Сауатты жоспар құрамыз. Қаржылық мақсатымызға қалай жетеміз?

time 30.12.2020
aye 3

Кей балалар жақсы білім алып, жоғары оқу орнына түсуді, енді біреулері жаңа пәтер немесе үй жайлы, шетелге саяхат жасауды тілейді, сондай-ақ ата-анасы мен отбасының бақытты және сау болуын тілейтіндер де бар. Қысқасы, арманның түрі көп және олар шексіз.

 

Армандаудың қай жаста болмасын еш зияны жоқ. Сонымен қатар, қаржылық мақсатты дұрыс құрып, оған ерте жастан қол жеткізуді үйренуге де болады. Арман мен мақсат бір-бірінен осы жағынан ерекшеленеді. Айталық, сіз қанадай да бір затты қалайсыз. Ол үшін белгілі бір соманы жинауыңыз керек. Бұл үшін осы ақшаны қанша мерзім ішінде жинай алатынызды есептейсіз. Осылайша ақшаны жинауды бастап, мақсатыңызға қарай нықты бағыт аласыз.

Демек егер нақты қадам жасасаңыз, арманды іс жүзіне асыру әбден мүмкін. Тиыннан ақша құралады деген сөз тегін айтылмаған. Бұл тұста шығынды бақылауда ұстау маңызды рөл атқарады. Күніне қанша ақша жұмсауға мүмкіндігіңіз бар екенін анықтап, осы шектен шықпауға тырысу қажет. Ақша санағанды ұнатады, сондықтан да тұрақты түрде, мысалы, күніне бір немесе аптасына бір рет арнайы дәптерге немесе телефонға өз кірістеріңіз бен шығындарыңызды жазып, егжей-тегжейін толық көрсетіп, күнін белгілеп отыру керек. Ай соңында осы есепке қарап, қаржылық тәртібіңізді сараптап, шығындарыңызды қаншалықты жоспарлай білетініңізді бағалап, жағдайды түзету үшін не істеуге болатынын, кірістер тармағын қалай арттыру керектігін саралайсыз. Мереке кезінде, сондай-ақ туған күніңізге туысқандардан алған ақшаның бәрін бірден жинақ сандықшасына аттандырыңыз.

Сондай-ақ ата-анаңыздан сізге арнап банк депозитін ашып беруді өтінсеңіз болады. Оған қолыңызға ақша түскен сайын, мобильді қосымшаны пайдаланып әке-шешеңіздің көмегімен ақша салып отыра аласыз. Салымды түрлі мерзімге, үш айға, жарты немесе бір жылға ашуға болады.

Егер уақыт өте келе, өзіңізге керек сомадан артық қаражат жинап жатсаңыз, ақшаны бірден жұмсамай, «қор ретінде» сақтап қоюға болады. Осылайша кез келген адамға ертеңгі күнге дегін сенімділік сыйлайтын «қаржылық қауіпсіздік жастығына» ие боласыз. Жинақтамаңызды тұрақты түрде толықтырып отыруға тырысу керек. Кез келген адам жинаған ақшасы бар екенін білгенде, әрдайым өзін сенімді сезінетін болады. Оны пайдалы қаржылық әдетке айналдырған дұрыс!


«Ата-аналарға арналған лайфхак» айдары

Бала кезден әдетке айналдыруға болатын 5 үздік қаржылық кеңес 

Бірінші кезекте өз-өзіңізге төлем жасаңыз. Роберт Кийосаки айтпақшы, кедейлер бірінші кезекте басқаларға, тек соңында ғана өздеріне төлем жасайды, ал байлар бірінші кезекте өздеріне төлем жасап, қалған бөлігін басқа шоттарға таратады. Мұны қалай түсінуге болады? Америкалық бизнес-тренер жүйесінің бірегейлігі - өз капиталыңды жинау процесі ақша қолға түсе салысымен бастау керектігінде жатыр. Көбі жалақы ала сала комуналдық қызметті төлеуге, тоңазытқышты азық-түлікке толтыруға жүгіреді, тек ең соңында ғана жинауға қалдырады. Негізі, ақшаның белгілі бір бөлігін, тым болмаса 1%-ын немесе тұтас 50%-ын бірден сақтаған дұрыс әрі пайдалы. Әдетті қалыптастырып, ары қарай бекіте түсу үшін аздан бастауға кеңес береміз. Балаларды да дәл осы принципке үйреткен жөн. Бұл үшін балаға жинақ сандықшасын алып беріп, ол ата-анасынан немесе басқалардан сыйлыққа ақша алған сайын соның бір бөлігін осы сандықшаға салып отыруды көрсетіңіздер.

