Кері байланыс: қаржылық қызметтерді тұтынушылар жаз басталғалы бері қандай мәселелермен жүгінді

time 3.08.2021
aye 9741
Кері байланыс: қаржылық қызметтерді тұтынушылар жаз басталғалы бері қандай мәселелермен жүгінді

Fingramota.kz азаматтардың осы жазда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінген, олардың жиі беретін сұрақтарына жауаптарды жариялайды .

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) халықпен өзара жедел іс-қимыл үшін коммуникациялардың барлық ықтимал арналарын пайдаланады. 2020 жылғы 26 наурыздан бастап төтенше жағдай және карантин режимі кезеңінде Агенттікте халық үшін жедел желі іске қосылды. 2021 жылғы 24 мамырдан бастап азаматтармен жедел іс-қимыл және халық үшін қаржы реттеушісінің, субъекттілерді реттейтін қаржы ұйымдарының қызметі және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттың қолжетімді және толық болуын арттыру мақсатында Агенттік мынадай нөмір: +7 727 237 1000 бойынша call-орталығын іске қосты, мұнда ағымдағы жылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша азаматтардан 1 мыңнан аса қоңырау түсті.

2020 жылғы 25 маусымнан бастап Агенттікте «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы жұмыс істейді, ол арқылы жаздың басынан бастап пайдаланушылардан 250 аса сұрақ, іске қосылғаннан бастап барлығы – 5 мыңнан аса сұрақ түсті.

Негізінен Агенттікке осы байланыс арналары арқылы халықтан банктермен, МҚҰ-мен және коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимылға, сондай-ақ Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыруға қатысты сұрақтар түседі. Маусымда және шілдеде азаматтар микрокредиттік ұйымдармен жасалған шарттардың микроқарыз бойынша туындаған мерзімінің өту талаптарын нақтылауға, кредиттік тарихты алуға және даулауға, пайдаланушының конфиденциалды деректерін қорғауға және алаяқтыққа және қаржы  пирамидаларына қарсы іс-қимылға байланысты сұрақтарды белсенді түрде берді.

Ресми өтініштерге келетін болсақ, онда азаматтар Агенттікке электрондық үкімет веб-порталы, азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы (Е-Өтініш), Агенттік кеңсесінің info@finreg.kz. электрондық почтасы арқылы өтініш жасай алады.

Қаржы реттеушісінің сайтында жарияланған қаржы секторының маусымдағы соңғы шолуына сәйкес есепті кезеңде Агенттіктің тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі қызметі негізінен қарыз алушылардың олардың борыш жүктемесін төмендету үшін, оның ішінде Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде көмектесу және шаралар қабылдау туралы өтініштерін қарауға байланысты болды.

Агенттік жеке және заңды тұлғалардың қаржы ұйымдарының, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ коллекторлық агенттіктердің қызметіне байланысты 1656 өтінішін қарады, бұл мамырмен салыстырғанда 38,7%-ға немесе 462 өтінішке көп.

Өтініштердің ең көп үлесі маусым айында өтініштердің жалпы санының 68%-ын құрай отырып, банк секторына тиесілі болды. Сонымен қатар азаматтар қаралған өтініштердің жалпы санының 9%-ы микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың, 6%-ы сақтандыру нарығы субъектілерінің, 3%-ы коллекторлық агенттіктердің, сондай-ақ 14%-ы өзге де ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша жүгінді.

Жаз басынан бастап азаматтарды қандай нақты тақырыптар қызықтырды? Сіздердің назарларыңызға ағымдағы жылдың маусым айынан бастап Агенттікке келіп түскен жиі қойылатын сұрақтарға жауаптарды ұсынамыз.

Сұрақ: Қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша ХӘОТ өкілдеріне қосымша көмек алу үшін банкке қандай мерзімге дейін өтініш беру қажет?

Жауап: Сәлеметсіз бе! COVID-19 пандемиясына және 2020 жылы қатаң карантиндік шектеулердің енгізілуіне, сондай-ақ ағымдағы жылғы күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы 2021 жылғы 16 шілдеде ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қаржылық көмек көрсету мерзімін 2021 жылғы
1 қарашаға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Ипотекалық қарыз алушылардың көпшілігін қамту және оларға банктерге құжаттар топтамасын дайындауға уақыт беру үшін қарыз алушылардың Бағдарлама бойынша қосымша көмек алуға өтініш беру мерзімі 2021 жылғы 1 қазанға дейін ұзартылды.

Тиісінше, егер Сіздің өтінішіңіз банкке көрсетілген мерзімге дейін келіп түссе, қаралады және ол бойынша қарыздар бойынша қаржылық көмек көрсету туралы қажетті шешім қабылданатын болады.

Сұрақ: Интернетте мен бір күмәнді ұйымның жарнамасын көрдім, бұл қаржы пирамидасы болуы мүмкін. Алаяқтарды қалай тануға болады, қаржы пирамидаларында назар аудару керек болатын ерекше белгілер бар ма?

Жауап: Сәлеметсіз бе! Қазіргі заманғы қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар өз қызметін әртүрлі қызмет салалары ретінде, әсіресе интернетте шебер жасырады. Сондықтан қаржы пирамидасын тану үшін оның белгілерін білу қажет.

Олардың негізгілері мыналар:

  • уәкілетті органның қаржы нарығында ақша қаражатын тарту жөніндегі қызметті жүзеге асыру және/немесе ұйымның қызметін дәл айқындау үшін берілген лицензиясының болмауы;
  • қазіргі нарықтық деңгейден бірнеше есе жоғары және ультра жоғары кірістілік туралы уәде беру;
  • жаңа қатысушыларды тарту үшін қаражат төлеу;
  • «инвестициялық» жобаларға салу кезінде кірістілік алуға кепілдік беру;
  • БАҚ-та, интернетте жаппай жарнамалау;
  • құрылтайшылар, құрылтай құжаттары, қаржылық көрсеткіштер және қызмет нәтижелері туралы ақпараттың болмауы; есептіліктің болмауы; активтер мен инвестициялау бағыттары құрылымының айқын болмауы;
  • меншікті негізгі құралдардың, басқа да қымбат активтердің және т. б. болмауы.

Егер ақша салуға шақыратын компания жоғарыда сипатталған белгілердің кем дегенде бірнешеуіне ие болса, оның сенімділігі туралы ойлану керек.

Мұндай ұйымның жарнамасын көрсеңіз, дереу құқық қорғау органдарына – тұрғылықты жеріңіз бойынша ҚР Ішкі істер министрлігіне, сондай-ақ біздің Агенттікке хабарласыңыз (байланыс деректерін https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/contacts?lang=ru сілтеме бойынша табуға болады).

Бұл ретте, Қазақстанда қаржы пирамидасын құру және (немесе) оның қызметіне басшылық жасағаны  үшін (ҚР Қылмыстық кодексінің 217- бабына сәйкес) қылмыстық жауапкершілік; қаржы (инвестициялық) пирамидасының қызметіне жарнама жасау, тарату және орналастыру үшін («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 150-бабына сәйкес) әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өтеміз.  

Сұрақ: Әпкем мені қарыз бойынша кепілгер болуды сұрайды. Егер ол мерзімін өткізіп алған, мысалы, кредит бойынша төлемдерді жүзеге асыруға шамасы келмеген жағдайда оның мен үшін қандай салдарлары болуы мүмкін?

Жауап: Сәлеметсіз бе! Әлеуетті қарыз алушы несие берушінің алдында өзінің төлем қабілеттілігін растай алмаған жағдайда, онда ол кепілгерді тартады. Әрине, кепілгер болу - бұл кепіл шарты немесе кепілдік хаты жасалған сәттен бастап алынатын жауапкершілік. Қалай болса да, борышкермен небір жағдайлар болса да, күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда міндеттемелердің орындалуы үшін борышкер үшін кепілгерлік алған кепілгер жауапкершілік алады. Мысалы, егер қарыз алушы айтарлықтай уақытқа төлем мерзімін өткізіп алуға жол берсе, онда банк мерзімін өткізіп алу сомасын кепілгерден өндіріп алуға толық құқылы. 

Кепілгер, заңнамалық актілерде көзделген жағдайлардан басқа, борышкердің  кредитор банктің алдындағы міндеттемелерді орындағаны үшін толық немесе ішінара ортақ түрде жауап береді.

Егер кепілдік шартында тағы да өзгеше белгіленбесе, кепілгер кредитор алдында борышкер сияқты тұрақсыздық айыбын, сыйақыны (мүддені) төлеуді, борышты өндіріп алу жөніндегі сот шығындарын және кредитордың міндеттемені орындамауынан немесе тиісінше орындамауынан туындаған басқа да залалдарын қоса алғанда, сол көлемде жауап береді.

Сондықтан, осы маңызды қадамға келіспес бұрын және кредитордың алдында осындай жауапкершілік қабылдамас бұрын, кепілгердің барлық құқықтары мен міндеттерін мұқият оқып шығыңыз және кепілдік туралы келісіммен танысыңыз.

Сұрақ: Лицензиясы қайтарып алынған банктегі берешекті өтемеуге бола ма?

Жауап: Сәлеметсіз бе! Банкте тарату процесінің басталуы банктің дебиторлық берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбы мен сыйақыны есептеуді тоқтату үшін негіз болып табылмайды. Банктің қарыз алушылары кредиттерді кесте бойынша өтеулері тиіс.

