Алаяқтардан қорғанудың жаңа тәсілі: қазақстандықтар неліктен «Стоп-кредитті» қосады

time 22.06.2026
aye 1615
Алаяқтардан қорғанудың жаңа тәсілі: қазақстандықтар неліктен «Стоп-кредитті» қосады

Мынадай жағдайды елестетіп көрелік: сіз жұмысқа орналасу, пәтер жалға алу немесе акцияға қатысу үшін жеке куәліктің көшірмесін жібердіңіз делік. Біраз уақыттан кейін сіздің атыңызға крдеит ресімдеу әрекеті туралы хабарлама немесе сіз ешқашан бермеген өтінім бойынша деректерді нақтылайтын банктен қоңырау келіп түседі.

Тағы бір кеңінен таралған сценарий — банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерінен түсетін қоңырау. Адамға күдікті операция туралы хабарлайды, іс-әрекетті дереу растауды немесе оның деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік беруге көндіреді. Нәтижесінде алаяқтар қажетті ақпаратты қолға түсіріп, жәбірленушінің атына қарыз алуға әрекет жасайды. 

Мұндай жағдайлар әлдеқашан сирек болудан қалды. Осындай тәуекелдердің өсуі аясында «Стоп-кредит» сервисі азаматтарға өз атына қарыздар ресімдеу мүмкіндігін алдын ала шектеуге мүмкіндік бере отырып, қаржылық қауіпсіздіктің неғұрлым қажетті құралдарының біріне айналуда. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, «Стоп-кредит» сервисін
6,3 млн астам рет пайдаланған. Бұл ретте, 2025 жылы жүргізілген қаржылық сауаттылық жөніндегі әлеуметтік зерттеуге сәйкес, әрбір екінші қазақстандық оның келісімінсіз оның атына 
кредит ресімделуі мүмкіндігінен қорқады.

Проблема басталғанға дейін қорғану  

«Стоп-кредит» — бұл банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет. Ол азаматқа оның атына жаңа кредиттер беруге өз бетінше тыйым салуға мүмкіндік береді.

Сервис eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Шектеу мерзімсіз қолданылады және оны тек деректердің иесі өзі алып тастай алады.

Қызметтің басты артықшылығы - ол проблеманы ол туындағанға дейін алдын алуға көмектеседі. Заңсыз ресімделген кредитті кейіннен даулау, қаржы ұйымдарына жүгіну және алаяқтық фактісін дәлелдеудің орнына адам өз атына қарыз алу мүмкіндігін алдын ала түбегейлі жоя алады.

Қаржылық көрсетілетін қызметтерді белсенді цифрландыру жағдайында мұндай тәсіл ерекше өзекті болып отыр. Онлайн операциялар неғұрлым көп жасалса, алдын алушы қорғау құралдарының маңыздылығы да соғұрлым жоғары болады.

«Стоп-кредит» қашан қажет болады 

Көптеген адамдар алаяқтар кредитті құжаттарды ұрлап, қолға түсіргеннен кейін ғана ресімдей алады деп санайды. Іс жүзінде басқа адамдардың мәліметтерін алу жолдары әлдеқайда көп. Мысалы, адам бос жұмыс орындары сайтында түйіндеме орналастырады және әлеуетті жұмыс берушінің өтініші бойынша жеке куәлігінің көшірмесін жібереді. Кейінірек компания жалған болып шығады, ал дербес деректер қаскүнемдердің қолына түседі.

Тағы бір кеңінен таралған жағдай интернет-сатып алулармен байланысты. Жеткізуді ресімдеу немесе төлемді растау деген сылтаумен алаяқтар сілтеме бойынша өтуді, дербес деректерді немесе банк картасының деректемелерін енгізуді сұрайды. Бұдан әрі бұл ақпарат кредит ресімдеу әрекеті үшін пайдаланылуы мүмкін.

Тағы бір тәуекел дербес деректердің жария болуымен байланысты. Егер адам құжаттарды ешқашан бөгде адамдарға бермесе де, оның ақпараты дерекқорды немесе есептік жазбаны бұзу нәтижесінде ашық қолжетімді болуы мүмкін.

Мұндай жағдайларда белгіленген тыйым салу қосымша қорғау деңгейіне айналады және деректер иесін хабардар етпей қарызды ресімдеу тәуекелін едәуір төмендетеді.

Сервис қалай жұмыс істейді

Қызметті қосқаннан кейін ерікті түрде бас тарту туралы ақпарат азаматтың кредиттік тарихында көрсетіледі және өтінімдерді қарау кезінде қаржы ұйымдарына қолжетімді болады.

Егер адамның атына кредит немесе микроқарыз ресімдеуге сұрау салу келіп түссе, банк немесе микроқаржы ұйымы қолданыстағы шектеуді көруге және қаражат беруден бас тартуға міндетті.

Осылайша, сервис ұрланған дербес деректерді пайдалану жағдайларынан ғана емес, адамды психологиялық қысыммен қарызды өз бетінше ресімдеуге көндіруге тырысатын жағдайлардан да қорғауға көмектеседі.

Алаяқтар «ақшаны құтқару», «қауіпсіз шот», «банктің арнайы операциясы» немесе «қаражатты қаскүнемдерден қорғау» туралы аңыздарды жиі пайдаланады. Мұндай жағдайларда белгіленген тыйым алаяқтық схеманы іске асыруға кедергі келтіруі мүмкін қосымша кедергіге айналады.

Қосылу бірнеше минут алады

Қызметті eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы қосуға болады. Ол үшін жүйеде авторизацияланып, «Банктік қарыздарды, микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдап, өтінімді толтырып, оған электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қою қажет.

Өтініш өңделгеннен кейін белгіленген шектеу туралы ақпарат пайдаланушының жеке кабинетінде пайда болады. Қажет болған жағдайда тыйымды ЭЦҚ көмегімен растай отырып, сол бөлімде кез келген уақытта алып тастауға болады.

Азаматтарды қорғауды күшейткен маңызды норма  

2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда азаматтарды кредиттік алаяқтықтан қорғауды күшейткен маңызды заңнамалық өзгеріс қолданылады.

Егер кредит немесе микрокредит ерікті түрде бас тарту кезеңінде ресімделген болса, банк немесе микроқаржы ұйымы мұндай берешекті есептен шығаруға міндетті.

Басқаша айтқанда, егер қаржы ұйымы белгіленген тыйымды елемей, кредит берсе, оның салдары үшін жауапкершілік енді азаматқа емес, кредиторға жүктеледі. 

Бұл қызметті тек техникалық шектеу емес, қаржылық және құқықтық қорғаудың толыққанды құралы етеді.

«Стоп-кредит» қандай тәуекелдерден қорғауға көмектеседі

Бұл сервис бірден бірнеше жалпы қауіптердің тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.

Біріншіден, бұл ұрланған дербес деректер бойынша кредиттерді ресімдеуге кедергі келтіреді. Қаскөйлер құжаттарға немесе адам туралы басқа ақпаратқа қол жеткізсе де, жүйе өтінімді автоматты түрде қабылдамауы керек.

Екіншіден, сервис жасанды онлайн-банкинг арқылы қарыздарды ресімдеуден қорғауға көмектеседі. Пайдаланушының есептік жазбасына кіргеннен кейін де, алаяқтар қолданыстағы шектеулерге тап болады.

Үшіншіден, бұл банктердің жалған қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілетін схемалардың тиімділігін төмендетеді.

Жағдайды елестетіп көріңіз: адамға қауіпсіздік қызметкері қоңырау шалып, алаяқтар оның атына кредит алайын деп жатқанын хабарлайды. «Қаражатты қорғау» үшін оған қарызды тез арада рәсімдеу және ақшаны арнайы қауіпсіз шотқа аудару ұсынылады. Бұл ең көп таралған схемалар болып қалуда. Егер азаматта ерікті түрде тыйым салынған болса, кредитті ресімдеу әлдеқайда қиын болады, демек алаяқтар өз сценарийін соңына дейін жүзеге асыра алмайды.

Сонымен қатар, сервис үшінші тұлғалар тарапынан адамды өз мүддесіне қайшы қарыз алуға көндіретін психологиялық қысым көрсеткен жағдайда қосымша қорғаныс бола алады. 

Алаяқтар сервисті алдау үшін қашан пайдаланады

«Стоп-кредит» сервисінің танымалдығы жаңа алаяқтық схемаларға әкелді. Қаскөйлер азаматтарға банктердің немесе қауіпсіздік қызметтерінің атынан қоңырау шалып, олардың атына кредит алуға өтініш берілгенін хабарлайды. Содан кейін адамға қорғауды шұғыл қосу ұсынылады және сервисті іске қосу үшін сілтеме жіберіледі.

Шын мәнінде, сілтеме жалған сайтқа апарады, онда алаяқтар жеке деректерді, банк деректемелерін жинайды немесе пайдаланушының құрылғысына қол жеткізеді.

Есте сақтау маңызды: «Стоп-кредит» қызметін қосу немесе өшіру тек қана өз бетінше, eGov.kz ресми порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.

Ешбір банк «Стоп-кредит» қызметін белсендіру үшін сыртқы сілтемелер жібермейді және оны қосу үшін телефон арқылы деректерді хабарлауды сұрамайды.

 ЭЦҚ қауіпсіздігі туралы ұмытпаңыз 

Қызметті қосу электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалануды талап ететіндіктен, цифрлық қауіпсіздіктің базалық ережелерін сақтау маңызды.

ЭЦҚ-ны үшінші тұлғаларға бермеңіз, кілт файлдарын мессенджерлер мен электрондық пошта арқылы жібермеңіз, сенімді құпиясөздерді пайдаланыңыз және кілттерді тек қорғалған құрылғыларда сақтаңыз.

ЭЦҚ-ға бөгде тұлғаның қол жеткізгеніне негіз болса, сертификаттарды мүмкіндігінше тез арада қайта шығару қажет.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге