Кері байланыс: ипотекалық қарыз алушыларға қарыздарды қайта қаржыландыру бойынша қандай көмек көрсетіледі

time 27.09.2021
aye 6299
Кері байланыс: ипотекалық қарыз алушыларға қарыздарды қайта қаржыландыру бойынша қандай көмек көрсетіледі

Соңғы уақытта ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне «« 𝑭𝒊𝒏𝒈𝒓𝒂𝒎𝒐𝒕𝒂 𝑶𝒏𝒍𝒊𝒏𝒆 » және call-орталық арқылы Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыланлыру бағдарламасының шеңберінде қарыз алушыларды қолдау шаралары бойынша қарыз алушылардың көп сұрақтары мен өтініштері келіп түсуде. Осы тақырып бойынша азаматтардың жиі қойылатын сұрақтарына жауаптар ұсынып отырмыз.

Сұрақ : И поте калық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы туралы пікірлерді өте көп оқыдым, ол көптеген адамдарға жалғыз баспананы сақтауға көмектесті . Осы Бағдарлама туралы барынша жан-жақты айтып бере аласыз ба ? Бағдарлама шеңберінде әлеуметтік жағынан осал қарыз алушыларға қандай да бір көмек көрсетіледі ме ?

Жауап : Қазақстанда 2015 жылдан бастап Елбасының тапсырмасы бойынша Ұлттық Банк Басқармасының 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 69 қаулысымен бекітілген Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы (бұдан әрі Бағдарлама) ойдағыдай іске асырылуда . Бағдарлама маңызы әлеуметтік сипатқа ие және жалғыз баспананы сақтауға, борыш жүктемесін төмендетуге және ипотекалық қарыз алушылар үшін валюталық тәуекелді алып тастауға бағытталған. Бағдарлама шеңберінде «халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» (ХӘОТ) санатына жатқызылған қарыз алушыларға көмектесуге және қолдауға ерекше назар аударылады. Бағдарламаны әзірлеу кезінде қоғамдық бірлестіктер белсенді түрде қатысты.

Бұл Бағдарлама үш бөлімнен тұрады. Оны іске асыруға және ипотекалық қарыз алушыларды қолдауға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 286 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат қайтарылатын болып табылады.

Бағдарламаның бірінші бөлімі 2004 - 2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыздар алған, жалғыз баспанамен қамтамасыз етілген қарыз алушыларды жылдық 3% -дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша  бағытталған. Ұлттық Банк оны іске асыруға  130 млрд теңге бөлді.

Бүгінгі күні осы бөлім шеңберінде 176,6 млрд теңге сомаға 28 536 ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылды.

Бөлінген қаражатты толық игеруге байланысты қарыздарды қайта қаржыландыру қазіргі уақытта бұрын қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түскен ақшаның есебінен жүзеге асырылады. Ақшаны игерудің револьверлік тетігін ескере отырып, қайта қаржыландырылған қарыздардың саны 2035 жылға дейін 40 мыңнан асуы мүмкін.

Бағдарлама шеңберінде ипотекалық қарыз алушылар негізгі борыш бойынша берешекті төмендеткенін және жалғыз баспанасын сақтап қалғандығын атап өткен жөн. Қабылданған шараларға орай бүгінде банктердің ипотекалық портфеліндегі проблемалық қарыздардың үлесі 30%-дан (2015 жылы) 𝟳 %-ға дейін төмендеді.

Бағдарламаның тиімділігін ескере отырып, ол кейіннен ұзартылды және кеңейді, оған қарыз алушылар үшін жағдайларды жақсартуға бағытталған өзгерістер, толықтырулар енгізілді. Ізінше, нарықтың, қоғамдық бірлестік өкілдерінің және қарыз алушылардың пікірін ескере отырып валюталық ипотекалық қарыздар бойынша шешім табылды.

Мәселен, 2018 жылғы наурыздан бастап валюталық ипотекалық қарыз алушылардың борыш жүктемесін төмендетуге және 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағам (бір  АҚШ долл. үшін  188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландыру арқылы валюталық бағамдардан болған ауытқушылықтарға тәуелділікті алып тастауға бағытталған Бағдарламаның екінші бөлімі іске асырылды.

Ұлттық Банк банктерге бағам айырмасын өтеуге 111,4 млрд теңге бөлді.

