Қаржылық алаяқтық кейстер: азаматтардың жиі қоятын сұрақтарына жауаптар

time 8.08.2022
aye 5863
Қаржылық алаяқтық кейстер: азаматтардың жиі қоятын сұрақтарына жауаптар

Сіздердің назарларыңызға алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл тақырыбы бойынша ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне келіп түскен азаматтардың жиі қоятын сұрақтарына жауаптарды ұсынамыз.

Агенттік азаматтармен жедел қарым-қатынас жасау үшін байланыстың барлық түрлерін пайдаланады. Халыққа қаржы реттеушісінің, реттелетін субъектілердің қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі мен толықтығын арттыру мақсатында Агенттікте «1459» нөмірі бойынша call-орталық жұмыс істейді. Call-орталық арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушылар өз құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша консультациялар ала алады, шұғыл сипаттағы мәселелерді тікелей қаржы, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жедел шеше алады және қаржы пирамидалары туралы хабарлай алады.

Пайдаланушылар өз сұрақтарын тікелей Агенттікке «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы жібере алады. Онда 14 тақырыптық бөлім бар, олардың бірі «Қаржы пирамидалары және қаржылық алаяқтық» деп аталады. Осы бөлім арқылы қаржы пирамидалары туралы хабарлауға, сіз тап болған түрлі алаяқтық схемалармен бөлісуге және күмәнді ұйымдардың қызметі бойынша консультациялар алуға болады.

Сұрақ: Интернетте маған бір онлайн-жоба арқылы ақша табу ұсынылды. Олар шетелдік қор нарықтарындағы инвестициялармен айналысады, барлығы заңды. Ол үшін маған «кіру», яғни платформаға кіру үшін ғана ақы төлеу керек. Бағасы соншалықты қымбат емес, шамамен 15 мың теңге. Бұл ақша, онлайн-жобаны ұйымдастырушылар маған айтқандай, кепілдіктің бір түрі, ол менің депозитімде болады, содан кейін оны  шығарып ала аламын. Инвестициялық платформаға рұқсат алғаннан кейін, 5 мың теңгеден басталатын шағын сомадан инвестициялауды бастай аламын. Ал менің табысымды шамамен күн сайын 20-30 мың теңге деп есептеп берді.

Негізінде, ақша аудару мен үшін қиынға соқпайды, алайда бұл жоба алаяқтық жоба ма, қаржы пирамидасы ма деген ой  маза бермейді.  Бірақ екінші жағынан, олар бірнеше адамды өзіммен бірге алып келуімді сұрамайды...

Жауап: Заманауи қаржы пирамидалары күмәнді талаптармен жоғары табысты инвестициялық онлайн-жобалардың атын жамылуы мүмкін. Мұндай қаржы пирамидаларының қолданыс циклі қысқа – бірнеше айға дейін, және олар жаңа қатысушыларды өзімен бірге әкелуге шақырмайды. Бұл олардың классикалық пирамидалардан айырмашылығы. Мысалы, желіде сізді жоғары табыс таба аласыз деп сендіре отырып, қандай да бір жобаны инвестициялауды сұрайды. Алайда, бірнеше қатысушыдан қаражат жинағаннан кейін ұйымдастырушылар жобаны жауып, жоқ болып кетеді. Қаскүнемдер алданған адамдар аз ғана ақша қаражаты үшін құқық қорғау органдарына жүгінбейді деп санайды. Көбіне солардың ойлағанындай болып шығады, сондықтан пирамида жасаушылар жаңа жобаны сол схема бойынша қайта, бірақ басқа атаумен ашады, осылайша айналып жүре береді.

Мұндай қаржы пирамидаларын қолдау үшін үнемі ақша қаражатының түсімі қажет. Ақшаның келіп түсуі тоқтаған кезде, пирамида жұмысын тоқтатады.

Өзіңіз түсінбейтін құралдарға ақша салу арқылы тез және жоғары табыс көзіне кенелесіз дегенге сенбеңіз. Пирамида жасаушылар кәсіби әлеуметтік инженерлер болып табылады және олардың онлайн-жобаларына ақша салған жағдайда тез арада байып, әдемі өмір сүресіз деп жалған үміт сыйлайды. Сондай-ақ, олар сіздің күнделікті пайдаңыздың қалай өсетінін көрсететін графиктерді салады. Есіңізде болсын: тек алаяқтар инвестициядан кіріс алуға кепілдік бере алады!

Қаржы пирамидаларының құрбанына айналмас үшін олардың ерекше белгілерін білу керек:

1) қысқа мерзім ішінде салынған ақша қаражатынан әлдеқайда жоғары пайда алуға уәде беру;

2) жинақтау бағдарламасына ақшалай жарна енгізу талабы;

3) қаражатты «жеке менеджердің» банк картасына аудару туралы өтініш жасау;

4) лицензия туралы ақпарат беруден бас тарту немесе оның болмауы;

5) компанияның сайтында меншік иесі туралы мәліметтердің, заңды мекенжайы мен байланыс деректерінің болмауы; интернетте компания туралы пікірлердің болмауы;

6) әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнама;

7) менеджердің жасырын нөмірден не әр түрлі телефон нөмірлерінен кез келген уақытта қоңырау шалуы.

Қазақстанда өз қызметін жүзеге асыратын барлық қаржы ұйымдары ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауында және тиісті лицензиясы бар. Лицензияның болуын қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтында тексеруге болады. Осылайша, егер ұйым сізге қор нарығында өз қызметін жүзеге асыруға лицензиясын көрсетсе, ал Агенттіктің веб-сайтында ол болмаса, онда бұл – алаяқтар. Егер сіз алаяқтарға сеніп, оларға ақшаңызды аударған болсаңыз, құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

Қырағы болыңыз!

Толығырақ "Абайлаңыз, алаяқтар" бөлімінен оқыңыз.

white-arrow Тізімге