2021 жылы қаржы реттеушісі қаржы ұйымдарына қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 62,7 млн теңгеге 154 айыппұл салды

time 21.02.2022
aye 5228
2021 жылы қаржы реттеушісі қаржы ұйымдарына қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 62,7 млн теңгеге 154 айыппұл салды

Қаржы ұйымдарының қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол берген бұзушылықтарды мониторингтеу және талдауды жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) қаржы ұйымдарына тиісті ықпал ету шаралары мен әкімшілік жазалар қолданады.

Мәселен, 2021 жылы екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, кредиттік бюроға, коллекторлық агенттіктер мен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты 62,7 млн теңге жалпы сомаға  97 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы, 77 жазбаша ұйғарым, 2 жазбаша ескерту және 154 әкімшілік жаза қолданылды.

Екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға (бұдан әрі - банктер) қатысты ықпал ету шаралары

2021 жылы Агенттік қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін банктерге қатысты:

  • 84  ұсынымдық қадағалап ден қою шара сын ;
  • 6 жазбаша нұсқама;
  • 28 әкімшілік жаза қолданды.

 Жүргізілген талдаудың нәтижелері басым жағдайда банктердің мыналар:

  • банктік қарыздарға қызмет көрсету, оның ішінде қарызды мерзімінен бұрын өтеу кезінде банктік қарыз шартының барлық кезеңі үшін сыйақыны заңсыз төлеуді талап ету;
  • ішкі қағидаларды, рәсімдерді, процестерді сақтамау;
  • жинақ шоттарын қоса алғанда, клиенттердің шоттарына қызмет көрсету;
  • төлемдер мен ақша аударымдары;
  • Банк қызметтерін ұсыну қағидаларының, Берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге беру немесе құқықты (талапты) басқаға беру тәртібінің талаптарын сақтамау;
  • төлем талаптарын, инкассолық өкімдер шығару/орындау;

банк қызметтері туралы жарнамада банк лицензиясы нөмірінің және лицензия берген орган атауының болмауы бойынша бұзушылықтарға жол берілгенін көрсетті.  

Банктерге қатысты әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 10,1 млн теңгені құрады.

Олар үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген, банктер жол берген негізгі бұзушылықтар:

  • Төлемдер туралы заңда белгіленген ақша төлемі және (немесе) аударымы жөніндегі нұсқауды орындау мерзімдерінің бұзылуы;
  • Төлемдер туралы заңда ақша төлемі және (немесе) аударымы жөніндегі нұсқауды орындаудан бас тарту көзделген жағдайларда, ақша төлемі және (немесе) аударымы жөніндегі нұсқаудың орындалуы;
  • қарыздар бойынша сыйақы мөлшері туралы ақпаратты жариялаған кезде оны тарату кезінде дұрыс, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемесін көрсету жөніндегі міндеттің орындалмауы;
  • бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күнгі шындыққа сәйкес келмейтін жарнаманы жариялау;
  • кредиттік бюроға мәліметтердің уақтылы ұсынылмауы және кредиттік бюроға кредиттік тарих субъектісі бойынша дәйексіз ақпарат беру;
  • кредиттік тарих субъектісі туралы мәліметтерді кредиттік бюроларға оның келісімінсіз беру;
  • кредиттік тарих субъектісінің келісімінсіз жеке кредиттік есеп ұсыну туралы сұрау салу;
  • клиентті тиісінше тексеру (идентификаттау) бойынша шаралар қолданбау.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына қатысты ықпал ету шаралары

2021 жылы қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына қатысты бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында Агенттік:

  • 13 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын;
  • 4 әкімшілік жаза қолданды.

Қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шаралары негізінен мыналар үшін қолданылды:

  • Көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін айқындау қағидаларының  талаптарын сақтамау;
  • зардап шегушіні (пайда алушыны) немесе олардың өкілін көлік құралына келтірілген зиянның мөлшері туралы есеппен таныстырмау және сақтандырушының көлік құралына келтірілген зиянның мөлшері туралы есепті зардап шегушіге (пайда алушыға) немесе олардың өкіліне беру үшін белгіленген мерзімді бұзуы;
  • сақтанушыдан (зардап шегушіден, пайда алушыдан) алынған өтініштерді сақтандыру омбудсманына жібермеу, сондай-ақ уақтылы жібермеу, сондай-ақ дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып, өтініштерге жауап бермеу;
  • сақтандыру омбудсманының сақтандыру төлемін қосымша төлеу және белгіленген мерзімді бұза отырып, бағалау жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу туралы шешімін орындау;
  • ұйымның интернет-ресурсын пайдалана отырып, электрондық нысанда шарттар жасасу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына қатысты шығарылған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 1,2 млн теңгені құрады.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының әкімшілік жауапкершілік көзделген бұзушылықтары сақтандыру төлемін жүзеге асырмау, сақтандыру төлемін уақтылы жүзеге асырмау және сақтандыру төлемін толық көлемде жүзеге асырмау болып табылды.

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты ықпал ету шаралары

Агенттік МҚҚЖҰ-ның (микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард) лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған жағдайда шектеулі ықпал ету шараларын және санкциялар қолданады. МҚҚЖҰ-ға қатысты шектеулі ықпал ету шараларының бірі ретінде орындалуы міндетті жазбаша ұйғарым қолданылады.

2021 жылы Агенттік анықталған бұзушылықтардың нәтижелері бойынша МҚҚЖҰ-ға қатысты:

  • 50 жазбаша ұйғарым;
  • 31 әкімшілік жаза қолданды.

Жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, МҚҚЖҰ мыналарға байланысты бұзушылықтарға жол берген:

  • Микрокредит беру туралышарт жасасу тәртібінің талаптарын бұзу;
  • микрокредит беру туралы шартта сыйақының мәнін дұрыс көрсетпеу және сыйақының шекті мәнінен асып кету;
  • микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтың (талаптың) үшінші тұлғаға ауысуы туралы қарыз алушыны хабардар етпеу;
  • талап етілмеген заттарды сақтау мерзімін сақтамау;
  • жиынтығында берілген микрокредит сомасының асып кетуіне әкелген  сыйақы мен айыпақыны қоспағанда, микрокредит беру туралы шарт бойынша қосымша төлемдер алу;
  • микрокредит бойынша сыйақы мөлшері туралы ақпаратты қамтитын жарнаманы тарату және (немесе) орналастыру кезінде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін көрсетпеу;
  • Тұрақты төлемдерді есептеу әдістемесінің талаптарын бұзды.
  • қарыз алушыдан түскен соманы берешекті өтеу есебіне микрокредит беру туралы шарт  бойынша құқықтар (талаптар) берілген үшінші тұлғаның банктік шотына жібермеу;
  • Қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициенттерін есептеу қағидаларын және шекті мәнін сақтамау;
  • мерзімі өткен әрбір күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,5%-нан  асатын мөлшерде айыпақы есептеу;
  • іскерлік қарым-қатынастар орнату кезінде клиенттерді тиісінше тексеру (идентификаттау) шараларын қолданбау;
  • микрокредиттердің сомасын қарыз алушыларға тиесілі емес банк карталарына/шоттарына аудару;
  • Ипотека туралы заңның талаптарын бұза отырып, тұрғын үйді соттан тыс тәртіппен өткізу;
  • жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген жеке тұлғаның микрокредиті бойынша міндеттемені орындау мерзімін қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күн өткен соң есептелген сыйақыны төлеуді талап ету;
  • кепілсіз банктік қарыздар және микрокредиттер бойынша күнтізбелік алпыс күннен астам мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғаларға айлық есептік көрсеткіштің бес еселенген мөлшеріне тең немесе одан асатын мөлшерде микрокредит беру.

МҚҚЖҰ-ға қатысты шығарылған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 9,2 млн теңгені құрады.

МҚҚЖҰ жол берген, олар үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген негізгі бұзушылықтар мыналар болды:

  • бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасына сәйкес келмейтін талаптарда микрокредит ұсынумен байланысты жарнама орналастыру; 
  • уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде, микрокредит беру туралы шартта айқындалған сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерінен асып кету;
  • уәкілетті органға микрокредиттерді беру бойынша қызметтерді растау туралы хабарлама жіберусіз іс-қимылдарды (операцияларды) іске асыру; 
  • кредиттік тарих субъектінен алынған, Қазақстан Республикасының кредиттік бюро және кредиттік тарихтарды қалыптастыру туралы заңнамасына сәйкес ұсынылуы тиіс мәліметтерді кредиттік бюроға ұсынбау, уақтылы ұсынбау, дәйексіз мәліметтер ұсыну; 
  • микрокредит беру туралы шарттарда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін дұрыс көрсетпеу және оның шекті мөлшерінен асып кету.