2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда шетел валютасымен кіріс алмайтын және кірісі жоқ жеке тұлғаларға жаңа валюталық ипотекалық қарыздар беруге тыйым белгіленгендігін атап өтемін.  Халықтың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздары бойынша мәселені түпкілікті шешуді  қаржы реттеушісіне Мемлекет басшысы өзінің  2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауында тапсырды. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы тапсырманы іске асыру мақсатында 2020 жылғы қыркүйекте Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бір жақты тәртіппен, демек қарыз алушылардың өтініштерінсіз теңгеге айырбасталған валюталық ипотекалық қарыздар бойынша бағам айырмасын банктердің өтеуі үшін түзетулер қабылдады. Екінші бөлім шеңберінде халықтың әлеуметтік осал тобы үшін  – жылдық 3%,  қалған қарыз алушылар үшін – жылдық 12% сыйақы мөлшерлемесі бойынша қайта қаржыландыру көзделген.

Бағдарламаның екінші бөлімін іске асыру нәтижелері бойынша Бағдарламаның талаптарына сәйкес халықтың 100% валюталық ипотекалық қарыздары теңгеге айырбасталды. Нәтижесінде 27 202 валюталық ипотекалық қарыз алушының борыш жүктемесі екі еседен астам төмендеді, ал валюталық ипотека елде нөлге келтірілді.

Бағдарламаның бірінші және екінші бөлімдерінде  бұрын капиталдандырылған сомалар шегеріле отырып, қарыз бойынша негізгі борыштың қалдығы қайта қаржыландыруға жатады, бұл ретте қарыз алушының сыйақы,  комиссиялар, тұрақсыздық айыбы бойынша берешегі банктердің кешіруіне   (банктердің қаражаты есебінен 268 млрд теңге) жатқызылды.

2019 жылы Бағдарламаны іске асыруды жүйелік талдау ХӘОТ жататын қарыз алушылар , сондай-ақ қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау есебінен жалғыз мүлкі банктердің балансына өткен қарыз алшылардың қосымша мемлекеттік қолдауды қажет ететіндігін көрсетті. Қарыз алушылардың осы санаты үшін кірістің негізгі түрі бюджеттен әлеуметтік төлемдер және жәрдемақылар, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек болып табылады. Кірістерінің төмен болуына байланысты мұндай қарыз алушылар баспанадан шығару тәуекелі аймағында бола отырып, қарыз шарттары бойынша өздерінің міндеттемелерін толық көлемде орындай алмайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев жоғарыда көрсетілген санаттағы ипотекалық қарыз алушыларды қолдауға бағытталған бірқатар қосымша шаралар әзірлеуге тапсырма берді.

Нәтижесінде 2019 жылғы желтоқсанда Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, олар банктерге 2020 жылғы қаңтардан бастап тараптардың келісімі бойынша қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайын талдау негізінде ипотекалық қарыздарға қызмет көрсетуде қиындықтарға тап болған ХӘОТ санатына жататын қарыз алушыларды оңалтудың қосымша тетіктерін қолдану құқығын берді:

- негізгі қарызды азайту;

- ай сайынғы төлемі 20 000 теңгеден сыйақы мөлшерлемесі 3%-дан аспайтын және қарыз алушының табысы 2 ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен болмайтын жеңілдікті кестелерді белгілеу.

ЕДБ шығыстарын өтеу үшін Ұлттық Банк 44,6 млрд теңге бөлді. Бағдарламаның осы бағыты бойынша 6,2 мың қарыз алушыға 30,77 млрд теңге сомаға қосымша көмек көрсетілді.

Қорытындылай келе, осы Бағдарламаның арқасында 48,5 мыңнан астам азамат жалғыз баспаналарын сақтап, қарыз жүктемесін айтарлықтай төмендеткенін атап өткім келеді. Бағдарламаның 1 және 2-бөлімдері аясында банктер қарыз алушылардың 268 млрд теңге сомаға сыйақы, айыпақы (өсімпұл, айыппұл) және комиссия бойынша берешегін кешірді.

Сұрақ: Мынаны түсіндіріп бере аласыз ба? Қолында сот шешімі бар қарыз алушылар мемлекеттік баж салығын төлеуге міндетті. Орташа алғанда, егер талап-арыз 10 миллион теңгеге болса, онда менің білуімше, мемлекеттік баж салығы шамамен 300 мың теңгені құрайды. Ипотеканы төлеуде қаржылық қиындықтары бар азаматтар мұндай ақшаны қайдан табады? Және Бағдарлама шеңберінде айтарлықтай қомақты көмек көрсетілетін әлеуметтік осал қарыз алушылар – кімдер?

Жауап: Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап оған енгізілген алғашқы өзгерістердің бірі Ұлттық Банк өзіне алған, әлеуметтік осал қарыз алушылар үшін мемлекеттік баж салығын төлеу шығыстарына қатысты болды. Мемлекеттік баж салығының мөлшері талап етілген соманың 3% құрайды. Бұл норма қарыздары бойынша банктердің пайдасына борышты өндіріп алу туралы сот актілері бар ХАОТ санатындағы қарыз алушыларға қатысты.. Есептен шығарылған мемлекеттік баж салығының жалпы сомасы 18 млрд  теңгені құрайды.

ХАОТ санатына жататындар:

  1. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
  2. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;
  3. I және ІІ топтағы мүгедектер; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары;
  4. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін  аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар; жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
  5. кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жиырма жасқа жетпеген жетім балалар;
  6. қандастар (оралмандар);
  7.  экологиялық зілзалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
  8. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар,
  9. көп балалы отбасылары;
  10. мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттірін, әскери қызметін
    орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары;
  11. Толық емес отбасылары.

Сұрақ : Былтырғы жылдан бастап Бағдарлама шеңберінде ХАОТ санатына жататын қарыз алушылар жеке, үлкен көмек алады. Ал әлеуметтік маңызды аурулары бар қарыз алушылар қандай да бір қолдауға сүйене ала ма? Және бұған нақты қандай аурулар жатады?

Жауап: Проблемалық қарыз алушыларды қамту мақсатында 2020 жылғы қыркүйектен бастап банктер қарыз алушылар - ХӘОТ үшін көзделген талаптарды ұсынатын азаматтардың тізбесін кеңейтетін түзетулер қолданылады. Азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің өтініштерін талдау негізінде қабылданған түзетулер, сондай-ақ ҚР Үкіметінің тапсырмалары Бағдарламаны кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда:

- ХӘОТ үшін Бағдарламада көзделген талаптарды ХӘОТ мәртебесіне ие, қарыз алушының жұбайы (зайыбы) не жақын туысы болып табылатын қосалқы қарыз алушы/кепіл беруші/кепілгер қарыздарына қолдану;

- қарызды қайта қаржыландырғаннан кейін ХӘОТ мәртебесін алған қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету;

- кәмелет жасқа толмағандардың және/немесе мүгедектігі бар адамдардың заңды өкілдері болып табылатын ипотекалық қарыз алушыларға, сондай-ақ қамқорлығында (асырауында) ХӘОТ мәртебесі бар тұлға тұратын қарыз алушыларға қаржылық қолдау шараларын көрсету.  Сондай-ақ қарыздары таратылатын «Астана Банкі» АҚ-та тұрған, ХӘОТ санатындағы азаматтарға;

- жекелеген әлеуметтік мәні бар аурулары бар азаматтарды ХӘОТ үшін көзделген талаптармен Бағдарламаға енгізу. 

 Бұл аурудың мынадай бес түрі туралы:

1. 3-топтағы мүгедекітігі бар АИТВ (ВИЧ)-инфекциясы;

2. туберкулезді менингит, сүйектер мен буындардың (омыртқа мен жамбас) туберкулезі, жайылған туберкулез, кең дәріге төзімді туберкулез, бактерия бөлетін өкпе туберкулезі, сонымен бірге 1Т тобында байқалатын және симптоматикалық  ем алатын;

3. мүгедектік тобының болуына қарамастан қатерлі ісіктер;

4. 3-топтағы мүгедектік болса дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы;

5. 3-топтағы мүгедектік болса орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялық аурулары).

Сұрақ: ХӘОТ қарыз алушыларына қосымша көмек көрсету үшін қашан өтінім беру қажет? 2-1 бөлімді жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғастырылып жатыр ма, және Бағдарламаның осы бағытын жүзеге асыруды ұзарту мәселесі қарастырылып жатыр ма?

Жауабы: Қосымша көмек көрсету мерзімі 2021 жылғы 1 қарашада өтеді.

Бағдарламаның 2-1 бөлімі бойынша қосымша көмек 30,77  млрд теңге сомасында 6,2 мың  қарыз алушыға көрсетілді.

Қазіргі уақытта ХӘОТ-ке жататын 8,7 мың қарыз алушыдан Бағдарламаның 2-1 бөлімі бойынша банктерге 7,9 мың қарыз алушының (91%) өтініші берілді.

1,9 мың қарыз алушының қарыздары бойынша көмек көрсетудің қосымша шараларын қабылдау банктердің қарауында, 826 қарыз алушы банктерге өтінішпен жүгінбеді.

Қазіргі уақытта «Астана Банкі» АҚ валюталық ипотекалық қарыздарын және «Астана Банкі» АҚ теңгеріміндегі баспаналарды «Қазақстан Тұрғын ұй компаниясы» ИҰ» АҚ-қа қайта қаржыландыру үшін және Бағдарламаның 2-1 Бөлімінің талаптарында қосымша көмек көрсету үшін қайта табыстау процедурасы жалғасып жатыр.

Осылайша, 2-1 бөлімді жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Қарыз алушылардың өтініштері мен қоғамдық бірлестіктердің өтінімдері негізінде, ХӘОТ санатындағы қарыз алушыларды қосымша көмек көрсету шараларымен толығымен қамту мақсатында Бағдарламаның 2-1 бөлімін жүзеге асыруды ұзарту мәселесі қарастырылатын болады.

