Қазақстанда банкроттық рәсімдерінен өту қызметтеріне «көмек ұсынушылар» белсенділік танытуда

time 3.04.2023
aye 3609
Қазақстанда банкроттық рәсімдерінен өту қызметтеріне «көмек ұсынушылар» белсенділік танытуда

2023 жылғы 3 наурыздан бастап банкроттық рәсімін қолдануға ниет білдірген азаматтардан өтініштер қабылдау басталды. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің (бұдан әрі- МКК) деректеріне сәйкес, кейбір ХҚО-лардың алдында ақшалай сыйлықақы үшін қажетті құжаттар ресімдеп беруді ұсынатын «көмекшілер» пайда болды. МКК өкілдері соттан тыс банкроттық рәсімі (берешек 5,5 млн теңгеден артық болмаған кезде) мүлдем тегін екендігі  жөнінде еске салады.

Қарыз алушыларды алдау үшін  «көмекшілер» қандай аңыздар ойлап табатындары жөнінде  Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық.

«Сіздің соттан тыс банкроттық рәсімі бойынша қарыздарыңызды делдалсыз есептен шығармайды»

Қаскүнемдер соттан тыс банкроттық рәсіміне  өтініш жазу  және мемлекеттік органдарға ұсыну бойынша өз қызметтерін ұсынады. Олар азаматтарды өздігінен жазылған өтініштер ешбір жағдайда қаралмайды деп сендіреді.

Бұл жалған түсінік! «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға сәйкес қазақстандықтар соттан тыс банкроттық рәсіміне  өтінішті дербес және мүлдем  тегін ұсынады. Ең бастысы, мынадай талаптар сақталуға тиіс:

1. Банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс (2023 жылға –  бұл 5 млн 520 мың теңге);

2. Борышкердің атына тіркелген мүліктің, оның ішінде ортақ меншіктегі мүліктің болмауы.

3.  Өтініш берілген күні қатарынан 12 ай ішінде кредиторлар мен коллекторлар алдындағы міндеттемелерді өтеудің болмауы.

4. Мерзімі өткен берешек туындаған сәттен бастап 18 айдан аспайтын мерзімде кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімнен міндетті түрде өту.

Егер борышкер өтініш берген күнге өзінің берешегін 5 жылдан артық өтемесе, онда аталған барлық талаптар оған қолданылмайды.

«Қарызды толығымен есептен шығаруға және сот банкроттығы шеңберінде тұрғын үйді сақтап қалуға көмектесемін»

«Делдалдар» сот банкроттығына жүгінгісі келетін қарыз алушыларға (қарыз 1600 АЕК-тен жоғары болуы керек),  олардың қарыздарын өздерінің қызметіне белгілі бір төлем алған жағдайда сот арқылы есептен шығаруға және сонымен бірге мүлік пен ақшаны сақтап қалуға уәде беруі мүмкін.

Сенбеңіз! Сот банкроттығы рәсіміне өтініш берген кезде борышкердің барлық мүлкі сауда-саттықта сатылады. Азаматтар кепілге салынған мүлік, борышкердің жалғыз баспанасы болса да, сот банкроттығы кезінде кредитордың бұл мүлікті алып қою құқығы бар екенін білуі керек. Қалған өтелмеген сома борышкердің жосықсыз белгілері болмаған жағдайда есептен шығарылады, бұл жерде мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасырып қалу, жалған ақпарат беру және т.б. туралы айтылып отыр

Сот арқылы банкроттық рәсімін мынадай қаржы басқарушылары жүзеге асырады:

- заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің банкроттығы рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;

- кәсіби бухгалтерлер;

- заң консультанттары;

- аудиторлар.

Қаржы басқарушыларының қызметтері ақылы түрде көрсетіледі. Олардың қызметтерінің төлемі борышкердің мүлкі есебінен (бір айда 1 ЕТЖ, 2023 жылы 70 мың теңге болды) жүргізіледі. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, мүлкі жоқ адамдар үшін қаржы басқарушыларының қызметтері тегін көрсетіледі.

«Банкпен және МҚҰ-мен берешекті реттеуге көмектесемін»

Жосықсыз «делдалдар» да азаматтарға кредиттерді қайта құрылымдау мәселесін қосымша ақы үшін шешіп беруді ұсынады.

Кредиторға дербес жүгініңіз! 2021 жылғы қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу тәртібі шеңберінде азаматтардың қайта құрылымдауға өтініштерін заң жүзінде қарауға міндетті. Қарыз алушылардың іс-қимыл алгоритмі түсінікті әрі жеңіл, ол үшін ешкімге ақша төлеудің қажеті жоқ! Сонымен қатар, оның алгоритмі жөнінде тегін консультациялар мен түсіндірмелерді 1459 нөмірі бойынша call-орталық арқылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде, «Fingramota online» мобильді қосымшасы, сондай-ақ Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы» ЗТБ-да және Микроқаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі орталық арқылы «Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ-да және микроқаржы омбудсманы арқылы  алуға болады.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге