Қазақстанда қаржылық пирамидаларға тыйым салынған!

time 4.03.2024
aye 7742
Қазақстанда қаржылық пирамидаларға тыйым салынған!

ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің (бұдан әрі – ҚМА)  интернет-ресурс ында қаржы пирамидалары ретінде қызметке күдікті, сондай-ақ олар бойынша сот үкімдері шығарылған  ұйымдардың кеңейтілген тізбесі  жарияланды. Бұдан былай өз қаражатын инвестициялағысы келетін әрбір азамат компанияның сенімділігін тек ҚНРДА-ның тізілімінде ғана емес, сондай-ақ аталған тізімде де тексере алады. 

Сондай-ақ ҚМА Baiqa, piramida Telegram боты арқылы ұйымның қаржылық пирамидаға жататыны жайлы және алаяқтық белгілерінің бар-жоғын тексеруге болады.

Қаржы пирамидаларын құрушылар қатысушыларға аз ғана уақыт аралығында кепілді, жоғары табыс көзіне кенелетіндеріне уәде беріп, тартады. Алайда, қатысушылардың белгілі бір саны мен тиісінше салымдар жиналғаннан кейін ұйымдастырушылар барлық ақшамен іздерін суытады. Fingramota.kz қаржы пирамидалары ғұмырының кезеңдері және оның негізгі белгілері жөнінде еске салады.   

Пирамида ғұмырының үш кезеңі 

 Бірінші – қаржы пирамидасын құру

Әдетте, қатысушылар аздаған, сондай-ақ айтарлықтай көп сома енгізсе де ұйымдастырушылар бірінші қатысушыларға өз қаражатынан уәде етілген табысты төлейді.

 Екінші – қаржы пирамидасын көпшілікке тарату

Құныққан салымшылар қатысушыларды, оның ішінде таныстары мен туыстарын бірінен соң бірін тарта бастайды. Сондай-ақ ұйымдастырушылар әйгілі блогерлерді, жұлдыздарды тарту арқылы әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнаманы пайдаланады. Бірақ бұл кезеңде жаңа қатысушыларға сыйақы жеке қаражат есебінен емес, жаңадан тартылған адамдардың есебінен төленеді.

 Үшінші – пирамиданың сөзсіз құлдырауы

Ол белгілі бір қатысушылар саны мен қомақты сома жиналған кезде орын алады. Оңай әрі жедел қол жеткізуге болатын пайдаға сеніп келген адамдар сыйақыдан да, өз ақшасынан да қағылады. Сондай-ақ, оларды қандай да бір жолмен қорғау мүмкіндігі болмайды, өйткені Қазақстанда қаржы пирамидаларының қызметі заңсыз әрі тыйым салынған, демек пирамида ұйымдастырушылары қол қойған құжаттардың ешқайсысы заңды күшке ие болмайды.

«Қаржы пирамидасын қалай әшкерелеуге болады» чек-парағы

Сонымен, толық қауіпсіз болу үшін, Fingramota.kz сіз үшін қаржы пирамидасын анықтауға болатын белгілердің чек-парағы жасады:

1. Әкелген клиенттер үшін сыйақы. Егер сізге компанияға әкелген әрбір клиент үшін қосымша ақы төлеуге уәде берілсе, бұл ақшаны салмау үшін және барлық таныстарды осындай тәуекелді іс-шарадан бас тартқызу үшін жеткілікті негіз болып табылады.

2. Нарықтық деңгейден бірнеше рет асып түсетін жоғары кірістілікке кепілдік беру. Түрлі «инвесткомпаниялар» кірістілікке кепілдік бере алмайды, бұған заңнамалық тұрғыдан тыйым салынған. Егер біреу кепілдік берсе, ол - алаяқ деген сөз. Басқаша болмайды!

3. Қажетті лицензиялардың болмауы. Компания ақшалай салымдарды халықтан тартады немесе қор нарықтарына инвестициялауды ұсынады, бірақ оның қолында лицензиясы жоқ, бұл ретте онымен байланысу керегінің бар-жоғы жөнінде мықтап ойланыңыз. Мұндай ұйымдар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауында емес, яғни сіздің құқықтарыңыз бен мүдделеріңізді ешкім қорғай алмайды.

4. Кіру жарнасының болуы: ресімдеуге, оқытуға, акциялар және т.б. үшін. Әдетте, бұл жарна пирамиданы ұйымдастырушылардың негізгі кірісі болып табылады, сондай-ақ қаржы пирамидасына тән айқын белгі.

5. Меншікті негізгі құралдардың, басқа да қымбат активтердің болмауы. Компанияның қолда бар мүлкі мен активтерін нәтиже ойдағыдай болып шықпаған жағдайда сатуға және салынған ақшаны ішінара қайтаруға болады. Ал қаржы пирамидаларында мұндай активтер болмайды.

6. Өктем жарнама науқаны. Қаржы пирамидасы жарнамасы көптеген клиенттерді тез тартуға арналған және тек жариялануы пирамидалардың негізін қалаушылар үшін пайдалы болатын ақпаратты қамтиды. Әрине, мұндай компанияның клиенті кездестіруі мүмкін тәуекелдерді жарнама берушілер белгілі себептермен айтпауға тырысады.

7. Ұйым қызметінің нақты анықтамасының болмауы. Пирамидаларда салымшылардың өздігінен басқа клиенттері жоқ. Сізге өнім берушілерді, мысалы, басқа бизнес-серіктестерді ешқашан көрсетпейді. Жалпы компанияға ақша салмас бұрын, ол туралы мүмкіндігінше көп ақпарат алыңыз. Пікірлерді зерттеңіз, бірақ бұл мәселеге мұқият қараңыз, өйткені оларды мүдделі адамдар қалдыруы мүмкін. Барлық құжаттарды оқыңыз. Компания нақты немен айналысатынын және ақшаңыздың қайда салынатынын сұрап біліңіз. Мұны қалай растауға болатындығын сұраңыз. Бұл ақпаратты өзіңіз тексеріңіз. Осыған ұқсас қызметтерді ұсынатын басқа ұйымдармен талаптарын салыстырыңыз. Егер сіздің қаражатыңызды орналастырудың неғұрлым пайдалы шарттары болса, олардың компанияларының пайдасы осы салада жұмыс істейтін ұқсас құрылымдарға қарағанда ненің есебінен бірнеше есе жоғары екенін компания қызметкерінен сұраңыз және сұрақтарыңызға нақты жауаптар алыңыз. Егер компания кез-келген сылтаумен ақпарат беру, тіпті құжаттармен танысу мүмкіндігінен бас тартса, инвестицияланған ақшаны алу одан да қиын болатыны айдан анық.

8. Тек жеке кездесу кезінде кеңес беру. Жеке кездесуде клиенттің сеніміне кіріп, оны ақша салуға сендіру үшін әртүрлі психологиялық әдістер мен амалдарды қолдану оңайырақ.

9. «Шартқа» ойланбай қол қоюды ұсынады. Асығыс шешім қабылдамаңыз! Шарттың үлгісін қолға беруді сұрап, онымен үйде асықпай танысып шығыңыз. Егер оның жекелеген ережелері қиындық тудырса, маманмен кеңесуге тырысыңыз. Берілген ақшаның орнына Сізде қандай құжат қалатынын қараңыз. Оның заңды күші бар ма?

Ақшаңызбен бөліспес бұрын, оларды кімге және қандай мақсаттарға беретініңіз туралы ойланыңыз. Егер Сіз өз қаражатыңызды сеніп тапсырғыңыз келетін ұйымда жоғарыда аталған белгілердің барлығын немесе бірнешеуін тапсаңыз, Сізді кезекті қаржы пирамидасына тартуға тырысып жатқан жоқ па, соны ойлану керек. 

ҚР ҚК-нің 217-бабында қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрғаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге қылмыстық жауапкершілік көзделген. ҚР ӘҚтК-нің 150-бабы бойынша қаржылық (инвестициялық) пирамида қызметiнің жарнамасын шығарғаны, таратқаны және орналастырғаны үшін әкімшілік жаза көзделген және 150 АЕК-тен 600 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.

 Өзіңізді, өз ақшаңызды сақтаңыз және    Fingramota.kz   -пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз   ! 

white-arrow Тізімге