Агенттіктің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 2021 жылғы шілдедегі жұмыс қорытындысы туралы

time 6.09.2021
aye 3687
Агенттіктің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 2021 жылғы шілдедегі  жұмыс қорытындысы туралы

2021 жылғы шілдеде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі қызметі негізінен қарыз алушылардың борыш жүктемесін, оның ішінде Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде азайту үшін жәрдем көрсету және шаралар қабылдау туралы олардың өтініштерін қараумен байланысты болды.

Есепті айда Агенттік қаржы ұйымдарының, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – МҚҚЖҰ), сондай-ақ коллекторлық агенттіктердің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 1 230 өтінішін қарады, бұл өткен есепті кезеңмен салыстырғанда 26%-ға немесе 426 өтінішке аз.

Өтініштердің ең көп үлесі банк секторына (банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар) келіп түсті, ол өтініштердің жалпы санының 70%-ын құрады. Атап айтқанда, азаматтар қаралған өтініштердің жалпы санының микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі бойынша 7%, сақтандыру нарығы субъектілерінің қызметі бойынша 5%, коллекторлық агенттіктердің қызметі бойынша 4%, бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметі бойынша 0,01%, сондай-ақ өзге де ұйымдардың қызметі бойынша 14% жүгінді.

Агенттік ағымдағы жылғы шілдеде екінші деңгейдегі банктердің, коллекторлық агенттіктердің және МҚҚЖҰ-ның әрекеттерінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды анықтап, 1,9 млн теңге жалпы сомаға 6 қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шарасын,  2 жазбаша ұйғарым және 6 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама бойынша 6 әкімшілік жаза қолданды. Атап айтқанда:

1) ЕДБ-ға қатысты 729,2 мың теңге жалпы сомаға 6 қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шарасын, 2 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама бойынша 2 әкімшілік жаза;

2) коллекторлық агенттіктерге қатысты 889,7 мың теңге жалпы сомаға 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама бойынша 3 әкімшілік жаза.

 3) МҚҚЖҰ-ға қатысты 291,7 мың теңге  сомаға 2 жазбаша ұйғарым, 1 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама бойынша 1 әкімшілік жаза қолданды.

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру барысына келетін болсақ, 2004-2009 жылдар кезеңінде ипотекалық қарыздар алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталған оның бірінші бөлігі шеңберінде банктер 2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 188 млрд теңге сомаға қайта қаржыландыруға 29 429 өтінімді мақұлдады, 175,6 млрд теңге сомаға 28 437 қарыз қайта қаржыландырылды, оның ішінде 2020 жылдан бастап 17 млрд теңге сомаға 1 787 қарыз қайта қаржыландырылды.

Бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде банктер 2020 жылғы желтоқсанда 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды айырбастауды аяқтады. Бағдарламаның бірінші және екінші бөліктерін іске асыру кезеңінде банктер 222,6 млрд теңге сомаға 27 202 валюталық ипотекалық қарызды айырбастады.

Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде банктер ХӘОТ санаты бойынша қарыздары Бағдарлама шеңберінде бұрын қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларға қарыз алушының берешегін азайту және өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу түріндегі қосымша көмек көрсету, сондай-ақ банк балансындағы жалғыз баспанасын қарыз алушының меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүргізуде. 32 млрд теңге сомаға 5,5 мың қарыз алушыға қосымша көмек көрсетілді.

 «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы» Агенттік Басқармасының 2021 жылғы 16 шілдедегі № 81 қаулысымен ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қаржылық көмек көрсету мерзімі 2021 жылғы 1 қарашаға дейін ұзартылды.

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыруды 18 банк және 3 ипотекалық ұйым жүзеге асыратынын естеріңізге сала кетейік.

Неғұрлым толық ақпаратты Агенттіктің:  https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/207220?lang=ru сайтынан алуға болады

white-arrow Тізімге