2023 жылы салым сомасынан 10% біржолғы сыйлықақыны кім алады?

time 1.04.2022
aye 31885
2023 жылы салым сомасынан 10% біржолғы сыйлықақыны кім алады?

Бүгін теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы бойынша жиі қойылатын сұрақтарға Қазақстан Ұлттық Банкі түсініктеме берді.

Fingramota.kz аталған бағдарламаның мақсаты – қазақстандық салымшыларды қолдау және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету екенін еске салады. Оның мәні мынада, мемлекет келесі жылы салым сомасының 10%-ы – банк төлейтін пайыздық мөлшерлемеден тыс біржолғы сыйлықақы (өтемақы) есептейді. Бұл туралы Ұлттық Банк пен Үкіметтің 2022 жылғы 24 ақпандағы бірлескен мәлімдемесінде айтылды. 

Бағдарламаның қорытынды талаптары көрсетілетін нормативтік құқықтық акт (НҚА) қазіргі уақытта Үкіметте келісуде және бекітуде.

Қандай салымдар бойынша өтемақы алуға болады?

Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы барлық танымал салымдарға қолданылады. Бұл:

  • жинақ салымдары;
  • мерзімді салымдар, сондай-ақ мерзімсіз – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жіктеуінде;
  • «Отбасы банктегі» салымдар, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің салымдары (AQYL депозиттері).

Өтемақы 2022 жылғы 23 ақпаннан кешіктірмей ашылған және қалдығы болған теңгелік салымдар бойынша төленетін болады (яғни, 2022 жылғы 24 ақпанда, Бірлескен мәлімдеме жарияланған күннің басында).

Өтемақы төлеудің міндетті шарты депозитті банкте келесі 12 айға, яғни 2022 жылдың 23 ақпанынан 2023 жылдың 24 ақпанына дейін сақтау болып табылады. Егер салымшы салымды толтырып, ақшаны алмаса, онда сыйлықақы 2022 жылдың 23 ақпанындағы күннің соңындағы қалдық сомасына есептеледі.

Кім өтемақы ал а алады және бұл үшін өтініш беру керек пе?

Қазақстандық банктің әрбір салымшысы, жеке тұлғалар да, жеке кәсіпкерлер де мемлекеттен бір реттік сыйлықақы алуға, яғни салым сомасынан 10%-дық өтемақы алуға құқылы. 

Теңгедегі депозиттерді қорғау бағдарламасы өтініш беру сипатына ие, яғни салымшылар банкке өтінішті жазбаша түрде немесе онлайн қызмет көрсету арқылы беруі қажет. Алайда қорытынды шарттар, оның ішінде бағдарлама өтініштік сипатта бола ма, әлде өтемақы барлық салымшыларға әдепкі бойынша есептеледі ме, НҚА жобасы бекітілгеннен кейін белгілі болады.  Қазіргі уақытта банктер өтініштерді қабылдамайды!

Ақша қашан төленеді?

Бір жолғы сыйлықақы 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін есептеледі және төлем кезеңі туралы тиісті НҚА жарияланғаннан кейін белгілі болады.

Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен мәлімдемесіне сәйкес, 10% өтемақы бюджет есебінен төленеді. Сыйлықақының ең жоғары сомасы 2 млн теңгені, яғни 20 млн теңгенің 10%-ын құрайды. 20 миллион теңгеден асатын ірі депозиттер үшін өтемақы мөлшері шектеулі. Бұл сіздің сомасы 20 миллион теңгеден асатын жарнаңыз бойынша тек 20 миллион теңгеге 10% сыйлықақы есептеледі деген сөз.

Бағдарлама бойынша қандай ерекшеліктер бар?

