Қаржылық қызметтер және олардың ерекшеліктері

time 6.12.2020
aye 5

Банктен немесе өзге қаржы ұйымдарынан, яғни кредит берушілерден кредит алмай тұрып, оның сізге не үшін керектігін және пайызымен қайтарып беру мүмкіндігіңізді анықтау қажет. Ақшаны қайтарғаннан, алған жеңіл екенін барлығы жақсы біледі. Кірістеріңіз бен шығыстарыңызды толық есептеп, кредит бойынша ай сайынғы төлемнің отбасылық кірістің жартысынан асып кетпеуін қадағалаңыз. Егер асып кетсе, кредит алуды кейінге шегере тұрған дұрыс.

«Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген мақал естеріңізде болар. Кредит рәсімдеу секілді маңызды қадамға бармай тұрып, жақсылап ойланып алыңыз. Бұл тұста «Асығыс істен пайда жоқ» деген мақал да орынды. Мысал келтірейік. Бүгін жылдам арада жаңа телефонға ақша керек деген ойдан қайтпайсыз, ал ертең ойланып қалуыңыз мүмкін. Өйткені, бірнеше ай бойы қажетті соманы жинап, керекті затты артық төлемсіз алуға да болады. Неге солай жасамасқа?

Кредит алу – қаржылық болашағыңызға сенімді болғанда ыңғайлы. Егер ауырып немесе жұмысыңыздан айырылып қалсаңыз, «қаржылық қауіпсіздік жастығының» арқасында кредит бойынша төлеміңізді жасай аласыз. Яғни бұл – депозиттегі немесе банк шотындағы күтпеген жағдайларға арналған белгілі бір қаржы қоры. Дегенмен, тағы да қайталаймыз, егер «кредит бойынша төлемді» төлей алатыныңызға сенімді болмасаңыз, оны кейінге қалдыра тұрған дұрыс. Кредит – үлкен жауапкершілік, оны қатаң түрде мерзімінде қайтару керек. Төлем уақытын кешіктірген жағдайда кредит беруші қарыз алушыға «айыппұл салып», төлем мерзімін асырып жібергені үшін қарыз сомасының үстінен өсімақы қосуы мүмкін. Өсімпұл – қандай да бір міндетті мерзімінде орындамағаны үшін салынатын айыппұл түрі. Егер кредитті төлей алмауыңызға ықпал еткен дәлелді себеп болса, бұл жайлы кредит берушіге ертерек хабарлап, кеңсеге келіп, өтініш жазған дұрыс. Кейде, қарыз алушының жағдайы шынымен ауыр болғанда, банктер оған қарыз алу шарттарын жеңілдетуі мүмкін. Алайда бұл тек айрықша жағдайларда ғана қолданылады.

Тағы бір маңызды жағдай – ақшалай кредитті күмәнді және алдын ала тексерілмеген инвестициялық жобалар үшін алудың қажеті жоқ. Бүгінде интернет желісінде жылдам ақша табудың түрлі тәсілдерін көп жарнамалайды. Мысалы, n сомасын қандай да бір инвестициялық жобаға салуды ұсынады. Ол үшін белгілі бір уақыт күтіп, соңында он есе табыс көретініңізді айтады. Егер ақшаңыз болмаса, осындай «ғажайып-жобалардың» авторлары ақшалай кредит рәсімдеуге кеңес беріп, оны жылдам арада жауып тастайтыныңызға, тіпті, үстінен «кіріс көретініңізге» сендіреді. Біріншіден, ақша оңайлықпен табылмайды. Екіншіден, бұл «таңғажайып кіріс» ұсынатын алаяқтарға тап болдыңыз деген сөз. Олай болса, ақшаңыздан айырылып, «тесік астаумен» қалу қаупі өте жоғары.

Қазақстанда кредит беруге кім құқылы?

Естеріңізде болсын, Қазақстанда кредитті қаржылық реттеуші – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сәйкесінше лицензиясын алған белгілі бір қаржы ұйымдары ғана бере алады. Заңды кредит берушілердің есептік тіркеуін Агенттіктің www.gov.kz/memleket/entities/ardfm сайтынан тексере аласыздар.

Бұл – банктер, ипотекалық компаниялар, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, кредиттік серіктестіктер, онлайн-кредиттеу компаниялары.

Мысалы, биыл Агенттік Қазақстанның барлық ірі қалаларындағы тұрғындарға қарыз беретін ломбардтарға, онлайн-компаниялар мен микроқаржы ұйымдарына тексеру жүргізді. Олардың барлық қаржылық операцияларды қаншалықты дұрыс және заңды жүргізгендері тексерілді. Сондай-ақ Агенттік прокуратурамен бірге бұл компаниялардың қаржы пирамидалары еместігіне, заңсыз банк қызметтерін жүргізбейтініне тексеру жүргізді. Сондықтан Агенттіктің сайтындағы және қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі www.fingramota.kz бірыңғай порталындағы жаңалықтарды қадағалап, еліміздің қаржы нарығындағы жағдайлардан хабардар болып отыру қажет. «Сақтықта қорлық жоқ» деген осы. Бұл тұрғыда қаржы реттеушісі өте икемді. Агенттіктің барлық дерлік әлеуметтік желіде: Facebook, Instagram, Telegram, ВКонтакте, Одноклассники, Twitter, YouTube аккаунттары бар. Сонымен қатар қаржы реттеушісі биыл «Fingramota Online» мобильді қосымшасын іске қосты. Қосымшада қаржы нарығында Агенттіктің араласуымен болған соңғы оқиғаларды назарда ұстауға мүмкіндік беретін, тұрақты түрде жаңартылып тұратын жаңалықтар легі, сондай-ақ реттеушіге сұрақ қойып, жауап алуға болатын 14 тақырыптық айдар бар. Мысалы, «Тұтынушылық кредиттер», «Ипотекалық кредиттер» айдарларында белгілі бір кредиттік ұйым, олардың қаржылық қызметтері туралы нақты сұраққа жауап алуға немесе олардың үстінен шағым түсіруге болады.

