Автокөлікті сақтандырудағы сақтандыру жағдайын реттеу туралы нені білуіңіз керек?

time 1.12.2022
aye 5458
Автокөлікті сақтандырудағы сақтандыру жағдайын реттеу туралы нені білуіңіз керек?

2022 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанда қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер қабылданды, оның шеңберінде қазақстандық автокөлік иелері үшін жаңа норма көзделген, атап айтқанда – 2024 жылға қарай сақтандыру қызметін цифрландыру. Бірыңғай сақтандыру дерекқорында тіркелетін құжаттар топтамасын қалыптастырудан бастап сақтандырушының шешімін төлеуге не шағымдануға дейінгі сақтандыру жағдайын онлайн-реттеу енгізіледі.

Сақтандыру заңнамасындағы осы жаңалығы нені көздейтінін, сондай-ақ сақтандыру төлемін алу тәртібі туралы нені білу қажет екенін Fingramota.kz толығырақ айтып береді.

Өздеріңіз білетіндей, автокөлік иелері өз жауапкершілігін көлік оқиғасы, оның ішінде жол-көлік оқиғасы (ЖКО) салдарынан үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтіруден міндетті түрде сақтандыруы қажет. Бұл талап «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңы шеңберінде (бұдан әрі – Заң) белгіленген.

Егер ЖКО орын алса, сақтандыру компаниясы жәбірленушіге (пайда алушыға) нақты залалды өтейді, алайда ол Заңда белгіленген жауапкершілік лимитінен аспайды.

Қабылданған жаңалықтар нені көздейді?

ЖКО туындаған жағдайда, мысалы, сақтандыру полисін ресімдеген автокөлік иелері сақтандыру жағдайын онлайн реттей алады.

Заңда сондай-ақ, 2024 жылға қарай міндетті автосақтандыру шарты бойынша сақтандыру қызметін көрсетудің барлық процесі: шарт жасалған сәттен бастап сақтандыру төлемін алғанға дейін цифрландырылуға тиіс. Бұл жағдайда барлық рәсім мүмкіндігінше қарапайым және айқын болуға тиіс.

Мысалы, бүгінгі таңда клиент бір рет басу арқылы автосақтандыру шартын жасай алады. Ол үшін көлік иесінің және оның көлігінің деректерін толтырудың қажеті жоқ. Бұл ақпараттың барлығы ҚР Әділет министрлігі мен ҚР Ішкі істер министрлігінің Мемлекеттік дерекқорларымен біріктірілген Бірыңғай сақтандыру дерекқорында бар. Бұл опция автокөлікті сақтандыру шартын жасасу кезінде клиенттің уақытын едәуір үнемдейді.

Жаңалыққа сәйкес сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру компаниясының клиенті сақтандырушының кеңсесіне бармай-ақ сақтандырушының сайтында төлем алуға өтініш бере алады. Сақтандыру жағдайын реттеу процесінің барлық кезеңдері, құжаттар топтамасын қалыптастырудан бастап сақтандырушының шешімін төлеуге немесе шағымдануға дейін Бірыңғай сақтандыру дерекқорында тіркелетін болады.

Сондай-ақ қабылданған өзгерістермен мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалана отырып міндетті автосақтандыруда залалды бағалау жүйесін жетілдіру және автоматтандыру көзделген.

Ескерту: сақтандыру шарты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін оқиға сақтандыру жағдайы болып саналады.

Заңда автокөлік иелерінің жауапкершілігін сақтандыру мәселелеріне баса назар аударылғанын айта кеткен жөн, өйткені бұл міндетті және жаппай сақтандыру сыныбы. Мәселен, заңнамалық өзгерістерде міндетті автосақтандыру бойынша икемді тарифтеу тетігін енгізу де көзделген. Қазіргі уақытта сақтандырудың осы түрі бойынша полистер 2007 жылы заңда белгіленген және сол уақыттан бері өзгермеген сақтандыру тарифтерін ескере отырып жазылады. Бұл ретте оның шығындылығына жасалған талдау апаттылық пен шығындылық көрсеткіштерінің Қазақстанның өңірлері бойынша көрсеткіштерден едәуір басқаша екенін көрсетеді.

Осыны ескере отырып, жаңалықтармен икемді тарифтеу жүйесіне көшуді белгілейді, яғни тарифтер жыл сайын ел өңірлерінің нақты шығынын ескере отырып қайта қаралатын болады. Яғни, Қазақстанның әрбір қаласында немесе облысында сақтандыру полисіне тарифтер әр түрлі болады және өңірлердің нақты шығынын ескере отырып, жыл сайын жаңартылатын болады. Бұл тетік жүргізушілердің жүргізу стажы мен апатты жағдай жиілігін ескере отырып, жеңілдіктер мен үстемеақылардың ағымдағы жүйесін жыл сайын жаңартуды қамтиды. Бұл шығындылық көрсеткіші төмен өңірлерде міндетті автосақтандыру бойынша тарифтердің төмендеуіне әкеледі.

Заңнамада сондай-ақ 2024 жылдан бастап автомобиль иелерінің жол-көлік оқиғаларының болмашы салдарынан өздерінің көлік құралдарына келтірілген залал үшін сақтандыру төлемдерін алуын жеңілдететін «Еурохаттама» жүйесін енгізу көзделген. Көлік оқиғасына қатысушылар болған жағдайдың мән-жайларын және мүлікке келтірілген зиян мөлшерін бағалаған кезде өзара келісім бойынша, егер залалдың болжамды мөлшері 50 (елу) АЕК-тен аспаса және оған қол қойып, оны ресімдеу үшін жақын жердегі постқа немесе ішкі істер органдарының бөлімшесіне барып, оқиғаның сызбасын дербес жасауға құқылы. Бұл опция екі қатысушыдан аспайтын көлік оқиғасы кезінде және ЖКО қатысушыларының өмірі мен денсаулығына зиян келтірілмеген жағдайда өзекті. Бұл ішкі істер органдары мен сақтандыру ұйымы өкілдерінің келуін күтпей-ақ оқиғаны өз бетінше реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай тәртіп сот шешімін күтпестен сақтандыру төлемін алуға арналған өтінімді  онлайн ресімдеуге мүмкіндік береді.

 

Толығырақ "Сақтандыру" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге