Қазақстанда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін банктер бөлімшелерінің қолжетімділігі картасы қалыптастырылды

time 17.11.2021
aye 6153
Қазақстанда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін банктер бөлімшелерінің қолжетімділігі картасы қалыптастырылды

Қаржылық инклюзияны дамыту және тең қолжетімділікті қамтамасыз ету қаржы реттеушісінің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл бағыттар Қазақстанда ратификацияланған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияда көрсетілген және қаржылық инклюзияның әлемдік стандарттарына сәйкес келеді.      

Сонымен бірге қаржылық инклюзияны арттыру 2020 жылғы мамырда бекітілген Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасының бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып табылады. Оны шешу үшін 2020 жылғы желтоқсаннан бастап ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде Мүмкіндігі шектеулі адамдар (бұдан әрі – МША) үшін қаржылық қолжетімділікті және қаржылық көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру жөніндегі жұмыс тобы жұмыс істей бастады.  Жұмыс тобының құрамына қаржы реттеушісінің қызметкерлерінен басқа МША мүдделерін білдіретін қоғамдық бірлестіктердің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және қаржы ұйымдарының өкілдері де кірді.

Қаржы ұйымдары бөлімшелерінің инфрақұрылымы туралы жаңартылған ақпарат беру үшін жұмыс тобына қатысушылар «Қаржылық қолжетімділік картасын» дайындап, қаржылық сауаттылық жөніндегі www.fingramota.kz  интернет-порталына орналастырды.

Картада республикалық маңызы бар үш: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы екінші деңгейдегі банктердің МША-ға арналған бөлімшелері көрсетілген.

Бұл бөлімшелер МША қажеттіліктеріне мейлінше ыңғайластырылған: олар тиісті стандарттарға сәйкес келетін пандустармен жабдықталған, мүмкіндігі шектеулі клиенттермен жұмыс істеу үшін арнайы оқытылған менеджерлерді шақыратын батырмалар бар. 

Ағымдағы жылғы көктемде қаржылық инклюзия жөніндегі жұмыс тобы Алматы қаласындағы қаржы ұйымдары бөлімшелерінің МША үшін қажетті аспектілердің болуы тұрғысынан қолжетімділігіне мониторинг және талдау жүргізді. Атап айтқанда, кіреберістің қолжетімділігіне: ыңғайлы пандустардың, көзі нашар көретін адамдарға арналған арнайы жолдардың, қызметкерді шақыру батырмасының болуына және көмек көрсету процесіне талдау жүргізілді. Сонымен бірге технологиялық қондырғылар: банкоматтар мен терминалдарды МША-ның түрлі санатының пайдалана алу мүмкіндігі тұрғысынан талдау жүргізілді. Мониторинг шеңберінде сәйкессіздіктер тізімі жасалып, банктер ескеретін ұсынымдар әзірленді, сондай-ақ «қаржылық қолжетімділік картасын» жасау туралы шешім қабылданды.

Болашақта өңірлердегі қаржы ұйымдары бөлімшелерінің нақты қолжетімділігіне талдау жасап, Қазақстанның барлық облыстарында осындай карталар жасау жоспарланып  отыр.

 

Толығырақ "Қаржылық инклюзия" бөлімінен оқыңыздар

 

 

white-arrow Тізімге