Сіз Асан мен Үсенді кездестірген бе едіңіз? Олар сізбен көршілес көшеде тұрады, сондықтан кездескеніңіз анық – екеуі бір-бірінен аумайды, өйткені олар егіз және мұны мақтан тұтады. Әйтсе де олар бір қарағанда ұқсас секілді көрінгенмен, ата-анасы, достары мен мектептегі мұғалімдері оларды ешқашан шатастырмайды, өйткені екі ұлдың мінезі екі түрлі.
Асан Үсеннен бақандай 15 минут бұрын дүниеге келген, сол себепті өзін үлкен, яғни бастық санайды. Ол өте тынымсыз әрі сотанақ бала, өзі әзілдескенді, көп білгенді жақсы көреді. Оған қоса футбол десе ішкен асын жерге қояды.
Ал Үсеннің мінезі ағасына мүлдем керісінше. Әрине, ол да спортпен – үстел теннисімен айналысқан, бірақ бос уақытын кітап оқумен немесе ағасы екеуінің бөлмесінде терезе алдында тұрған аквариумдағы ұлуларды бақылаумен өткізгенді ұнатады.
Екі ұлдың осындай әртүрлі болғанына қарамастан, олар егіз қозыдай бірінен-бірі ажырамайды және көп ренжіспейді. Әйткенмен, өмірде не болмайды дейсің...
Қыркүйек айының басы еді. Бір күні әкесі таңғы ас кезінде ұлдарына мәлімдеме жасады:
– Сендер бір жасқа есейдіңдер – енді екінші сынып оқисыңдар. Бұл сендерге берілген еркіндік пен жауапкершіліктің артқанын білдіреді. Сонымен біз отбасылық кеңесте сендерге дербестік беріп, эксперимент жүргізетін болып шештік.
– Мен эксперименттерді жақсы көремін! – деп саңқ етті Асан.
– Ал маған тәжірибе жасалатын қоянның рөлі ұнамайды, – деп Үсен күмәндана қалды. – Бізді не күтіп тұр екен?
Әкесі:
– Анаң екеуміз сендерге күн сайын қалтапұлға ақша бөліп отырамыз.
– Алақай! – Асан қуанып кетті. – Ол қанша сонда?
– Әрқайсыңа 500 теңге.
Бұны естіген Асанның көңілі толмай, мұрнын тыржитты:
– Аз ғой?
Анасы ұлына қабағын түйіп:
– Әкең екеумізге ақша аспаннан түспейді, біз оны жұмыс істеп табамыз. Ақшаны дұрыс жұмсау – өнер, оны үйрену қажет. Біздің өмірімізде қаржы сауаттылығынсыз өмір сүру мүмкін емес!
– Ал, қанеки, эксперимент сәтті өтеді деп сенемін! – деді де әкесі ұлдарына 500 теңгеден берді. – Кешкісін біз сендермен әдеттегідей күннің қалай өткені туралы сөйлесеміз, әрі ақшаны қалай жұмсағандарыңды білеміз.
Балалар үйден шыға салысымен, Асан бауырына:
– Сабақтың басталуына әлі талай уақыт бар. Дүкенге кіріп, бірдеңе сатып алайық! – деп ұсыныс тастады.
Үсен иығын қиқаң еткізді:
Қайтеміз оны? Маған ештеңе керек емес.
Әйтсе де ол ағасына серік болып үйдің жанындағы дүкенге барды, онда неше түрлі заттар сатылатын. Асан дүкенді зыр қағып аралап, «Динозавр» мұз кәмпитін, сағыз бен тағы бірдеңе сатып алды. Ал Үсен болса дүкен сөресі жанында біраз ойланып тұрды да керек болып қалар деп шарикті қалам сатып алды. Қалған ақшаны әмиянына салып, ағасының соңынан жүгіре жөнелді.
Алғашқы сабақта-ақ Асанның қаламын ұмытып кеткені мәлім болды.
Ол аса уайымдай қойған жоқ, інісіне оның артық қаламын мұзкәмпитке айырбастауды ұсынды.
Үсен қасарысып:
– Қалам 150 теңге тұрады, ал мұзкәмпит – бар болғаны 120. Әрі мен мұзкәмпиттерді ұнатпаймын, - деді де бірақ ағасына жәрдемдескісі келіп, райынан қайтты, – ертең 30 теңге қайтарасың.
– Түһ, неткен сараңсың! – Асан ренішін жасырмады. – Сені де бауыр дейді-ау!
Қысқасы, екеуі сәл-пәл дауласып қалды.
Үзіліске шыққанда Үсен қалған ақшасына өзіне және ағасына бәліш пен бір-бір стақан шай сатып алған соң екеуі қайта татуласты.
Кешкісін әкесі күннің қалай өткенін сұрап, ұлдарынан ақшаны қалай жұмсағанын айтып беруін өтінді.
– Күн керемет өтті! – деп есеп беруді Асан бастады. – Мен математикадан бестік алдым, ал ақшаны бір тиынын қалдырмай жұмсадым.
– Қане, айта ғой, не нәрсеге жұмсадың? – деп әкесі нақтылай түсті.
Асан иығын қозғалақтатып:
Есімде жоқ! – деді.
Сосын ойланып тұрды да маңдайын алақанымен сарт еткізді:
– Мен мұзкәмпит сатып алдым, оны Үсеннің қаламына айырбастадым, өйткені өзімдікін үйде ұмытып кетіппін.
– Көрдің бе, мен сенің кесіріңнен қосалқы қаламсыз қалдым, – деп Үсен де қалыспай, қарызын еске салды. – Сен маған 30 теңге қарызсың!
Ұлдар тағы дауласа жөнелді.
– Мен қаламнан қалған ақшамды мектеп асханасында ағаммен бірге түскі ас ішуге жұмсадым, – деді Үсен. – Менде де соқыр тиын қалмады.
– Жарайсың! – деп анасы риза болды.
Ал мені неге мақтамайсыздар? – Асан аузын бұртитты. – Менің де,
оның да ақшасы қалған жоқ!
– Біріншіден, сенің дәл Үсендікіндей ақшаң бар еді, бірақ оны қажетсіз нәрселерге жұмсадың. Сөйтіп сенде тамақ сатып алатын ештеңе қалмады. Тамақтан үнемдеуге болмайды. Қайта саған бауырың қол ұшын созды. Оған қоса, Үсеннің қалам туралы айтқаны дұрыс, айырбас тең емес. Сен Үсенге қарызсың. Қайтаруың керек.
– Неге бәрі қиындап кетті! – деп міңгірледі Асан мұңайып. – Осы ақша дегенді кім, не үшін ойлап тапты екен? Одан да ақшасыз өмір сүрген жеңіл емес пе!
– Олай емес, – деп басын шайқады әкесі. – Ақша – өте пайдалы өнертабыс. Адамдар оларсыз өмір сүре алмайды.
Өнертабыс? Ақша сонда бұрынғы заманда болмаған ба? – Егіздердің
ауызы ашылып, қайран қалды. – Оларды кім ойлап тапты?
– Біз ақшаны ойлап тапқан адамның атын ешқашан біле алмаймыз. Баяғы заманда, дүниеде ақша болмаған кезде, адамдар бүгінгі сен екеуің сияқты тауарды тауарға айырбастаған. Мысалы, қойды бидайға немесе тұзды қыш құмыраға айырбастауға тура келді. Олар да сендер сияқты ұрсысып-таласатын. Сөйтіп, айырбасты жеңілдету үшін адамдар өзара келісімге келіп, өздері үшін құнды саналатын заттарды пайдалана бастады. Әр заманда, әлемнің әр қиырында ақшаның орнына үй жануарлары да, кептірілген балық та, бағалы аңдардың терісі де, астық та, тіпті тастар да жүрді. Бірте-бірте адамдар ақшаның бүкіл қауым үшін белгілі бір құндылығы болуы керек, ол пайдаланған кезде бүлінбеуге тиіс, өзімен бірге алып жүретіндей жеңіл болуы және бөліктерге бөлінуі керек деген шешімге келді. Бұл рөлге ең қолайлысы металл құймалар еді: мыс, қола, алтын мен күміс. Кейінірек олардан тиындар соғыла бастады, олардың бетіне кім және қайда жасағаны туралы ақпараттан тұратын арнайы белгілер, жазулар мен бейнелер салынды. Содан кейін қағаз ақша пайда болды, ал ХХғасырда пластиктен жасалған банк карталары шықты. Одан беріде электронды ақшалар, тіпті қолма-қол ақшаға жүгінбей-ақ төлем жасауға мүмкіндік беретін цифрлық ақшалар пайда болды. Міне, ақшаның осындай бай тарихы бар және ол біздің өмірімізде маңызды рөл атқарады. Сондықтан біз оған құрметпен қарауымыз керек, өйткені ол ақшаның артында адам еңбегі жатыр, мысалы, менің және аналарыңның маңдай тері бар.
Кешкі астан кейін Асан:
Жарайды, бүгін ақшамды босқа жұмсағанымды мойындаймын. Ал
ертең сіздер маған 500 теңге бересіздер ме? – деп ата-анасына қиыла қарады. – Үсенге қарызымды қайтаруым керек, сосын оған түскі асқа бәліш әпергім келеді.
Дұрыс деп тапқан жауабыңның жанына белгі қой.
Бізге ақша не үшін керек:
…азық-түлік сатып алу
…тұрмыстық қызметтерге ақы төлеу
...сұлулық
…ойын-сауық үшін төлеу
…әртүрлі қызмет ақысын төлеу
…жолақы төлеу
...сыйлық сатып алу
...топтама алу үшін керек
...онсыз да өмір сүруге болады.
Жас қаржыгердің қойын дәптері
Қаржы сауаттылығы – оқушының қаржыға қатысты сұрақтардан хабардар болу деңгейін көрсететін білім мен дағды.
Балалардың «Алтын монета» ойын бөлмесі
Шытырман ойын
Асан мен Үсенге адамдардың көне заманнан бүгінгі күнге дейін пайдаланып келген ақшалар топтамасын жинауға көмектес. Бұл шытырман ойынды досыңмен бірге ойнап, тапқан табысты бір сандықшаға салған дұрыс. Топтамаға ең көп жәдігер жинаған адам жеңімпаз деп саналады.
Ойын үшін сізге ермексаздан жасауға болатын ойын текшесі және ойын фишкалары қажет, оның орнына кез келген ұсақ затты да пайдалануға болады.
Ойын ережесі:
1. «Алтын монета» шеңберіне дәл түссең – алға 2 қадам жасайсың.
2. «Күміс монета» тұрған жеріңде қалуды ұсынады.
3. Ал «Қара шеңбер» 2 рет кері шегінуді талап етеді.
Топтамаға ең көп жәдігер жинаған адам жеңіске жетеді.
Балаларға арналған қаржылық сауаттылық жөніндегі арнайы жобаны іске қосу туралы
Бағалы қағаздарға инвестициялардың артықшылықтары және тәуекелдер
Сақтандыру не үшін қажет және сақтандыруда қандай тәуекелдер болуы мүмкін?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Жинақ күні: ақша жинауды және қаржылық мақсаттарға жетуді қалай үйренуге болады