Мақсат қойыңыз. Мақсат пен жоспарсыз өмірді сәтті деуге болмас. Адамға толыққанды өмір сүру үшін өмірдің қайда бағытталғанын білген маңызды. Егер, мысалы, жұмысқа немесе дүкенге дейін жаяу бару секілді қандайда бір нақты мақсат болмаса, өзіңді жай ғана үйден шығуға, серуенге баруға мәжбүрлеу де қиынға соғады. Алдыңызға кішігірім мақсаттармен бірге ауқымды да өршіл мақсат қоя біліңіз және барынша соған жетуге тырысып, соған қол жеткізгеніңізді елестетіңіз. Жоспарсыз мақсат - картасыз жер кезумен тең. Міндетті түрде барлық мақсаттарыңызды бірнеше бөлікке бөліп алыңыз. Бұл балаңызға сандықшаға ақша салуға тамаша себеп болады. Өйткені жаңа велосипед немесе қандай да бір гаджет үшін ақша жинау да баланың мақсатына айнала алады. Көрнекілік ретінде көз алдыңа елестету тәсілін қолданып, көздеген затыңыздың суретін жинақ сандықшасының сыртына жабыстырып қоюға болады. Армандар картасының қалай жұмыс істейтіні естеріңізде болар?

Алмай тұрып, беруді үйреніңіз. Алмай тұрып беру әдеті өте маңызды. Балаға ақшаның қалай келетінін, ата-анасының сағаттап жұмыс істеп, қоғамға пайдасын тигізіп, тек осыдан кейін ғана сыйақы ретінде ақша алатынын түсіндіру маңызды. Ақша өз-өзінен келмейді, оған қол жеткізу үшін өзіңнің адамдарға не бере алатыныңды ойлау қажет. Бұл балаларға түсіндіруді және үйретуді талап ететін өте маңызды қағида. Үйрету процесі қызықты болуы үшін оны ойын түрінде өткізуге болады. Бұл үшін отбасының кішкентай мүшесін қандай да бір жұмысты атқарғанда немесе отбасы мен үйге пайдалы қызметті көрсеткенде ынталандырып отыруға болады. Әйтсе де, бұл тұста сақ болған жөн, балаға күнделікті тұрмыстағы міндеттері үшін ақша бермеңіз, әйпесе, ол тіпті, өзі ойнаған ойыншығын орнына қойғаны үшін де ақша талап ететін болады. Мысалы, бақшаны суарғаны немесе подъезді тазалағаны үшін тиын беруге болады. Сондай-ақ баланы қайырымдылық жасауға үйретіңіз. Қайырымды іс ешқандай ақы талап етпейді. Алайда соның өзінде адамға қайырымы болады. Бұл мейірім, сыйластық, алғыс, ризашылық...

Шығындарыңызды бақылауда ұстай біліңіз. Барлық шығынды бақылауда ұстау — аса қызықты тірлік емес. Алайда бұл қаржылық тәртіп пен отбасылық бюджеттегі тұрақтылыққа қол жеткізудің ең қысқа жолы. Баланы қолда бар ақшаның бәріне бірден ойыншық сатып алмай, қалғанын жинап отыруға үйретсе, ол арманындағы велосипедті тезірек ала алатынын біле бастайды. Бала осыны түсініп, затты бірден сатып алмай, осыған қатысты дұрыс шешім қабылдай білуі тиіс. Бұлай жасау бір дегеннен қолынан келмесе, қапаланбаңыз. Есіңізде болса, қайталау — білім анасы, әрі жақсы әдет қалыптастыру тәсілі.

Артық ақшаны инвестицияға салыңыз. Балаға ақша тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін ғана емес, сондай-ақ ақша табу үшін де керек екенін түсіндіру — әрі маңызды, әрі пайдалы әдет. Мысалы, балаларыңызға «Монополия» секілді үстел ойнын сатып алыңыз, сонда олар инвестициялау қағидаларын, нарықтық экономиканың негіздерін ойын арқылы түсінетін болады. Сондай-ақ осындай әдеттерді дамытуға көмектесетін виртуалды ойындарды ойнауларыңызға болады.

white-arrow Тізімге