Банктің борышкерлері негізгі борышты, сыйақыны және тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) өтеу жөніндегі міндеттемелерді жасалған банктік қарыз шарттарына және мәмілелердің өзге де түрлеріне сәйкес орындайды.

Бұрын берілген кредиттер бойынша қарыз алушылардың ақшаны қайтаруын бақылауды уәкілетті орган банкті барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиядан айыру туралы шешім қабылданғаннан кейін тағайындаған банктің уақытша әкімшілігі (уақытша әкімшісі) жүзеге асырады.

Қарыз алушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындаған кезде банктің уақытша әкімшілігі оның жазбаша өтініші бойынша қарыз бойынша қамтамасыз ету ретінде болатын мүлікті (ақшаны қоспағанда) кепіл берушіге қайтару мәселелерін дереу қарайтын болады.

Банктің банктік қарыз шарттары бойынша банк алдында орындалмаған міндеттемелері бар клиенттері жасалған банктік қарыз шарттарының талаптарына сәйкес міндеттемелердің орындалуын бұзғаны үшін жауапкершілік атқарады.

Сұрақ: Менің телефоныма банктен SMS келді, онда ұтыс ойынында ұтып алғаным және сілтеме берілген ақпарат көрсетілген. Мен осы сілтемеге кірдім, бірақ содан кейін оны тез жаптым. Енді мен қате жібермедім деп ойлаймын, мүмкін менің телефоныма вирус енген шығар, мұны қалай білуге болады?

Жауап: Сәлеметсіз бе! Ешқандай жағдайда SMS-хабар немесе электрондық пошта арқылы жіберілген күмәнді сілтемелерді қолдануға болмайды. Смишинг – SMS арқылы жасалған алаяқтық шабуыл осылай аталады. Алаяқтар қолданушыны алдау арқылы олар жасамауға тиіс әрекеттерді жасауға тырысады. Бұл зиянды сілтемеге өту болуы мүмкін. Сізді «бұзғанын не бұзбағанын» қалай білуге болады?

Егер сізде вирусқа қарсы бағдарлама орнатылған болса, онда ол гаджеттің залалданғаны туралы хабарлайды. Телефон экранында деректер шифрланған және оны қалпына келтіру үшін төлем төлеу керек деген терезе пайда болуы мүмкін. Браузер сіз кіргіңіз келмейтін сайттарды ашады. Телефон мезгіл-мезгіл тоқтап қалады, сізге белгісіз бағдарламалардың белгілері пайда болады. Сізге шоттардағы сіз кейбір банктік операцияларды жасағансыз күдікті әрекеттер туралы хабарламалар келіп түседі. Пароль енді жұмыс істемейді, тіпті егер сіз оның дұрыс екеніне сенімді болсаңыз да. Сіздің жақындарыңыз бен достарыңыз сіздің атыңыздан пошта бойынша, SMS немесе әлеуметтік желілер арқылы спам келеді деп шағымданады.

Егер осыған ұқсас оқиғаларға ұшыраған болсаңыз, онда мыналарды есте сақтау керек:

  1. Бірінші кезекте банктің қолдау қызметімен дереу байланысқа шығыңыз. Телефон нөмірі төлем картасының келесі бетінде немесе сенімді құрылғыда ашылуға тиіс ресми сайтта көрсетіледі. Төлем картасын бірден бұғаттау қажет, себебі есептен шығару және аудару жалғасуы мүмкін.
  2. Барлық парольды ауыстырыңыз. Телефонға кіретін парольды ғана емес, осы құрылғы арқылы кіретін барлық интернет-аккаунттарға парольдарды ауыстырыңыз. Бұл үшін бұзылған құрылғыны пайдаланбаңыз – қауіпсіздігіне сенімді басқа құрылғыны пайдаланыңыз. Егер сізде есептік жазбалар көп болса, онда ең маңыздыларынан (электронды почта, қашықтан банктік қызмет көрсету жүйелері) бастап ауыстырыңыз. Егер барлық парольдарды еске сақтай алмайтын болсаңыз, онда пароль менеджерлерін немесе парольдік сөз тіркестерін пайдаланыңыз.
  3. Вирусқа қарсы бағдарламаны іске қосыңыз. Егер антивирус жұқтырғандығы туралы хабар беретін болса, онда ол әдеттегідей осы файлды «емдеуді» орындауды ұсынады. Егер «емдеу» мүмкін емес болған жағдайда, онда  антивирус вирус жұққан файлды алып тастауды ұсынады.

Егер сіз өзіңіздің заңды құқықтарыңыз бұзылды деп санайтын болсаңыз, онда дереу құқық қорғау органдарына өтініш беруге болады.  Бұл оқиға туралы достарыңызға айтуды ұмытпаңыз, бұл арқылы сіз олардың хабардар болуын арттырасыз және қолайсыз салдарға ұшырамауға көмек көрсетесіз.

white-arrow Тізімге