Теңге депозиттерін қорғау бағдарламасы төлем карточкаларында, сондай-ақ ағымдағы шоттарда сақталған ақшаға қолданылмайды. Төлем карточкаларымен және ағымдағы шоттармен қатар жинақтау және көбейту үшін емес, есеп айырысуға арналған банктік депозиттердің кейбір түрлері есепке алынбайды. Бұл негізінен сыйақыны көздемейтін немесе ең төменгі пайыздық мөлшерлемені көздейтін депозиттер, атап айтқанда:

  • шартты депозиттер;
  • талап етуге дейінгі депозиттер (әдетте, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 0,1%-дан аспайтын мерзімсіз депозиттер).

Егер толықтырулар және мерзімінен бұрын ішінара шешулер болса, өтемақы мөлшері қалай есептеледі?

Салымшы депозиттен ақшаны ішінара шешкен болса, онда өтемақы 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпандағы күннің соңына дейінгі кезең үшін барлық шешіп алулар мен толықтыруларды ескере отырып, депозиттегі ақша қалдығының ең аз сомасының 10%-ын құрайды.

Егер салымшы 12 ай өткенге дейін депозитті толығымен алатын болса, өтемақы төленбейді. Мерзімін ұзартуды жүзеге асыру нақты түрде мүмкін емес депозиттер бойынша сыйлықақыларды есептеу шарттары нақтыланады.

Егер салым мерзімі 2022 жылдың 23 ақпаны мен 2023 жылдың 23 ақпанын қоса алғандағы кезеңде аяқталса, салымшы өтемақы алады ма?

Депозиттің аяқталу күні 2022 жылғы 22 ақпаннан 2023 жылғы 23 ақпан (қоса алғанда) аралығындағы кезеңге түссе, онда бағдарлама талаптарына сәйкес келу үшін, салым ұзартылуы тиіс. Әдетте, банктер өз клиенттерінің салымдарын автоматты түрде ұзартады. Қысқа салымдар үшін (мысалы, 3-6 айға дейінгі) мұндай автоматты ұзартулар бірнеше рет болуы мүмкін. Демек, салым шартын аяқтаудың соңғы жаңа күні  2023 жылдың 23ақпанынан кейінгі кез-келген күнге сәйкес келуі керек.

Іс жүзінде салымдардың мерзімін ұзарту сәтінде осы депозиттік өнім бойынша банкте қолданылатын мөлшерлеме бойынша жүргізіледі. Банктер депозиттер бойынша ҚДКБҚ ұсынатын шекті сыйақы мөлшерлемелеріне бағдарлана отырып (асырмай), ішкі депозиттік саясатты негізге алу арқылы, салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін дербес белгілейді.

Егер банк тің банктік салым шартының талаптарын сақтау мәселелері бойынша шағым болса, қайда жүгіну керек?

Бағдарлама талаптарын нақтылауға байланысты кеңес алу үшін сіз Қазақстан Ұлттық Банкінің байланыс орталығына 1477 нөмірі бойынша қоңырау шалуыңызға болады.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласа аласыз:

  • жазбаша – мына мекенжай бойынша: А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 ықш ауд., 21-үй;
  • Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы;
  •  Өңірлік өкілдер басқармалары арқылы – аумақтық тиесілілігі бойынша.

Сіздің өтінішіңіздің негізінде банкке қатысты құжаттамалық тексеруге бастама жасалатын болады тексеру шаралары аяқталғаннан кейін Агенттік іс-әрекеттер бағасын қаржы институтына ұсынады.

Қаржылық реттеушіге өтініш жазу бойынша кеңес алу үшін салымшылар Агенттіктің call-орталығына +𝟳 𝟳𝟮𝟳 𝟮𝟯𝟳 𝟭𝟬𝟬𝟬 нөмірі бойынша қоңырау шала алады. Жұмыс уақыты: жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін. Немесе «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы сұрақтар қоюға болады, оны мына сілтемелер арқылы жүктей аласыз: App Store
Play Market . Мобильдік қосымшаның мына веб-нұсқасы да қолжетімді.
 

Ақпарат көзі: ҚР Ұлттық банкі

white-arrow Тізімге