Инвестиция — пайда көру мақсатында ақша салу. Егер сіз ақшаны жинап қана қоймай, сондай-ақ олар өзіңізге қызмет етіп, кіріс әкелуі үшін салым түрінде пайдалануға болатынын түсінсеңіз, инвестор атандыңыз деген сөз. Қаржы құралдары — инвестициядан пайда көруге көмектесетін қаржы әлеміндегі «көмекшілер». Қарапайым мысал келтірейік: сіз ақшаңызды депозитке салу үшін банкке апарасыз. Осылайша өз ақшаңызды банк депозиті секілді қаржы құралына инвестициялайсыз. Сіз жинаған ақшаңызды банкке белгілі бір мерзімге сеніп тапсырасыз, ал келісілген мерзім аяқталғаннан кейін, ақшаңыз қайтарылып беріледі, әрі қолданыста болғаны үшін үстіне пайыз қосылады. Депозит — инвестицияның ең кеңінен тараған әрі сенімді түрі деуге болады.
Қаржы құралының көптеген түрлері бар, олардың әрқайсысы өзіндік артықшылықтар мен кемшіліктерге ие. Қаржы құралына инвестиция салу әрдайым кіріс, яғни пайда әкеле бермейтінін түсіну қажет, мұндайда елеулі шығынға ұшырауыңыз да мүмкін. Әрине, инвестициялау белгілі бір білімді, күш пен түсінікті талап етеді.
Инвестиция ережелерінің бірінде көздеген кіріс неғұрлым жоғары болған сайын, онымен байланысты қауіп-қатер соғұрлым жоғары делінеді. Сондықтан, инвестор үшін қауіп-қатердің қолайлы деңгейін анықтау аса маңызды, ал ол инвестиция құралдарына тән түрлі класстар арасындағы қатынастың нәтижесі саналады.
Инвестициялаудың түрлі тәсілдері мен құралдарын таңдау барысында жинаған ақшаңызды сақтап, әрі көбейтетін түріне тоқталу қажет. Сондай-ақ олар инвесторға түсінікті болулары тиіс. Инвестордың мүмкіншілігі неғұрлым жоғары және оған қолжетімді инвестициялық тәсілдер мен құралдар қатары неғұрлым ауқымды болған сайын, оның инвестиция портфелі соғұрлым қауіпсіз және кірісті болмақ. Қазіргі таңда инвестициялауға жұмыс секілді қарау керек — яғни, нақты мақсат қойып, оған жетуді елестеткен дұрыс.
Акция, облигация, ҮИҚ секілді негізгі инвестиция құралдарына қысқаша тоқталып өтейік.
Акция — акционерлік қоғам шығаратын құнды қағаз. Егер сіз компанияның акциясын сатып алсаңыз, автоматты түрде осы компания үлесінің қожайынына айналасыз. Сіз акционер атандыңыз. Бұл құнды қағаз акционерге жалпы жиналыс кезінде дауыс беру, таратылған жағдайда қоғам мүлкінің белгілі бір бөлігін және дивиденттерді иелену секілді тағы басқа ҚР «Акционерлік қоғамдар туралы» заңында қарастырылған құқықтарды береді. Акцияны сатып алуға қомақты соманы жұмсамай тұрып, өз мүмкіндігіңізді бағалап, құнды қағазды тек басы артық ақшаға сатып алуға тырысыңыз.
Әрине, акцияға салынған инвестицияның пайдасы, мысалы, банкке депозит салғаннан анағұрлым жоғары болады. Себебі, акциялардың бағасы өсіп, қожайынына зор кіріс әкелуі мүмкін. Алайда қауіп-қатер де жоқ емес. Акция басқаларымен салыстырғанда алдын ала болжам жасау мүмкін емес инвестиция құралына жатады. Инвестор қомақты пайда көріп қана қоймай, акция құны түсіп кеткен жағдайда, дәл солай елеулі шығынға ұшырауы да мүмкін. Тарихта кей инвесторлардың бір-ақ сағатта банкротқа ұшырауы жайлы оқиғалар аз болмаған.
Акция құны бірнеше рет өзгеруі мүмкін — акцияны кіріс алдын ала келісілетін және ақша салу мерзімі барысында өзгермейтін депозиттен ерекшелендіретін де осы.