Кредит алмай тұрып нені білген дұрыс

Кредиттер әртүрлі болады. Кредит берушілер оны тұрғын үйді сатып алуға немесе жөндеуге, автомобиль, тұрмыстық техника, сәнді гаджеттер, білім алуға, демалыс секілді тағы басқа мақсатта беруі мүмкін. Бұл кредиттер мақсатты деп аталады. Яғни сіз белгілі бір мақсатты көздейсіз және ол үшін сізге белгілі бір сома керек. Мақсатты кредит кезінде қарыз алушы қаржыны жұмсағысы келетін мақсатын көрсетіп, кредит берушінің сұрауы бойынша растау құжаттарын ұсынуға тиіс. Ал кредит беруші үшін мақсатты көрсету қарызды беру немесе бермеу туралы шешім қабылдау кезінде негізгі көрсеткіш болып табылады.

Мақсатсыз кредиттер – бұл, мысалы, шұғыл мұқтаждықтарға алынатын кредит. Әдетте, мақсатсыз кредиттің мөлшері аса үлкен емес және оны рәсімдеген кезде қарыз алушыға растайтын құжаттарды ұсыну міндеттелмейді. Банк қаражаттың жұмсалуын тексермейді.

Кредит беру шарттары да бір-бірінен ерекшеленеді. Мысалы, кредиттің мөлшері, пайыздық мөлшерлемесі және мерзімі жағынан айырмашылықтар болуы мүмкін. Кей жағдайларда банк қарызды қайтару кепілдігі ретінде кепіл ұсынуды сұрайды, бұл әсіресе мақсатты кредит кезінде алынған ірі сомаға қатысты қолданылады. Мұндайда кепіл ретінде жылжымайтын мүлік қойылады. Банктер кредитті жеке өздері, сондай-ақ серіктестері – яғни, автодилерлермен, құрылыс компанияларымен, тұрмыстық техника дүкендері секілді тағы басқа ұйымдармен бірге беруі мүмкін.

Қарыз алу талаптарының барлығы міндетті түрде кредит шартында цифрлармен және нақты мерзімдермен толық көрсетіледі. Кез келген шартты мұқият оқып, қандай да бір тармақ түсініксіз болса, менеджерге нақты сұрақ қою керек. Дұрысы, шартты өзіңізбен бірге алып кетіп, үйде жақсылап қараңыз, себебі қарыз алушы банк немесе өзге қаржы ұйымы секілді мойнына үлкен жауапкершілік алады. Ешқашан шартқа онымен таныспай жатып қол қоймаңыздар!

● Кредиттік тарих жайлы толығырақ

Кредиттік тарих – қарыз алушының кредиттері мен шағын қарыздары, сондай-ақ бөліп төлеу арқылы жасаған саудалары туралы мәліметтер. Кредитті қашан және қандай сомаға рәсімдедіңіз? Төлем уақытылы жасалды ма әлде кешіктірдіңіз бе? Кредит алу үшін өзге банктерге бардыңыз ба? Осының бәрі кредиттік тарихтың дерекқорына енгізіледі. Айтпақшы, кредит беруден бас тартуға ықпал ететін ең кеңінен тараған себеп – кредиттік тарихта көрсетілетін кредит бойынша мерзімін өткізіп алу. Сонымен қатар, төленбеген айыппұлдар мен тағы да басқа қарыздар кредит беруден бас тартуға алып келуі мүмкін екенін есте сақтай жүріңіздер.


Егер сіз бірде бір рет кредит алмаған болсаңыз, сәйкесінше кредиттік тарихта да ешқандай жазба болмайды деген сөз.

Қарызды рәсімдеген кезде банк кредит бюросынан әлеуетті клиенті туралы мәліметтер алады. Қазақстанда олар екеу: Мемлекеттік кредиттік бюро және Бірінші кредиттік бюро. Кез келген банк, мысалы, өзі берген қаржыны қайтып алатынына және қарызды сенімді клиентке беріп тұрғанына көз жеткізгісі келеді. Сондықтан, әрдайым сіздің кредиттік тарихыңызға қарайды.

Еліміздің кез келген азаматының дербес есеп сұрауға құқығы бар. Мұны кредиттік бюроға, тұрғылықты орын бойынша ХҚКО-на бару арқылы немесе электронды үкіметтің – egov.kz порталындағы тапсырысты рәсімдеу бойынша жүзеге асыруға болады. Қазақстандықтар бір жыл бойы кредит есебін тегін ала алады. Бір жыл ішінде есепті қайталап сұраған жағдайда қызмет үшін кішігірім соманы төлеу керек болады.

Кредиттік тарихтың жақсы болуы несімен маңызды екенін енді түсінген шығарсыздар. Сондықтан да қарыз бойынша төлемдеріңізді уақтылы төлеу қажет.


white-arrow Тізімге