Сіздің дербес деректеріңіз алаяқтар үшін таптырмас құнды ақпарат, сондықтан алаяқтар мен хакерлер қайткен күнде де оны қолға түсіруге тырысады. Ол үшін олар жаңа технологияларды, алдау схемаларын, тіпті әлеуметтік инженерияны игереді.
Сіздің құрылғыларыңыздағы және онлайн-аккаунтарыңыздағы деректерді қалай қорғауға болатыны жөнінде Fingramota.kz-пен бірге қарастырып көрелік.
Дербес деректер — бұл адамды анықтауға көмектесетін ақпарат. Мысалға, бұл адамның аты-жөні, ЖСН, мекенжайы, телефон нөмірі, фотосурет немесе видео, физиологиялық ерекшеліктері және басқа да мәліметтер. Қазақстанда мұндай деректер электронды түрде, қағаз түрінде немесе басқа форматта болуы мүмкін.
Қол жеткізу деңгейі бойынша дербес деректер жалпыға қол жетімді және қол жетімділігі шектеулі екі түрге бөлінеді. Жалпыға қол жетімді ақпаратты телефон кітапшаларынан, БАҚ-тан немесе интернеттен табуға болады. Қол жетімділігі шектеулі деректер – бұл адамның аты-жөні, туған күні, мекенжайы, ЖСН және төлқұжат деректері. Бұл ақпарат заңмен қорғалған мәліметтер және алаяқтардың мақсаты – осы деректерді қолға түсіру.
Күдікті сілтемелер бойынша өтпеңіз
Егер сіздің жұмысыңыз көп хат-хабарлармен алмасумен байланысты болып, сізге әртүрлі адамдардан мысалы, коммерциялық ұсыныстармен хаттар келетін болса, қатарынан барлық хаттарды ашпағаныңыз және күдікті сілтемелерге өтпегеніңіз жөн.
Себебі бұл жерде фишингтің қаупі бар: хат жалған болуы мүмкін — сізден сілтеме бойынша өтіп, логиніңізді, құпиясөзді, ЖСН немесе картаның деректерін енгізуді сұрайды. Сайт сырт көзбен қарағанда ресми сайтқа ұқсас болады, алайда оны алаяқтар жасайды, егер де сіз өз деректеріңізбен бөліссеңіз, дербес деректерді алаяқтарға өз еркіңізбен бересіз. Бұған қоса, хаттағы сілтеме файлға немесе сайтқа апаруы мүмкін, ол арқылы сіздің компьютеріңізге немесе телефонға вирус орнатылады. Ол дербес деректерді ұрлай алады; құпиясөзді енгізу кезінде басылған батырмаларды тіркеп қалады (алаяқтарға құпиясөз ауадай қажет); шабуыл жасау үшін сіздің құрылғыңызды бот-желіге қосады. Сондықтан құрылғыңызға вирусқа қарсы жақсы бағдарлама орнатыңыз және оның көмегімен әрбір келген хатты мұқият тексеріңіз.
Деректердің резервтік көшірмелерін жасап қойыңыз
Қауіпсіздік шараларының ең басты, алайда жиі ескерілмей қалатын түрі — үнемі деректердің резервін жасап отыру. Ол ақпараттың көшірмесін жасайды, егер де құрылғыңызды жоғалтып алған немесе ұрланса немесе вирус жұқтырылған жағдайда сіз маңызды ақпаратты жоғалтпайсыз.
Көптеген қосымшалар мен ресурстар резервтік көшірмелерді жасауға мүмкіндік береді: олардың ішінде ең танымалы — Google One, iCloud, Acronis Cyber Protect Home Office, Mac Time Machine және т.б. Дегенмен, резервтік көшірмелерді бұлт аясында сақтасаңыз да, оны қорғауға мұқият болыңыз: сенімді құпиясөзді орнатыңыз, қорғаудың күрделі деңгейлерін қамтитын ақылы нұсқаны сатып алыңыз, екі факторлы аутентификаттау туралы ұмытпаңыз.