Белгілі бір компания акциясының құнына қызметтің қаржылық көрсеткіштері ықпал етеді, ал дивиденттер көлемі, компанияның даму перспективасы мен инвестор үшін көп жағдайда тосын сый болып қалатын тағы басқа факторлар соған тәуелді. Сонымен қатар акция құнына елдегі немесе аймақтағы экономикалық ахуал қатты әсер етеді. Осылайша акция құнының өсуіне байланысты ешкім алдын ала кепілдік бере алмайды.
Келесі қаржылық құрал — облигациялар. Оларды сондай-ақ компанияның борышқорлық міндеттемесі, «борышқорлық қолхат» деп те атайды. Яғни, облигацияны сатып алу арқылы сіз компанияға кейін пайда көремін деген мақсатта қарыз бересіз.
Бұл кірістің толық сомасы, мерзімі және көлемі сатып алу кезінде анықталады — облигацияның акциядан айырмашылығы осы. Облигациялар құнды қағаздар нарығындағы ең сенімді салым түрі саналады. Құжат бойынша компаниялар сізге облигация бойынша қарызды қайтарып беруге міндетті. Дегенмен, естеріңізде болса, қауіп неғұрлым төмен болған сайын, кіріс те соғұрлым төмен. Сол себепті облигациядан түсетін пайда акциянікі секілді жоғары болмайды. Ақшаңыздың жартысын облигацияға, жартысын акцияға салу арқылы инвестициялау барысында тепе-теңдекті сақтап қалуға болады. Инвесторлардың тағы бір «құнды» ережесі — «жұмыртқаларды бір себетке салмайтындары». Яғни, ақшаны тек бір қаржылық құралға салған дұрыс емес, шығынға ұшырап қалмау үшін инвестициялаудың бірнеше бағытын таңдау керек.
Құнды қағазға инвестиция салу — нақты әрі терең білімді, белгілі бір машықты және әрдайым «нарықта болу үшін» көбірек бос уақытты талап ететін әжептәуір күрделі процесс. Дегенмен, өздеріңіз жақсы білетіндей, қарапайым адамдардың көбінің өз беттерінше мұндай инвестиция жасауға арнайы білімдері де, уақыттары да жетпейді.
Сондықтан, олар үшін үлеспұлдық инвестициялық қорлар (ҮИҚ) тамаша балама болады. Бұл ұжымдық инвестициялау формасы.
Түсінікті болуы үшін ҮИҚ-тің қалай құрылатынын қарапайым бәліш түрінде алып, баяндап көрейік. Сонымен, мұндай «бәліш» пісіру үшін бірнеше адам атсалысуы тиіс, сондықтан да ҮИҚ ұжымдық деп аталады. Әр инвестор өз үлесін қосады, «бәліш осылардан дайындалады». Әркімнің үлесі әртүрлі болуы мүмкін — біреудікі 100 мың теңге, біреудікі одан көбірек. Қорға қанша сома енгізгеніңізге қарай, сонша көлемде пайда көретін боласыз. Бәліштегі «тіліміңіз» неғұрлым үлкен болса, пайда да соғұрлым жоғары. «Бәліш пісіретін» «кондитерлік фирма» — басқарушы компания. Қорды дамыту стратегиясымен сол айналысады — яғни, ақшаларыңыздың қандай қағазға салынатынына байланысты шешім қабылдайды. Сондай-ақ жарнашыларға қаржыларының қайда салынғанын хабарлайды.
Қаржылық құралдардың: опциондар, алтын, фьючерстер, жылжымайтын мүлік, жинақтаушы сақтандыру секілді бұдан да басқа алуан түрлері бар. Ең бастысы ақша кіріс әкелуі тиіс екенін ұмытпау керек. Сонымен қатар, қаржы құралдарының кез келген түріне инвестиция салғанда орын алуы мүмкін сақтық пен қауіп жайлы да естен шығармаған жөн.
Алаяқтар трендте: алдаудың нақты жағдайлары және одан қорғану әдістері
Жеңіл ақша және үлкен пайда: неліктен алаяқтардың уәделеріне сенуге болмайды
«Жалақыға дейінгі кредит»: мұндай микроқарыздар беру жағдайында не өзгерді
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Қаржылық инклюзияны дамыту – реттеушінің негізгі басымдықтарының бірі