Кардинг: алаяқтар сіздің карталарыңызға шабуылдауды жалғастыруда

time 16.11.2021
aye 5903
Кардинг: алаяқтар сіздің карталарыңызға шабуылдауды жалғастыруда

Кардерлерді қызықтыру үшін банк картасын пайдалану жеткілікті. Алаяқтықтың бұл түрі дегеніміз не, одан қалай қорғануға болады және ұрланған ақшаны қайтаруға бола ма, біз осы мәселелерді Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз.

Кардинг – бұл алаяқтықтың бір түрі, онда қаскүнемдер сізді алдау арқылы конфиденциалды деректеріңізді алып, сізге білдіртпей  шоттардан ақша алады.

Алаяқтардың карта деректеріне қол жеткізу үшін пайдаланатын тәсілдерінің бірі – интернет-дүкеннің, төлем және есеп айырысу жүйелерінің серверлерін бұзу. Қашықтан қол жеткізу бағдарламалары мен түрлі зиянды БҚ-ның (бағдарламалық қамтылым) көмегімен хакерлер сіз туралы маңызды дербес ақпаратты және сіздің төлем картаңыздың деректерін ала алады.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша Қазақстанда 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте интернет-алаяқтықтың 16,6 мыңнан астам дерегі тіркелген, бұл құқық бұзушылықтың жалпы санының 52%-ын құрайды.

Кардинг қандай болады?

Кардерлер, яғни басқа біреудің төлем карталарына шабуыл жасайтын алаяқтар өздерінің ықтимал құрбандарына банкоматтардағы әртүрлі есептеу құрылғыларын немесе фишинг, вишинг және басқаларды қолдана отырып шабуыл жасайды. 

Бірінші жағдайда скимминг құралы қолданылады – бұл банкоматқа бекітілген кішкентай құрылғы, оның көмегімен төлем картасынан ақпаратты оқуға болады. Банктер, өз кезегінде, банкоматтар жүйесінің деңгейін үнемі арттырып отырады және банкоматтарды қорғау, скиммерлерді анықтау үшін оларға электрондық құралдар қояды. Нәтижесінде, банктердің техникалық жабдықталуының жақсаруына байланысты скиммерлерді пайдаланып жасалатын ұрлық азайып келеді. Оның есесіне алаяқтар әлеуметтік инженерия арқылы әр түрлі жағдайларды модельдеу жолымен өздеріне қажетті конфиденциалды ақпаратқа қолжетімділікті адамдардың психологиясына негіздей отырып алуға тырысады.

Алаяқтар түрлі тәсілдерді ойлап табады, сондықтан арандатушылыққа бой алдырмаңыз, кез келген жағдайда сыни тұрғыдан ойланыңыз.

Кардингтің құрбаны болудан қалай сақтануға болады?

1. Сенуге болатын ресми көздерден алынған антивирустық бағдарламаларды қолданыңыз. Вирустық бағдарламалық қамтылым арқылы банктік картаңыздың нөмірін ұрлау үшін алаяқтар: электрондық поштаңызға фишингтік сілтемелер жіберу, SMS-хабарламалар жіберу сияқты әр түрлі тәсілдерді қолданады.

2. Құрылғының бағдарламалық қамтылымын уақтылы жаңартыңыз. Жаңартулар оны бұзудан қорғау деңгейін арттырады.

3. Құпия сөздерді жиі өзгертіңіз, әртүрлі символдар мен сандары бар күрделі құпия сөздерді қолданыңыз. Бұзушылықты неғұрлым тез тапсаңыз, жедел әрекет ету және алаяқтық шабуылдың теріс салдарын азайту мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

4. Фишингті ажырата біліңіз. Күдікті сілтемелерге өтпеңіз және тіркелген файлдарды белгісіз көздерден жүктемеңіз, себебі вирус ZIP форматындағы мұрағатта болуы мүмкін.

5. Барлық операцияларды бақылау үшін мобильдік банктік қосымшалар үшін SMS немесе PUSH хабарламаларды орнатыңыз.

Толығырақ «Абайлаңыз алаяқтар» бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге