Размер:
AAA
Цвет: CCC
Изображения Вкл.Выкл.
Обычная версия сайта

Жедел кредиттер: қымбатқа түсетін алдану

Бұл қандай қолайлы: жұмыста немесе үйде отырғанда орныңнан тұрмастан, банктің бөлімшесіне бармай-ақ, ешқандай да кезексіз, кепілсіз, жедел кредитті ресімдей аласыз. Бүкіл қаланы шарлап шығудың, кептелісте тұрудың қажеті жоқ, «көрінбейтін» кредиторға онлайн-режимде аз ғана көлемде өзіңіз туралы, мысалы ЖСН және мобильдік телефон нөміріңіз туралы ақпаратты ұсынсаңыз жеткілікті. Осыменен іс бітті – ақша сіздің төлем картаңызға түседі.

       Көптеген адамдар тиімді пайда екен – ақша бар, сондай-ақ бастапқы ойлағанда тиімді талаптармен алынған ақша деп ойлайды. Есеп айырысуға әлі ерте, мүмкін сәті түсіп, кредитті жалақы алғанға дейін жабуға болатын шығар. Мүмкін, мүлдем төлемей қойса? Егер сен телефон нөміріңді немесе тұрғылықты жеріңді ауыстырсаң, кредитор сені қалай іздеп табады?

  

Іс жүзінде алғанда, не жағдай?

Бірінші оқиға. Вадим ТҚКО-да жұмыс істейді, оның жалақысы аз, өмірден күтетіні де аса көп емес. Үйленбеген. Ол ақша жинамайды, бар қаражатымен, бүгінгі күнді ойлап қана өмір сүреді. Вадим кредит алу үшін банкке өтініш жасамайды, себебі оның кредиттік тарихы бірнеше рет мерзімін өткізіп алғандықтан бұзылған.

Оған ақша шұғыл керек болған кезде, ол Интернеттегі бір компаниядан қарыз алуды шешті. Оған жарнамасы ұнады – 5 минутта мақұлдайды, табысы туралы анықтама қажет емес, сондай-ақ науқан әлі жүріп жатыр – бірінші қарызға 50% жеңілдік. Оған кредитті мақұлдады, бірақ ақшаны орнына «қою» қиынға соқты, пайызы өте жоғары болады және Вадим өзі күткеннен әлдеқайда көп берді. Осындай тәжірибеден кейін Вадим ешкімнен де қарызды мүлдем алмауды, бұрынғыша, өмір ағысымен өмір сүруді шешті…

Екінші оқиға. Арман және Ербол деген студенттер жаңа мобильді телефон алу үшін Интернет арқылы онлайн-кредиттер ресімдеді. Оларға қарыз берген компания өзін микроқаржы ұйымы (МҚҰ) ретінде таныстырды. Олар бастапқыда қарызды үш-төрт стипендиясымен жабамыз деп үміттенді. Бірақ олай болмай шықты. Одан кейін нөмірді ауыстырамыз және кредит туралы мүлдем ұмытамыз деп ойлады. Нәтижесінде, әрине оларды іздеп тапты және олар прессинг кредиторларға тап болды. Осы кредиттік шырғалаңнан оларды ата-аналары құтқарды, оларға әжептәуір ақша жұмсауға тура келді: олар балаларының кредиттерін ғана емес, сонымен қатар қосымша үстемеақылар мен айыппұлдарды да төледі. Олар кейіннен кредитордың заңнамалық тұрғыдан түсінгенде МКҰ болып табылмайтынын білді. Ал бұл Қазақстан Ұлттық Банктің реттеуіне жатпайтынын білдіреді. Реттелмейтін кредиторлар өзінің клиенттеріне кредиттерді жоғары мөлшерлемелермен, әртүрлі комиссиялармен және айыппұлдармен жиі ұсынады. Олар енді өздерінің достарына консультация береді, «жедел» онлайн-кредит алмауға үгіттейді.

 

Ұлттық Банк кімдерді қадағалайды?

   Егер кредиттеу (банктік қарыздар және микрокредиттер) туралы айтатын болсақ, онда біріншіден, бұл екінші деңгейдегі банктер. Екіншіден, бұл микроқаржы ұйымдары. ЕДБ және МҚҰ ғана қаржылық реттеуші – Қазақстан Ұлттық Банкінің қатаң бақылауында.

Егер реттелмейтін болса, онда…

Бұл мынаны білдіреді:

·        Қазақстан Ұлттық Банкі аталған ұйымдардың қызметін реттемейді.

·        Олар орналастыратын жарнаманың дәйектілігін, жоғарыда көрсетілген кредиттеу талаптары туралы ақпараттың толықтығын қаржылық реттеуші тексермейді.

·        Мұндай ұйымдар қарыз алушының ағымдағы берешегі, есептелген пайыздары мен борышы туралы мәліметтерді жария етуге міндетті емес. Ал бұл азаматтарды міндеттемелері туралы толық және дәйекті ақпаратты алуда олардың құқықтарын шектейді.

·        Қарыз алушылардың құқықтарын қорғаудың көптеген құралдары осындай ұйымдардың клиенттеріне қолданылмайды.

·        Осындай онлайн-кредиттер жөніндегі шарттар банктік қарыз шарттарына жатпайды. Сондықтан банк омбудсманы қазіргі уақытта аталған ұйымдар арқылы кредит алған қарыз алушылардың шағымдарын қарамайды.

