2020 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын халықтың әлеуметтік осал топтары (бұдан әрі – ХӘОТ) санатына жататын ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету бөлігінде іске асыруда.
Екінші деңгейдегі банктерге ХӘОТ-қа жататын қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайын талдау негізінде негізгі борышты азайту, 20 000 теңгеден бастап ай сайынғы төлеммен жеңілдік кестелерін белгілеу және қарыз алушының кірісін күнкөріс деңгейінен төмен емес сақтау түрінде борыш жүктемесін жеңілдетудің қосымша тетіктерін жеке тәртіппен қолдану құқығы берілді.
Қарыз алушының қаржылық жағдайын талдауды жүргізген және қарыз алушының төлем жасау қабілеттілігін айқындаған кезде банктер үшінші тұлғалардың, оның ішінде қоса қарыз алушының, кепілгердің қарыз шарты, кепіл шарты бойынша кірістерін есепке алмайды, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар және әлеуметтік төлемдер кіріс ретінде танылмайды.
Банктің балансында есепте тұрған жалғыз баспанасын қарыз алушының меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушының жылдық 3% сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыруды жүзеге асыру не оған кейіннен сатып алу мүмкіндігімен тұрғын үйді жалға беру құқығы ұсынылады.
2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ХӘОТ санатына жататын және жалғыз баспанасы банктің балансында тұрған 1 350 қарыз алушыға 11,9 млрд теңге сомаға қосымша көмек көрсетілді.
Банктердің шығыстарын өтеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 44,6 млрд теңге бөлді.
Ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мерзімі 2021 жылғы 1 шілдеге дейін деп белгіленді. Шамамен 8 мың қарыз алушыға қолдау көрсетіледі деп жоспарлануда.
Бағдарламамен ипотекалық қарыз алушылардың көбірек қамтылуын ұлғайту және әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қосымша көмек көрсету үшін 2020 жылғы қыркүйекте Ұлттық Банк Басқармасы Бағдарламаға:
- жұмыс жасау қабілетінен және ипотекалық кредитті өтеуге кірістерінен айыратын әлеуметтік маңызы бар аурулардың ауыр түрлерімен (аурудың 5 түрі енгізілді) ауыратын азаматтардың қарыздарын қайта қаржыландыру;
- Бағдарламаның ХӘОТ үшін көзделген жеңілдетілген талаптарын қарыз алушының жақын туыстары болып табылатын қоса қарыз алушыда, кепіл берушіде, кепілгерде ХӘОТ мәртебесі бар қарыздарға да қолдану;
- Бағдарламаға таратылатын «Астана Банкі» АҚ-та және «Qazaq Banki» АҚ-та валюталық ипотекалық қарыздары бар қарыз алушыларды, сондай-ақ жалғыз баспанасы «Астана Банкі» АҚ мен «БТА Банк» АҚ-тың балансында тұрған азаматтарды енгізу және т.б. мүмкіндігін көздейтін түзетулерді бекітті.
Алдын ала бағалау бойынша түзетулер қосымша шамамен 5 мың қарыз алушыны қамтуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама өлшемшарттарына сәйкес келетін қарыз алушылар борыш жүктемесін азайту үшін кредитор банктерге жүгінуі қажет.
«Агенттіктің қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен бірлесіп Бағдарламаның іске асырылуына жүргізген талдауының нәтижелері бойынша Бағдарламада ХӘОТ-қа жататын қарыз алушылардың ипотекалық қарыздары бойынша борыш жүктемесін азайту үшін оларды қосымша қамту қажеттілігі анықталды. Сондықтан қазіргі уақытта Бағдарламаға түзетулер енгізу мәселесі қаралуда», - деді Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев.
2020 жылғы желтоқсанда Агенттік жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) теңгемен қайта қаржыландыруды көздейтін Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының бір бағытын аяқтады. Агенттіктің банктермен бірлесіп атқарған жұмысының нәтижелері бойынша валюталық ипотекалық қарыздары бар қарыз алушылардың проблемалары толығымен шешілді. Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін халықтың валюталық ипотекалық қарыздарының 100%-ы жеңілдікті бағам бойынша теңгеге айырбасталды және азаматтар болашақта валюталық тәуекелдерден қорғалды.
Бағам айырмасын өтеу үшін банктерге 114,4 млрд теңге бөлінді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) жататын қарыз алушы үшін қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3% мөлшерінде, өзге қарыз алушылар үшін – 12% (егер қолданыстағы қарыз бойынша мөлшерлеме төменде көрсетілген мәндерден аз болса, мөлшерлеме ұлғайтылмауға тиіс болып белгіленді.
Сонымен қатар Агенттік Бағдарламаны 2004 − 2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген және жалғыз баспанамен қамтамасыз етілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруды көздейтін бөлігінде іске асыруды жалғастыруда, 168,2 млрд теңге сомаға 27,7 мың қарыз қайта қаржыландырылды (2021 жылғы 1 қаңтардағы деректер). Бағдарламаның осы бөлігін іске асыруға Қазақстан Ұлттық Банкі 130 млрд теңге бөлді. Қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі қарыз алушы үшін жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді.
Іске асыру кезеңінде банктер 222,6 млрд теңге сомаға 27 202 валюталық ипотекалық қарызды, оның ішінде Бағдарламаның бірінші бөлігі бойынша 90,5 млрд теңге сомаға 13 418 қарызды, екінші бөлігі бойынша - 132,1 млрд теңге сомаға 13 784 қарызды айырбастады.
Банктер қарыз алушылардың сыйақы, тұрақсыздық айыбы (өсімпұл, айыппұл) және комиссиялар бойынша 262 млрд теңге сомадағы берешегін кешірді.
Қарыз бойынша негізгі борыштың қалдығы бұрын жинақталған соманы шегере отырып қайта қаржыландырылуға жатады, қарыз алушының сыйақы, комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша берешегін банктер кешіруге жатады. Бұдан басқа борышты банктердің пайдасына өндіріп алу туралы сот актілері бар қарыздар бойынша ХӘОТ-қа жататын қарыз алушылар мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылған.
Бағдарламаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның барлық өңірінде Бағдарлама шеңберінде банктердің қарыздарды қайта қаржыландырудан бас тартуларына қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі Комиссиялар жұмыс жасайды. Комиссиялардың құрамына Агенттіктің өңірлік өкілдері, әкімдіктер, мүдделі мемлекеттік органдар және қоғамдық бірлестіктер кіреді.
Агенттіктің сайтында қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасау үшін банктер қызметкерлерінің байланыс телефондары және банктердің ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мәселесін қарауы үшін қажетті құжаттардың тізбесі орналастырылған. Сондай-ақ www.fingramota.kz сайтында Бағдарлама бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар «кері байланыс» функциясымен және Бағдарламаны іске асыру шарттары бойынша сұрақ қою мүмкіндігімен орналастырылған.
Агенттік банктердің Бағдарлама талаптарымен азаматтарға қолдау көрсету шараларын уақтылы және толық іске асыруына тұрақты түрде бақылау жасайды.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мына жедел желі телефондары бойынша өтініш жасауға болады:+7 (727) 237 1000
Жұмыс кестесі дүйсенбі – жұма күндері, сағат 9.00 - 17.00 аралығында
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Франкфурт аукционы: не білу қажет?
Қаржы пирамидаларын қалай тануға болады: негізгі белгілері