Коллекторлық агенттіктерге қатысты ықпал ету шаралары

«Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Коллекторлық қызмет туралы заң) сәйкес коллекторлық агенттікке қатысты шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар қолданылады. Шектеулі ықпал ету шараларының қатарына мыналар кіреді:

- коллекторлық агенттікке анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған орындалуы мiндеттi түзеу шараларын қабылдау және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын белгiленген мерзiмде ұсыну қажеттілігі жөнінде орындалуы мiндеттi жазбаша нұсқама; 

- уәкілетті орган осы ескерту шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасы, Қазақстан Республикасының банктік заңнамасы не Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасы нормаларының жазбаша ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас түрде қайталап бұзылғанын анықтаған жағдайда, коллекторлық агенттікке Коллекторлық қызмет туралы заңның 18-бабының 4-тармағында көзделген санкциялардың қолданылуы мүмкін екендігі туралы жазбаша ескерту.

2021 жыл ішінде Агенттік коллекторлық агенттіктерге қатысты анықталған бұзушылықтардың қорытындылары бойынша төмендегі шараларды қолданды:

  • 20 жазбаша ұйғарым;
  • 2 жазбаша ескерту;
  • 91 әкімшілік жаза.

Жүргізілген талдаудың нәтижелері коллекторлық агенттіктердің төмендегілермен байланысты бұзушылықтарға жол бергендігі анықталған:

  • коллекторлық агенттіктің онымен өзара іс-әрекет жасайтын адамды берешектің мөлшері, сипаты мен пайда болу себептеріне қатысты теріс ақпараттануына әкелетін, сондай-ақ борышкерді қарыз шарты/микрокредит шарты бойынша міндеттемелерді орындауға мәжбүрлейтін жосықсыз әрекеттер жасауы;
  • борышкерге иеленген құқықтар (талаптар) бойынша негізгі борыштың, сыйақының, айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының қалдығы туралы мәліметтерді уақтылы ұсынбауы;
  • жеке интернет-ресурстың болмауы;
  • кредиторға клиенттің жазбаша өтінішін жібермеу;
  • борышкермен және (немесе) оның өкілімен өзара әрекет жасаған күннен бастап алты ай ішінде аудио- және (немесе) бейнежазбаның сақталуын қамтамасыз етпеу.

Коллекторлық агенттіктерге қатысты әкімшілік жазаның жалпы сомасы 42,2 млн теңгені құрады.

Коллекторлық агенттіктер жол берген, олар үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген бұзушылықтар:

  • «Коллекторлық қызмет туралы» Заңда көзделген жосықсыз іс-әрекеттерді қоспағанда, төмендегілерге қатысты Коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын (бұдан әрі - Қағидалар) бұзу:

- борышкерге және кредитормен банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде байланысы бар/байланысы жоқ үшінші адамға Қағидалармен регламенттелген толық ақпаратты хабарламау;

- борышкермен және үшінші адаммен белгіленбеген уақытта өзара іс-әрекетті жүзеге асыру;

- аудио- немесе аудионы тіркейтін бейнежазба техникасы құралдарының көмегімен өзара әрекет жасау процесін тіркеуді жүзеге асырмау;

  • кредитордан алынған коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны жария ету бөлігінде жосықсыз әрекеттер жасау;
  • Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға коллекторлық қызмет туралы дәйексіз ақпарат беру;
  • Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасына сәйкес ұсынылуы талап етілетін кредиттік тарих субъектісінен алынған мәліметтерді кредиттік бюроға ұсынбау, уақтылы ұсынбау, дәйексіз мәліметтерді ұсыну.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың қандай да бір банк, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, МҚҚЖҰ және коллекторлық ұйымдар ұсынатын банктік қызмет көрсетудің тиімділігі мен сапасын толық шолуы және дербес анықтауы үшін Агенттік қабылданған қадағалап ден қою шаралары (қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шараларынан басқа) және санкциялар (айыппұлдар) туралы ақпаратты Агенттіктің ресми интернет-ресурсына орналастырады.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылар өз құқықтары бұзылған жағдайда Агенттікке және аумақтық тиесілігі бойынша Агенттіктің Өңірлік өкілдерінің басқармаларына жүгіне алады:

  •  жазбаша/курьер арқылы, мына мекенжай бойынша: А15С9Т5, Алматы қ. «Көктем-3» шағын ауданы, 21-үй
  •  электрондық пошта арқылы: info@finreg.kz;
  •  egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы;
  •  ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің аумақтық тиесілілігі бойынша Өңірлік өкілдерінің басқармалары арқылы.

Қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бойынша, банк, сақтандыру, зейнетақы салаларында, бағалы қағаздар нарығы саласында қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың және коллекторлық агенттіктердің қызметіне байланысты мәселелер бойынша консультациялар алу үшін Сіз Агенттіктің Call-орталығына мына телефон нөмірі бойынша хабарласа аласыз: +7 727 237 1000. Жұмыс кестесі жұмыс күндері сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін.

 

white-arrow Тізімге