Қазақстанда кезекті қаржы пирамидасы әшкереленді

time 16.07.2021
aye 6902
         Қазақстанда кезекті қаржы пирамидасы әшкереленді

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі World Business Consulting компаниясының қызметінде қаржы пирамидасының белгілерін анықтады. Қазіргі кезде осы ұйымға қатысты жедел тергеп-тексеру іс - шаралары жүргізілуде.

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар азаматтарға ақша қаражатын World trend Strategies, Confidence World Group, HUBB international, Riviera imperial, Asteco және тағы да басқа үлестес компаниялардың инвестициялық жобаларына салуды ұсынған. Өз кезегінде, аталған компаниялар сыйақыны заңсыз қызметтен емес, жаңадан тартылған салымшылар қаражатының есебінен алуға кепілдік берген.

Бұл ретте World Business Consulting қаржы ұйымдарына жатпайды, себебі онда уәкілетті органның лицензиясы жоқ, соған сәйкес халықтан ақша тарту, тартылған ақшаны сенімгерлікпен басқару және инвестициялау қызметін жүзеге асыруға құқылы емес.

Алматы қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігі қалалық прокуратураның үйлестіруімен осы қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша бірқатар тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Fingramota.kz депозиттер түрінде не қаржы құралдарына инвестициялауды жүзеге асыру үшін ақша тарту екінші деңгейдегі банктер, Ұлттық пошта операторы және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (брокерлер-дилерлер және басқарушы компаниялар) ғана жүзеге асыра алатын, лицензияланатын қызмет түрлеріне жататынын еске салады. Агенттіктің лицензиялары бар ұйымдар туралы ақпарат Агенттіктің интернет-ресурсында орналастырылған.

Кез келген қаржы пирамидасының басты белгісі – өте жоғары кірістілік пен салынған ақшаны жылдам қайтаруға уәде беруі. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар тартылған әрбір жаңа қатысушы үшін түрлі бонустар, жеңілдіктер немесе тіпті тікелей төлемдер ұсынуы мүмкін. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі белсенді және жауыр қылатын жарнама да алаяқтық жобалардың ерекшелігі болып табылады.

Ұйымға кіру немесе операцияларды жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылар сіздің атыңыздан белгілі бір кіру жарнасын сұрауы немесе тіпті кезеңді негізде ақша салуды талап етуі мүмкін. Бұл факт сізді осындай ұйым қызметінің заңдылығы туралы ойлантуға тиіс. Әрине, брокерлер де бағалы қағаздар нарығындағы операциялар үшін ақы немесе комиссия алады. Бірақ оларда, кем дегенде, қаржы реттеушісінің лицензиясы бар.

Реттелмейтін ұйымдарға ақша салу оны толық жоғалту қаупінің жоғары болуымен бірге жүретінін түсіну керек, себебі оның қатысушылары арасындағы қарым-қатынас өзара сенімге негізделген және ақшаны беру мен шоғырландыру әрекеттерін қатысушылардың өздері жүзеге асырады.

Егер сіз өз ақшаңызды сеніп тапсырғыңыз келетін ұйымда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген лицензия болса, онда сіз Агенттікке шағыммен жүгіне аласыз, бірақ қаржы пирамидалары жағдайында сіздің қаражатыңыздың сақталуына ешкім кепілдік бере алмайды.

Өте мұқият болыңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге