Балаға ерте жастан-ақ ақшаны дұрыс ұстаудың жолдарын, оның қайдан алынатынын және қалай дұрыс жұмсау керектігін түсіндіре отырып үйрету қажет. Мұндайда оған бірінші кезекте ата-анасы көрнекі мысал болады. Кез келген бала ақша жайлы не білуі керек? Бүгін осы сұрақты бірге талқылап көрейік.
Отбасында ақша қайдан пайда болады?
Отбасылық бюджет үйге келетін барлық кіріс пен отбасының толық шығынынан құралады. Кіріс — бұл отбасы мүшелерінің жалақылары, зейнетақы, жәрдемақы, ақшалай сыйлықтар, материалдық көмек.
Отбасының шығыны — тамаққа, киімге, тұрмыстық химияға, коммуналдық төлемге, егер бар болса, кредит төлеуге, сонымен қатар демалысқа, оқуға, ойын-сауық пен тағы басқаға жұмсалған қаражат.
Бюджетті дұрыс басқара білу — нағыз өнер. Айталық, сіздің ата-анаңыз (олармен бірге сіз де) ақшаны дұрыс жұмсауды білмейсіздер және жалақының тең жартысын бірінші күні-ақ көңіл көтеруге және демалысқа жұмсап тастайсыздар. Демек бұдан кейін азық-түлік, коммуналдық төлем, көлік шығыны, дәрі-дәрмек секілді басты сұраныстарға қаржы қалмайды.
Егер қаржылық дисциплина, шығындардың қатаң тәртібі, бюджет жоспары мен мақсаты болмаса, қаржылық қолайлылық та болмайды.
Отбасында шығын көлемі кірістен артық болса, бюджетті қайта қарастыру қажет болады. Біріншіден, барлық артық шығынды қысқартыңыздар. Бұл тұста ай сайынғы кірістеріңіз бен шығыстарыңыз көрсетілетін қаржылық кесте көмектеседі. Бюджет кестесі шығындардың қандай тармақтарын еш қиындықсыз алып тастауға болатынын көрсетеді. Екіншіден, қосымша табыс табу жолын қарастырыңыз. Мысалы, сіз фотоға түсіргенді ұнатасыз. Фотостоктардың біріне тіркеліп, фотографияларды салып, әрбір жүктелген сурет үшін белгілі бір төлем ала аласыз. Үшіншіден, ай сайын белгілі бір соманы жинап отырыңыз. Тым болмаса аздан бастаңыз: қандай да бір кіріс келгенде, тіпті, күнделікті қалтаңызға салып беретін ақша болса да, бірден 10–15 %-ын жинақ сандықшасына салыңыз немесе ата-анаңыздан картаңызға не депозитке салып берулерін өтініңіз.
Ақша есепті ұнатады
Адамның қаржылық қолайлылығы негізінен ақшаны таба білуден және дұрыс жұмсай алудан тұрады. Егер осы машықтардың бірі «ақсаса», сіздің қаржылық қолайлығыңыз да шытануы мүмкін. Ақшаны сауатты тауып, шығындай білу үшін кірістер мен шығыстар есебін дұрыс жүргізе білу керек.
Олардың есебін бала кезден-ақ, қолыңызға ақша түсе салысымен жүргізіп бастаңыз. Бұл үшін арнайы кітапша бастаңыз немесе смартфонға қаржыны бақылауға арналған қосымшаны жүктеп алыңыз. Қашан және қанша ақша түскенін, неге жұмсалғанын жазып отырыңыз. Ақшаны не үшін жинайтыныңыз және оған қанша уақыт кететінін түсінген маңызды. Сонда ақшаңызды босқа құртып алмай, керісінше, көбейтуге көмектесетін қаржылық жоспар алынады. Себебі, ақша өзін бағалай білетіндерді жақсы көреді.
Өзіңді ақша жинауға қалай жігерлендіруге болады?
Шығындарды жоспарлауды үйренуге болады, әрі солай жасау керек, бастысы — сабырлық және мұның не үшін маңызды екенін түсіну. Естеріңізде болсын: егер жоспар болмаса, ақшаңызды жұмсап тастайсыз және ай соңында оның неге кеткенін білмейсіз. Күніне 200-500 теңге жұмсау түкке тұрмайтынын, ал соны жинасаңыз бір жылда 180 мың теңгеден артық болатынын мойындайтын шығарсыз!
Ақшаңызды неге жұмсағыңыз келетінін және арманыңыздың қанша тұратынын жазып қойып, есте сақтаңыз. Бұл ай сайын қандай соманы жинау керектігін және қажет соманы жинау қанша уақытты алатынын есептеу үшін маңызды. Бұдан былай бірдеңені сатып аларда мақсатыңыз еске түседі де, осы зат маған шынымен керек пе деген сұрақ туындайды. Тіпті, оны сатып алуым керек дегенге нық сенімді болсаңыз да, ойлана тұруға тағы бір-екі күн бөліңіз. Бұл уақыт аралығында осы шығынның қаншалықты орынды екенін нақты түсінесіз.
Сонымен қатар, ақшаны көз алдыңызда немесе баршаға ортақ жерде ұстамаңыз, дұрысы жинақ сандықшасына салыңыз. Ақша жинау қызықтырақ бола түсуі үшін жинақ сандықшасына «Арманыма жинап жүрмін» немесе «Велосипед үшін жинап жатырмын» деп жазып қоюға болады. Аптасына бір рет ақшаларды ата-анаңызбен бірге санап, өсу барысын бақылап отыруға болады. Сондай-ақ «Жұмсаймын» және «Жинаймын» деген екі конверт жасап, әрқайсысына алдын ала есептелінген, белгілі бір соманы салған сайын, шығыстар мен кірістердің есебін жүргізіп отырасыз. Сонымен қатар ата-аналар балаларға арналған банк картасын ашып, жинаған ақшаны сонда салып отырса да болады. Мұндай қызметті көптеген банктер ұсынады.
Ақшаны босқа жұмсамау үшін бес кеңес
Бірінші кеңес: Үнемшіл болыңыз — бұл саналы тұтынудың басты қағидасы. Мысалы, бөлмеден шыққанда жарықты сөндіріңіз, пайдаланбаған кезде шүмектегі суды тоқтатыңыз. Телефонның, компьютер мен планшеттің зарядкасын да дәл солай өшіріп жүрген абзал. Саналы тұтыну қағидасын өмірдің барлық саласында, сондай-ақ ақшаға қатысты да пайдалануға болады, әрі пайдалану қажет.
Екінші кеңес: Жарнамаға сақтықпен қараңыздар. Теледидар экрандарында, телефондарыңызда, көшедегі жарнама қалқандарында күндіз-түні сатып алуды ұсынып жататын заттарды сатып алуға асықпаңыздар. Оның өзіңізге қаншалықты керек екенін ойлануға уақыт беріңіз.
Үшінші кеңес: Әуелі ең керектілерін сатып алыңыз, тек осыдан соң ғана қосымша заттарды алуға болады. Ата-анаңызбен дәл қазір сізге нені сатып алу маңызды екенін, ал нені қоя тұруға болатынын кеңесіңіз. Тағы да естеріңізге сала кетейік, керекті шығындар болады және қалаулы шығындар болады. Керектілер — бұл міндетті шығындар (тағам, коммуналдық төлем, салық және т.б.), ал қалаулылар — көңіліңіз қалайтын, бірақ әзірге болдырмай-ақ қоюға болатын, мысалы, компьютер ойындары, қымбат гаджеттер және т. б.
Төртінші кеңес: Оқуға инвестиция салыңыздар. Шетел тілдерін оқып, пайдалы ермек табыңыз. Қаржы туралы, табысты адамдардың автобиографиялары жайлы көбірек кітаптар мен материалдар оқыңыз.
Бесінші кеңес: Артық ештеңе алып қоймау үшін дүкенге не сатып алатыныңызды жоспарлап барыңыз. Сауда орталықтарында заттар оларды барынша көп адам алатындай етіп орналастырылған. Оның үстіне менеджерлер көздің алдына ең қымбат заттарды қояды, ал арзанырақтары әдетте алысырақ, шетке қарай, бұрышқа қойылады. Касса маңындағы тәттілер де бала оны көріп, қолына алып, ата-анасынан сатып әперуді өтінуі үшін төмен қарай қойылады.
Барлық кірістің 10–15 %-ын жинап қоюды дағдыға айналдырыңыз. Мысалы, 1000 теңгенің 100–150 теңгесін жинақ сандықшасына саласыз (одан да көп салуға болады). Әрдайым қолыңызға кіріс түрінде ақша тиген сайын, тіпті, ата-анаңыз күнделікті қалта шығынына бергенде, осылай жасаңыз. Шығындардың бұл бабын «Өзіме» деп атаңыз. Бір де бір төлемді жіберместен, тұрақты түрде жинақтаңыз. Кей адамдар жинақ сандықшасына 2-3 айда бір рет белгілі бір соманы салуды жөн көреді, алайда бұл стратегия аса дұрыс емес. Ақшаны бір жағдайдан келесі жағдайға дейін жинау арқылы сіз өзіңізді тәрбилей алмайсыз, әрі көздеген мақсатыңызға қол жеткізу де ұзаққа созылып, қиындап кетеді.
Тәжірибе көрсеткендей, егер адам үнемдеуді қолға алып, ақша жинай бастаса, ол бірінші кезекте тағамға шектеу қойып, сапасы төмен арзан азық-түлікті сатып ала бастайды. Бірақ бұл дұрыс емес. Тамақтану бірінші кезекте сіздің ағзаңыздың саулығына нұқсан келтіреді. Жай ғана тамақтануыңызды қайта қарастырып, тек пайдалы өнімдерді ғана сатып алып, майға пісірілген тәтті бәліш, тоқаш, бургер секілді тағы басқа «джанк-фуд» зиянды тағамға барынша шектеу қою қажет. Отбасылық бюджеттің басым бөлігін дәл осылар «жеп қояды». Сақтап қою үшін дүкеннен артық тағамды сатып алмаңыздар. Қанша жесеңіз, сонша ғана алыңыз. Әйтпесе, бұзылып кеткен өнімдерді, тұрып қалған көкөністерді, кеуіп кеткен нанды және тағы басқасын лақтыруға тура келеді. Мұндай қайта қайталанбауы үшін үйдегілермен бір апталық мәзір жасап, қандай азық-түлікті, қанша мөлшерде алатындарыңызды нақты жазып алыңыздар.
Сонымен қатар, дәл кіріс түскен күні дүкенге бармаған дұрыс. Бір қарағанда, ақшаңыз өте көп, бәріне жететін секілді болып көрінуі мүмкін, алайда шопинг соңында әмиянда не картаңызда түк қалмайды. Одан да сауда орталығына баруды келесі күнге қалдырыңыз, сонда өзіңіздің қаржылық мүмкіншілігіңіз бен нақты сұраныстарыңызды ақылға салып бағалай аласыз. Яғни, ақшаны босқа құртуға деген құмарлығыңыз басылады.
Супермаркетке тоқ кезіңізде барыңыз. Аш адам ештеңеге қарамастан шамадан тыс азық-түлік алып тастайды.
Ата-аналардың қаперіне:
- Аптасына бір күн, мысалы сенбі не жексенбі балаларыңызбен қаржылық тексеру жүргізіңіз: қанша жұмсалды, қанша ақша алды. Әрине, есеп беру мен талқылау емен-жарқын ортада іске асуы тиіс.
- Балаңызды сәтті қаржылық шешімі үшін мақтап, қолпаштап, қателіктері болса байыппен талқылаңыздар. Бастысы, бала сабақ алса болғаны. Орынсыз шығындары үшін ұрсудың қажеті жоқ. Өз қателіктерінен сабақ алуға рұқсат беріп, қажет болғанда кеңес беріп көмектесіңіз.
- Бірге бюджетті жоспарлау туралы пайдалы кітаптарды оқып, ақша жайлы фильм көріңіздер. Және естеріңізде болсын: балалар көп жағдайда ата-анасынан үлгі алады, сондықтан да өз қаржылық сауаттарыңызды жетілдіріп, қаржылық тәртіпті нығайтыңыздар.
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар
Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Жаңадан бастағандарға арналған инвестициялық қосымша қалай жұмыс істейді?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма