтылуға тиіс?

Сақтандыру туралы шарт – бұл сақтандырушы туралы да, сол сияқты сақтанушы туралы да ақпарат, сондай-ақ мәміленің бүкіл егжей-тегжейі тегіс қамтылған құжат. Клиенттің тегі мен компанияның атынан басқа құжатқа заңнамаға сәйкес тараптардың деректемелері: мекенжайлары, телефон нөмірлері, БСН және ЖСН, сондай-ақ басқа да мәліметтер енгізіледі.

Сақтандыру шартының қандай талаптарына баса назар аудару қажет? Бұл:

- Сақтандыру жағдайларының, яғни олар туындаған кезде сақтандыру төлемі төленетін жағдайлардың тізбесі. Сақтандырушы шартта/полисте жазылған және аталған жағдайларда ғана орын алған тәуекелдер мен сақтандыру жағдайлары бойынша ғана өтемақы төлейді.

- Сақтандыру жағдайларынан алып тасталатындардың тізбесі. Сақтандыру жағдайларынан алып тасталатындарға сақтандырушы олар орын алған кезде сақтандыру төлемін төлемеу құқығын өзіне қалдыратын оқиғалар жатады.

- Франшизаның бар болуы және мөлшері, яғни зиян мөлшерінің белгілі бір шарттары болған кезде өтелмейтін франшиза. Франшиза сақтандыру сомасына пайызбен не абсолюттік мөлшерде белгіленеді.

- Сақтанушының сақтандыру жағдайы басталған кезде іс-қимыл ету тәртібі. Сақтандырушының сақтандыру жағдайының басталғаны жөнінде хабарлау мерзімі мен тәртібі аса маңызды. Егер хабарлау мерзімі немесе тәртібі бұзылса, белгілі немесе объективті себептермен хабарламау жағдайларын қоспағанда, сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуға негіз болуы мүмкін.

- Сақтандыру төлемін жүзеге асыру туралы мәселені қарау үшін қажетті құжаттар тізбесі. Әдеттегідей, бұл сақтандыру жағдайының басталу мән-жайын және себептерін растайтын құжаттар. Кез келген шарттың талаптарын МҰҚИЯТ оқып шығу және оның барлық талаптарымен келіспейінше қол қоймау қажет.

Инфографика каз.jpg

 

Сақтандыру жағдайы. Іс-қимыл алгоритмі

·        Бірінші, не істеу керек жазбаша түрде өтініш бере отырып, шартта белгіленген мерзімде сақтандыру компаниясын дереу хабардар ету.

·        Содан соң сақтандыру шартында жазылған барлық іс-қимылдарды орындау.

·        Барлық растайтын құжаттар мен материалдарды беру. Бұл сақтандыру жағдайын даулауға жол бермейді.

·        Сақтандыру төлемін алу. Оны барлық қажетті құжаттар берілген және шарттың барлық талаптары сақталған кезде алуға болады.

 

Не және қанша өтеледі?

Қазіргі кезде Қазақстанда мүлікті сақтандыруға лицензиясы бар 19 сақтандыру компаниясы бар. Сақтандыру шартының қолданылу мерзімі тараптардың келісімімен белгіленеді. Егер сақтанушы өтінішінде басқа мерзім көрсетпесе, әдетте, ол орташа алғанда он екі айды құрайды.

Сақтандыру сомасы мүлік құнын, белгілі жергілікті жердегі, қала ауданындағы нарықтық бағасын негіздеп, сақтандыру объектісінің тозу және пайдалану-техникалық жай-күйін ескере отырып белгіленеді.  

Сақтандыру сыйлықақысы шарттың талаптарын негіздеп, тәуекел деңгейін айқындай отырып, сақтандыру компаниясының қолданыстағы тарифтеріне сәйкес белгіленеді.

  

Міндетті немесе ерікті

Әдетте, мүлікті сақтандыру – ерікті түрде көрсетілетін қызмет. Егер Айжан сияқты алды-артын ойлайтын адам болса, ол міндетті түрде өзінің пәтерін/үйін сақтандыруды, оның ішінде төтенше жағдайлардан да сақтандыруды ойлап, алаңдайтын болады.

Ипотекалық қарызды ресімдеу кезінде екінші деңгейдегі банктердің немесе қаржы ұйымдарының мүлікті сақтандыруды талап ететін жағдайлары да кездеседі. Егер ипотекалық қарызды ұсыну талаптарымен, қамтамасыз ету болып табылатын сақтандыру шартын жасау туралы талаптар көзделген болса, онда сақтандыру шартын жасау міндетті болып табылады. Бұл ретте екінші деңгейдегі банктер немесе ипотекалық қарыз беретін қаржы ұйымдары қарыз алушының сақтандыру ұйымын таңдауына шектеу қоя алмайды.

Біздің өмірімізде кездесетін келеңсіз оқиғадан ешкімде сақтандырылмаған.

Мүлікті сақтандыру – бұл меншігіңізді қорғау және қаржылық шығындардан сақтау мүмкіндігі.

Сақтандыру жағдайы туындаған кезде ешкім сізге келтірілген залалдың орнын толтырмайтынын немесе қаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелеріңізді орындамайтынын түсінуіңіз қажет. Сондықтан барлық шығынды өз қалтаңыздан төлеуіңізге тура келеді.

Алайда тиісті сақтандыру болғанда, сіз отбасы бюджетіне салмақ салмастан өтемақы ала аласыз. Уинстон Черчилль айтқандай: «Мен сақтандыру жарналарын төлеп, шығынға ұшыраған бірде-бір отбасын білмеймін, бірақ осылай істемей шығынға ұшыраған отбасыларды білемін». Келіспеуге болмас.