Балалар банк картасы: қалай дұрыс пайдаланамыз?

time 3.09.2021
aye 4
download Жүктеу

Соңғы жылдары 6 — 18  жас аралығындағы қазақстандық балалардың ішінде ата-анасының төлем картасына байланыстырылған банк карталарының иегерлері атанғандар күн санап өсіп келе жатыр. Олар ата-анасының бақылауымен қолма-қол ақшасыз кішігірім сауда жасауға мүмкіндік береді. Алайда мұндай карта иелерінің ақшаны орынсыз жұмсауына немесе қаржылық алаяқтардың тұзағына түсіп қалуларына жол бермеу керек. Бұл үшін бірнеше ереже бар.

Әрине, балалардың төлем карталары ақшамен қарым-қатынас жасау жолдарын дамытып, дербестікті арттыруға және өз қаржыларын жұмсау барысында жауапкершілікке үйретеді. Өз ақшаңызды банктің мобильді қосымшасы арқылы басқаруға болады — ол жақтан қанша ақша түскенін және қаншасы жұмсалғанын көріп отыра аласыз. Қысқасы, бәрі тура ересектердікі секілді.

Карталар дебетті және кредиттік болады, дебетті картада сіздің өз ақшаңыз жатады, ал кредиттік картада банк сізге қарызға берген және сіз пайызымен қайтаруға тиісті ақша тұрады. Балалардың картасы, әрине, тек дебетті бола алады. Көбіне олар ата-анасының дәл осындай, мысалы, жалақы түсетін дебетті картасы бар шотына бекітіледі.

Қазақстанда алты банк балалар картасын ашады. Әдетте, мұндай картаны шығару тегін; кей банктер жылдық қызмет көрсетуді комиссиясыз ұсынады. Банк сонымен қатар карта ашылғалы отырған баланың жасына түрлі талаптар қоя алады. Біреулері картаны бала өмірге келе сала ашуға дайын болса, енді бірі — 5-6 жаста, үшіншілері — тек 14 жастан асқан жасөспірімдерге ашады.

Мұндай картаны ресімдеу үшін ата-аналар банкке негізгі картаны ұстаушының (әкесінің немесе анасының) жеке басын куәландыратын құжатты және баланың туу туралы куәлігін ұсынуы керек.Сонымен қатар олар картаны ресімдеу үшін жеке келісімді толтырулары керек. Кей банктерде картаны тек өз балаңызға ғана емес, сондай-ақ туысқандарыңыздың баласына: немерелеріңізге, жиендеріңізге, қарындастарыңызға және т.б. ашуға болады.

Мұндай карталардың сіз үшін қандай артықшылықтары бар? 

✔️ Күнделікті ұсақ-түйек сауда үшін қолма-қол ақша алып жүрудің қажеті жоқ. Барлығы картада сақтаулы — қағаз купюраны байқаусызда жыртып немесе қайтарған ақшаны жоғалтып алмайсыз;

✔️ Егер картаны телефоныңызға байланыстырып қойсаңыз, оны да алып жүрудің қажеті жоқ — барлығын смартфонмен төлей саласыз. Бұл әрі қолайлы, әрі сәнді. Жалғыз кемшілік: ешкімнің гаджетіңізді ұрлап кетпеуін мұқият бақылап жүру керек;

✔️ Картадағы бейнелер ашық түсті, әрі өте әдемі (мысалы, мультфильмдердің кейіпкерлері бар). Кей банктер картаның ешкімге ұқсамайтын дизайнын ұсынады;

✔️Кей серіктес-дүкендер кішкентай карта қожайындарына балалар тауарларына түрлі акциялар, сонымен қатар кешбэк ұсынады.

Мұндай карталардың ата-аналарыңыз үшін артықшылықтары қандай?

✔️ Ата-аналарыңыз кез келген уақытта мобильді қосымша арқылы карталарыңызды толтырып бере алады.

✔️ Олар карта бойынша барлық операцияны SMS- немесе push-хабарландыру арқылы, болмаса банктің мобильді қосымшасын пайдаланып бақылай алады.

✔️ Ата-аналар банкоматтан ақша алуға, қолма-қол ақшасыз есептесуге және интернет арқылы сауда жасауға шектеу қоя алады. Сіздер онлайн-сауда жасамақ болған сайын, ата-аналарыңызға операцияны құптауды талап ететін коды бар SMS жолданады.

✔️Ата-аналар сонымен қатар картадан қолма-қол ақшаны алып, өзгелердің картасына немесе шотына аударуға тыйым сала алады.

Төлем картасының кем тұсы бар ма?

Картаның соншалықты бір кемшіліктері жоқ. Дегенмен, төмендегілерді кемшіліктер қатарына жатқызуға болатын шығар:

✔️Ақша бәріне жететіндей болып көрінетін жалған сезім. Өз ақшаңызды тиімді басқаруды үйренгенге дейін, шектен шықпау деген сезімді ұмытып, картадан әдеттегіге қарағанда көбірек қаржы жұмсап тастауыңыз мүмкін. Себебі, электронды ақшаны ұстап көрмейсіз, сондықтан да ол көп секілді болып көрінеді;

✔️Картаны жоғалту. Картаның жоғалып қалуы немесе бүлінуі мүмкін. Әрине, оны ауыстыруға болады, алайда бұл үшін кейде көп уақыт кетеді, ал кей банктердің талабына сай ақша да төлеуіңіз мүмкін. Ата-анаңыздың бұл үшін қуана қоймасы белгілі.

✔️Алаяқтық әрекеттер. Қаржылық қаскүнемдер адамдардың ақшасын тартып алу үшін жүздеген алуан түрлі тәсілдерді қолданады. Балалар — ең әлсіз топқа жатады.


Қаржылық алаяқтарға келер болсақ, олар офлайн да, онлайн да шабуыл жасай береді. Кейде олар ұялы телефоныңызға қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады, немесе электронды поштаға күмәнді сілтемелер жолдайды. Егер сол сілтеме арқылы өтсеңіз, телефоныңызға барлық парольдеріңізді, соның ішінде банк қосымшаларын көшіріп алатын вирус жұқтыруыңыз мүмкін. Алаяқтар сізді фейк сайттарға шақырып алады: байқауда ұтып алдыңыз, не сайттағы әрекеттеріңіз үшін (лайктер, сұраққа жауап беру және т.б.) ақшалай сыйлыққа ие боласыз деп өтірік алдайды. Олардың мақсаты — сіз, сіздің ата-анаңыз туралы жеке ақпарат алу, сондай-ақ картаңыздың реквизиттерін білу. Әсіресе, алаяқтар картаңыздың сыртқы жағындағы үш таңбалы кодқа құмар. Оны басқаша CVV-код (VISA халықаралық төлем жүйелерінде қолданылады) немесе CVC-код (Mastercard карталарында пайдаланылады) деп атайды. Картаңыздағы барлық ақшаны алу үшін алаяқтарға осы ақпаратты білу жеткілікті. Сондықтан, осы ақпаратты ешқашан ешкімге айтпаңыздар және еш жерде жарияламаңыздар. Поштаңыздың, әлеуметтік желілеріңіздің паролін және төлем картаңыздың деректерін сұрайтын сайттарға тіркелмеңіздер.

Балалар банк картасын қауіпсіз тұтыну ережелері

1. Бәріне банк картаңыздың бар екенін жариялай бермеңіз. Бұл қауіпті болуы мүмкін: картаңызды ұрлап кетуі немесе мәжбүрлеп тартып алуы мүмкін.

2. Картаны ешкімнің қолына беруге және суретке түсіруге болмайды.

3. Картаңызға енгізілген деректерді өзгелерге жолдамаңыз, айтпаңыз және жарияламаңыз.

4. Әр банк картасының өзіндік құпия коды — ПИН-код болады. Оны онлайн немесе банкоматта енгізген кезде карта бойынша барлық операцияларды жүзеге асыруға болады. Сіз оны жаттап алыңыз немесе қағазға құпия түрде жазып алып, өзіңізбен бірге жеке жерде алып жүріңіз. Қалай жасыруды өзіңіз шешіңіз. Бастысы, ешкім кодыңызды шеше алмаса болғаны. Ешқашан кодты картаның өзіне жазбаңыз және онымен бірге сақтамаңыз.

5. Дүкенде немесе банкоматта ПИН-кодты енгізгенде пернетақтаны қолыңызбен көлегейлеп тұрыңыз және цифрларды дауысыңызды шығарып айтпаңыз.

6. Егер банк картаңыз жоғалып қалса, жылдам арада бұл туралы ата-анаңызға хабарлаңыз. Ата-анаңыз бірден банкке хабарласып, ешкім қандай да бір әрекетті жасай алмауы үшін картаны бұғаттауды талап етеді. Операцияларды бұғаттауды сонымен қатар мобильді қосымша арқылы онлайн жасауға да болады.

7. Телефоныңызға өзіңіз пайдаланып жүрген карта жататын банктің шұғыл желі нөмірін сақтап алыңыз, ол кез келген уақытта жаныңыздан табылуы керек. Қандай да бір жағдай болса, өзіңіз (немесе ата-анаңыз) оған хабарласып, осы банк қызметкерінің карта бойынша ақпарат алу үшін хабарласқан не хабарласпағанын, болмаса банктің қаншалықты сыйлықтар ұтысын өткізіп, карта қожайындары-қатысушылар үшін SMS жолдап жатқандарын біле алады. Қоңырау шалу себебі алуан түрлі болуы мүмкін. Сізге картаның бұғатталғаны, «қауіпсіздік қызметін тексеру», «қате аударым жасау» секілді тағы басқа беймаза SMS немесе электронды поштаңызға хат келуі мүмкін. Олардың қаншалықты рас екенін білу үшін банктің ресми нөміріне қоңырау шалған дұрыс.


white-arrow Тізімге