·        Банк заңнамасы оларға қолданылмайтын болғандықтан, туындаған дауды сот арқылы шешкен жөн.

МҚҰ-ның реттелетін не реттелмейтінін қалай тексеруге болады?

Оны тексерудің оңай тәсілі – Ұлттық Банктің www.nationalbank.kz сайтына кіріп, Микроқаржы ұйымдарының тізілімінде кредит алуды болжап отырған компанияны іздеу қажет. Егер «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» айдарының «Микроқаржы ұйымдарын есептік тіркеу» шағын айдарында компанияның атауы болмаса, онда бұл ұйым МҚҰ болып табылмайды және Ұлттық Банк оны реттемейді.


КазМФО.png

 

Егер кредитор реттелмейтін болса, ол заңға бағынбай ма?

Кез келген адам және кез келген заңды тұлға қарыз бере алады. Бұл құқық еліміздің Азаматтық кодексінде көзделген. Яғни кредит беретін, бірақ Қазақстан Ұлттық Банкі реттемейтін заңды тұлғалар заңды бұзбайды. Алайда, ондай ұйымның клиенті болған қарыз алушы аталған қарыз бойынша барлық тәуекелдерді өзі қабылдайды.

Сонымен қарызға ақша алу қажет пе, жоқ па?

Мұндай шешім қабылдамай тұрып, барлық тәуекелдерді ақылға салып, өзіңіздің қаржылық мүмкіндігіңізді бағалау қажет. Реттелмейтін кредиторлар қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін бұзып азаматтардың аңқаулығын пайдаланады. Бұл жерде азаматтардың білімсіздігі мен аңқаулығы шамадан тыс кредитке батуы мен қарыз алушының қарыздар бойынша міндеттемелерді орындауға мүмкіндігі жоқ сияқты тәуекелдерге әкеп соғатынын түсіну қажет.

 

Егер кредитсіз тіпті мүмкін болмаса?

Егер сіз сонда да онлайн-кредит алуға қызығушылық танытсаңыз, бірнеше ережелерді есте сақтауды ұсынамыз.

       I. Реттелетін субъектілердің қарыздары бойынша жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесі (ЖТСМ) 56%-дан аспауға тиіс! Мұндай талапты реттеуші 2018 жылы белгілеген.

Реттелмейтін кредиторлардың көбі қарыздарды жоғары мөлшерлемелер бойынша беруді жалғастыруда. Олар көбінесе барлық шектеулер мен талаптарды сақтамайды не олардан айналып өтеді.

      II. Қандай қосымша немесе жасырын төлемдер бар екенін міндетті түрде көріңіз.

Кейбір компаниялар қарыз сомасының үштен бір бөлігін құрайтын кредиттің өзін ұйымдастыру үшін ақы алады, мысалы берілген 150 мың кредиттен 50 мың қызметке ақы төлеуге келеді .   

      III. Айыппұл мөлшерін шектеу мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлемнің сомасынан 0,5%, бірақ берілген қарыз сомасынан жылына 10%-дан аспайтын деңгейде көзделген.  

Қарыз бойынша шекті артық төлем берілген қарыз сомасының мөлшерінен аспауға тиіс.

 

Кепіл толығымен ортақ

Реттелмейтін кредиторлардың көбі аса жоғары мөлшерлемемен қарыз беруді жалғастыруда, оның үстіне реттеушінің барлық шектеулері мен талаптарын сақтамайды не айналып өтеді. Әдетте онлайн-кредиторлар қарыз алушыға «қандай да бір жағдайда» ақшаны қайтаруға дайын кепілгерді табуды ұсынады. Қарыз берілген кезде шартқа екі және одан да көп тұлғаның олардың толық ортақ жауапкершіліктері туралы нотариат куәландырған кепілдіктерін ұсыну туралы тармақ енгізіледі. Бұл тармақ орындалмаған жағдайда қарыз алушыға ақшалай айыппұл салынуы ықтимал.

   Кепіл енгізу – бұл жай нәрсе емес. Кредитор шарт бойынша міндеттемелерді орындауды негізгі борышкерден де, сол сияқты кез келген кепілгерден де жеке-жеке талап етуге құқылы. Толығымен де, сол сияқты борыштың бөлігін де. Кредитор ортақ борышкерлердің біреуінен міндеттемелерін толық өтеуді алмай отырып, қалған ортақ борышкерлерден толық алынбағанды талап етуге құқығы бар. Ортақ борышкерлер міндеттемелер толық орындалмайынша міндетті болып қалады.

Сондықтан шартты әрбір тармағын зерделей отырып, барлық тәуекелдерді саралап және өзінің жауапкершілігін сезініп, мұқият оқу қажет!

Онлайн-кредиттеу ыңғайлы. Ол реттеле ме?

Қазақстан Ұлттық Банкі халықаралық тәжірибені ескере отырып, оған онлайн-кредиттеу компанияларын, ломбардтарды және халыққа қарыз беретін басқа да заңды тұлғаларды қоса отырып реттеу өлшемдерін кеңейту бойынша ҚР заңнамасына бірқатар өзгерістер дайындады.

Реттелмейтін кредиторлар жуық арада есептік тіркеуден өтуге міндетті болады және олардың қызметін Қазақстан Ұлттық Банкі реттейтін болады.

Ұсынылған шаралар кредиттеу нарығында орын алған проблемаларды болдырмауға, оның ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді және, ең бастысы, қарыз алушылардың мүдделерін қорғаудың стандарттарын жаңа деңгейге шығарады деп күтілуде.