Ескі қатты дискілерді оқылмайтындай етіп жасаңыз
Ескі компьютерлер мен смартфондарда көп жеке ақпаратты сақтауға болады, ал дискіні пішімдеу бәрін мүлдем жоймайды — деректердің көп бөлігі қалады, тіпті қарапайым дайындық кезінде де алаяқтарға оларды алу қиындық туғызбайды. Құрылғыларда ЭЦҚ, куәліктердің, паспорттардың және басқа құжаттардың сканерленген нұсқаларын сақтауды ұнататынымызды ескере отырып, қатты дискіні оқылмайтын ету өте маңызды. Өкінішке орай, Сізді алаяқтардан 100% қорғайтын ең сенімді әдіс — дискіні физикалық тұрғыдан жою және оны қоқыс алаңында тастау.
Үйдегі сымсыз желіні қорғаңыз және жалпыға қолжетімді желіні пайдаланбаңыз
Үйдегі Wi-Fi желісіне бөгде адамдар қосылмауы үшін оны сенімді және күрделі құпиясөзбен қорғаңыз. Алаяқтар интернет-трафикті «үнемдегісі» келсе де, олар сіздің құрылғыларыңызға, демек сіздің дербес деректеріңізге қол жеткізеді деген тәуекел бар. Сондай-ақ, кафелерде, әуежайларда, сауда орталықтарында, әсіресе қосымша қорғау болмаған жағдайда жалпыға ортақ Wi-Fi пайдалану қауіпті екенін есте сақтаңыз. Бұған дербес деректерді ұрлау мен алаяқтық жасаудың жоғары тәуекелі себеп болады. Жалпыға ортақ желілер сирек шифрланады және ауқымдағы кез келген пайдаланушы трафикті ұстай алады. Сондықтан сіздің логиндеріңізді, құпиясөздеріңізді, ЖСН, банк карталарының деректерін, құжаттарды алаяқтар ұстап қалуы мүмкін.
Өз құрылғыларыңыздағы бағдарламалық қамтылымды үнемі жаңартып отырыңыз
Бағдарламалық қамтылымды әзірлеуші компаниялар оларды жоя алмас бұрын, алаяқтар оларды пайдалану үшін осал жерлерді іздейді. Сондықтан жаңа нұсқа шыққан кезде компьютердегі, планшеттегі және ұялы телефондағы бағдарламалық қамтылымды мүмкіндігінше тезірек жаңартыңыз. Бағдарламалық қамтылымды жаңартуларда көбінесе маңызды түзетулер мен қауіпсіздік қатерлеріне қарсы құралдар бар. Сондай-ақ, вирусқа қарсы бағдарламаны, интернет-браузерді, операциялық жүйені, мобильді қосымшаларды автоматты түрде жаңарту қызметін міндетті түрде қосыңыз.
Аккаунттарыңызды сенімді құпиясөздермен және екі факторлы аутентификациямен қорғаңыз
Онлайн-аккаунттарда сіздің көптеген жеке ақпаратыңыз болуы мүмкін, сондықтан оларды басқалар оңайшылықпен таба алмайтын сенімді құпиясөзбен қорғаңыз және екі факторлы аутентификацияны қосыңыз. Сіз құпиясөздер менеджерінің көмегімен автоматты түрде жасалған құпиясөзді таңдай аласыз немесе оны өзіңіз құра аласыз. Егер екінші нұсқаны таңдайтын болсаңыз, құпиясөз ұзақ болсын: онда кемінде 15 символдың болуына мән беріңіз. Бас және кіші әріптер, цифрлар мен символдардың жиынтығын пайдаланыңыз, бірақ өзіңіздің туған күніңізді және қандай да бір маңызды күндерді қоймаңыз – оларды оңай біліп алуға болады. Сондай-ақ, хакерлік бағдарлама оңай болжай алатын жалпылама қолданылатын сөз тіркестерін, әндердің мәтіндерін немесе фильмдерден алынған дәйексөздерді пайдаланудан аулақ болыңыз.
Толығырақ "Абайлаңыз алаяқтар" бөлімінде оқыңыз
Цифрлық қауіпсіздік құпиялары: дербес деректерді қорғау
Кредиттерді отбасылық бюджетке зиян келтірмей қалай жоспарлауға болады
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Денсаулықты тегін диагностикалаудан бастап пәтер жөндеуге дейін: алаяқтықтың жаңа түрлері
Қате ақша аударымы, не істеу керек: қадамдық нұсқаулық