Сұрақ: Егер қарыз алушыға Бағдарлама бойынша қарызды қайта қаржыландырудан бас тартқан болса, берілген бас тарту үшін шағым айту үшін қайда жүгінуге болады?

Жауап:  Бағдарламаны жүзеге асыру тазалығын қамтамасыз ету үшін  2015 жылы Қазақстанның барлық өңірлерінде Ипотекалық қарызды қайта қаржыландырудан бас тартуына қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялар құрылды. Комиссия банктің Бағдарлама талаптары бойынша қарызды қайта қаржыландырудан бас тартуының заңдылығы тұрғысынан қарыз алушылардың шағымдарын қарайды.

Комиссия құрамына құқық қорғау органдарының, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының және ипотекалық қарыз алушылардың мүдделерін таныстыратын қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.

Комиссияның негізгі қызметі Бағдарламаға қатысушы-банктерден алынған қарызды қайта қаржыландырудан бас тартуларға қатысты шағымдарын қарау болып табылады. Қайта жазылған шағымдар ондағы келтірілетін дәйектер жаңа болса және қайта ашылған мән-жайлар болса қарастырылады.

Бағдарламаның бірінші және екінші бөлімі бойынша Комиссия шешімдері банктердің орындауы үшін міндетті болып табылады.

Қазіргі уақытта Комиссиялар Бағдарлама талаптары бойынша қарыздарды қайта қаржыландырудан бас тартуларына қатысты қарыз алушылардың 5 373 өтінішін қарастырды, олардың ішінде 2 636 шағым бойынша қарызды қайта қаржыландырудан/қарызды кешіруден бас тарту заңды деп расталған болса, 2 737 шағым бойынша қарыздарды/ қарыз алушының борыштық жүктемесін төмендету туралы шешімдер/ұсынымдар шығарылды.

Бағдарламаның үшінші бөлімі бойынша банктер қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету шараларын қабылдау бойынша 335 ұсыным шығарды, олардың ішіндегі 107 ұсыным бойынша қосымша көмек көрсетілді.

Қарыз алушылардың шағымдарын қарау кезінде Комиссиялар қарыз алушының ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелерін орындау мүмкіндігінің болуын; қарыз алушының жасын, еңбекке қабілеттілігін; қарыз алушының асырауында кәмелетке толмаған, соның ішінде мүгедек және (немесе) түрлі ауруға шалдыққан балалардың болуын ескереді.

Осылайша, қарыз алушының жағдайын ескере отырып, Комиссия Банкке Бағдарламаның үшінші бөлімінің талаптары бойынша қосымша көмек көрсету туралы ұсыным шығара алады.

Сұрақ: Маған Қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша консультация қажет. Мен Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментін басшылығының қабылдауына қалай жазыла аламын?

Жауап: ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтарды 2020 жылдың басынан азаматтарға қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша консультация беру, соның ішінде Ипотекалық тұрғын үй/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша түсініктемелер беру үшін, сондай-ақ қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін қабылдайды.

Карантиндік шараларға байланысты азаматтарды қабылдау апта сайынғы негізде: сейсенбі және жұма күндері 10:00-13:00 сағат аралығында аудиоконференцбайланыс арқылы жүргізіледі.

Жазылу үшін 𝗬𝗲𝗿𝗺𝗲𝗸.𝗨𝘁𝗲𝗺𝗶𝘀𝗼𝘃@𝗳𝗶𝗻𝗿𝗲𝗴.𝗸𝘇 электрондық мекенжайына мына деректерді жіберу қажет: ТАӘ, ЖСН, байланыс деректері, қаржы ұйымының толық атауы, өтініштің қысқаша сипаттамасы және міндетті түрде тақырыпты «Қабылдауға жазылу» деп көрсету қажет.

2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезең аралығында Департамент 306  кездесу өткізіп, 3721  азаматты қабылдады.

Азаматтарды қабылдауға сондай-ақ Агенттіктің сall-орталығы арқылы: + 7 727 237 1000 нөмірі бойынша жазылуға болады. Жұмыс уақыты: жұмыс күндері 10.00 бастап 17.00 дейін, түскі үзіліс –13.00 бастап 14.30 дейін.

Сонымен бірге сіз Бағдарламаның барлық бағыттары бойынша өз сұрақтарыңызға fingramota.kz сайтында «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша жиі қойылатын сұрақтар» бөліміндегі кері байланыс нысаны арқылы немесе «Fingramota Online» мобильді қосымшасының көмегімен жауап ала аласыз.

Толығырақ "Ипотекалық тұрғын үй  қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша сұрақтар мен жауаптар" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге