2019 жылдан бастап Қазақстанда жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді; азаматтардың тұрғын үй құрылыс жинақтарының төлемдерін; білім беру жинақтау салымдарын; кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға арналған алименттерді есеп теуге арналған шоттардан ақша өндіріп алуға тыйым салу көзделген. Бұл қол сұғылмайтын шоттар, оларға банктер клиент өтініш жасаған кезде есептеу үшін ашылатын төлемдердің атауын көрсетіп, «арнайы шот» белгісін қояды.
Fingramota.kz арнайы шотпен байланысты әрбір адам білуі тиіс бірнеше фактіні қарастырады.
№1 факт. Арнайы шоттағы ақшаны ешкімнің бұғаттауына немесе оларға тыйым салуына құқығы жоқ .
«Төлемдер туралы» ҚР Заңына сәйкес, егер уәкілетті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың өкімі негізінде оның банктік шотындағы ақшаға тыйым салынса, банктерге клиентке жаңа банктік шот ашуға тыйым салынады. Алайда, жоғарыда көрсетілген Заңның ережелері банктердің клиенттеріне «қол сұғылмайтын» банк шоттарын ашу жағдайларына қолданылмайды.
Осындай шоттарға жәрдемақыларды, мемлекеттік бюджеттен, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақыларды, сондай-ақ алименттерді есепке жазуға арналған шоттар жатады.
№2 факт. Арнайы шот тегін ашылады, оны жүргізгені үшін банктер комиссиялар алмайды.
Арнайы шоттар ашу тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 207 қаулысымен бекітілген Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларында көзделген. Қол сұғылмайтын шотты ашпас бұрын шарттың талаптарын мұқият және егжей-тегжейлі зерделеу керек, егер бір нәрсе түсініксіз болса, онда міндетті түрде менеджердің кеңесіне құлақ түріңіз.
№3 факт Арнайы шотты кез келген екінші деңгейдегі банкте, сондай-ақ «Қазпочта» АҚ-та ашуға болады.
Арнайы шот ашу үшін, жеке басын куәландыратын құжаттан басқа, банкке немесе «Қазпочта» АҚ-қа (бұдан әрі-банк) ағымдағы шоттың мақсатын көрсетілген өтініш беру қажет.
Бұл ретте мыналар қосымша ұсынылады:
- алимент алушылар (кәмелеттік жасқа толмағандарды және еңбекке жарамсыз кәмелеттік жасқа толған балаларды күтіп- бағуға арналған ақша) – алименттерді (кәмелеттік жасқа толмағандарды және еңбекке жарамсыз кәмелеттік жасқа толған балаларды күтіп-бағуға арналған ақша) өндіріп алу туралы сот актісінің көшірмесі немесе Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекске сәйкес жасалған, оларды төлеу туралы нотариалды куәландырылған келісім;
- тұрғын үй төлемдерін есептеу және тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға сәйкес мақсаттарға төлемдерді жүзеге асыру үшін – Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларында көрсетілген қосымшалар қатарына сәйкес ағымдағы тұрғын үй төлемдерін алушы туралы анықтама.
№4 факт. Арнайы шотты қашықтан ашуға және жабуға болады.
Қашықтан арнайы шот ашу шындығында қиын емес. Ол үшін сіз арнайы шот ашуды жоспарлап отырған банкті таңдап, қаржы институтының немесе ұйымының қосымшасында немесе сайтында тіркеуден, сондай-ақ қашықтан идентификаттаудан өтуіңіз қажет. Арнайы шотты жабу үшін банкке өтініш жазу қажет, банктік қызмет көрсету шартында басқасы көзделмеген болса, оны кез келген уақытта ұсынуға болады. «Қол сұқпайтын» шотты жабатын кезде онда қалған ақша банктік қызмет көрсету шартына сәйкес сізге беріледі немесе сіздің талап етуіңіз бойынша басқа банктік шотқа аударылады.
№5 Факт. Банктің салық берешегі бар немесе кредит бойынша мерзімін кешіктіруі бар клиентке арнайы шот ашудан бас тартуға құқығы жоқ.
Қазақстанда 2018 жылғы 1 шілдеден бастап ҚР Салық кодексінің нормасы қолданысы енгізілді, соған сәйкес банктер мен банк қызметтерінің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар салық берешегі және әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар салық төлеушіге банктік шот ашудан бас тарта алады. Алайда бұл норма арнайы шоттарға қатысты қолданылмайды.
Арнайы шоттағы қаражат үшінші адамдардың өндіріп алуынан, соның ішінде қарыз алушыда банктік қарыз немесе микрокредит бойынша мерзімі кешіктірілген берешек болатын жағдайда өндіріп алудан толық көлемде қорғалған.
№6 факт. Арнайы шотты өзіңіз толтыруға болмайды.
Арнайы шоттарға тек мемлекеттен төленетін әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға арналған алименттер, азаматтардың тұрғын үй құрылысы жинақтарының төлемдері, білім беру жинақтау салымдары ғана есепке алынуы мүмкін. Банктер ақшаның мұндай шоттарға төлем мақсатының тиісті коды бойынша және ақша жіберушіге түсуін бақылауды жүзеге асырады.
Толығырақ "Кредиттер" бөлімінен оқыңыздар
Дропперлер дегеніміз кім және бұл неліктен қауіпті
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Салықтық шегерімдер дегеніміз не және оның көмегімен қалай үнемдеуге болады?
Аңыздарды жоққа шығарамыз: коллекторлармен қалай өзара іс-әрекет етуге болады
Сақтандыру не үшін қажет және сақтандыруда қандай тәуекелдер болуы мүмкін?