Кредиттер мен микроқарыздар ресімдеуге ерікті түрде тыйым салу: қазақстандықтарға нені білу маңызды

time 30.04.2025
aye 611
Кредиттер мен микроқарыздар ресімдеуге ерікті түрде тыйым салу: қазақстандықтарға нені білу маңызды

 2024 жылғы ақпаннан бастап заңнамалық тұрғыдан азаматтардың кредиттер алудан ерікті түрде бас тарту құқығы («Стоп кредит» сервисі) енгізілді. Бұл арнайы қорғану тетігі, оның көмегімен әрбір қазақстандық банктерде және микроқаржы ұйымдарында жаңа кредиттер алуға тыйым салуды дербес енгізе алады. 

«Бірінші кредиттік бюро» АҚ деректері бойынша, бүгінгі күні 2 млн азамат кредиттер мен микроқарыздар ресімдеуге ерікті түрде тыйым салуға өтінім беріп, осы мүмкіндікті дербес пайдалана алды.

«Стоп кредит» сервисін қалай пайдалануға болатыны және ол қандай алаяқтық схемалардан сақтай алатыны жөнінде Fingramota.kz-пен қарастырып көрелік.

Азаматтарды алаяқтық схемалардан қорғау мақсатында Қазақстанда банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан өз еркімен бас тартуға мүмкіндік беретін «Стоп кредит» мемлекеттік қызметі енгізілді.

«Стоп кредит» — бұл eGov.kz порталындағы және е-GOV mobile мобильді қосымшасындағы тегін мемлекеттік қызмет, оның көмегімен әрбір азамат шектеусіз уақытқа банктік қарыздар мен микрокредиттер беруге  тыйым салу белгілей алады.  

Мұндай шектеуді тек қарыз алушының өзі белгілейді және кез келген уақытта ол кредит алуға тыйым салуды алып тастай алады. 

2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап банктер мен МҚҰ қарыз алушының кредит тарихында кредиттерден ерікті түрде бас тарту туралы ақпарат болған жағдайда кредит бойынша берешекті есептен шығару міндеті бойынша заңнамалық түзету қолданылады. Яғни, егер азамат кредит алудан ерікті түрде бас тарту орнатса, алайда осы кезеңде оған заңсыз  кредит ресімделген болса, онда банк немесе МҚҰ қарыз бойынша берешекті есептен шығаруға міндетті болады.

«Стоп кредит» мемлекеттік қызметі қалай жұмыс істейді?

1.  Сіз тыйым салуды eGov.kz немесе eGov Mobile арқылы ресімдейсіз.

2.  Кредиттік бюролар сіздің шешіміңізді дерекқорда бекітеді.

3.  Банктер мен микроқаржы ұйымдары кредитті мақұлдамас бұрын тыйым салудың бар не жоқ болуын тексеруге міндетті.  

 4. Сіз «Стоп кредит» қызметін қолданған жағдайда, сіздің кредитік тарихыңызға немесе кредиттік рейтингіңізге қарамастан, банк немесе МҚҰ Сізге қарыз беруден автоматты түрде бас тартады.   

«Стоп кредит» қызметін қалай пайдалануға болады? 

Қызметті смартфон арқылы пайдалану үшін сізге:

- eGov.kz порталына кіріп, «Кеден және салықтар» бөліміне өту; 

- тізімнен «Экономика және қаржы» бөлімін таңдап, «Банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдау; 

- қажетті жолды толтырып, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қою;

- қызмет нәтижесімен Жеке кабинетте танысу қажет.

Осы қызметті  компьютер арқылы да қосуға болады, ол үшін:

- өз логиніңізді және құпиясөзіңізді пайдалана отырып, ЭЦҚ көмегімен egov.kz сайтына кіріңіз;

- сайттың негізгі бетіндегі «Сервистер» бөлімін таңдаңыз -  «    мерзімімен банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту»  - «Қызметке онлайн тапсырыс беру»;

- барлық міндетті жолдарды толтырып, ЭЦҚ арқылы өтінімге қол қойыңыз.

Бұрын белгіленген шектеулерді алып тастау үшін пайдаланушыға:

- «Банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдау;

- «Қызметтен бас тартқыңыз келе ме?» сұрағына «Иә» деп жауап беріп, қол қоюдың қолжетімді әдістерінің бірімен қол қою қажет.

«Стоп кредит» сервисі неден қорғайды?

1. Алаяқтардың кредитті ұрланған жеке деректеріңіз бойынша ресімдеуі. Мысалы, Сіз жеке куәлігіңізді жоғалттыңыз немесе оның деректері алаяқтардың қолына түсті. Олар онлайн-өтінімдерді пайдаланып, банкте немесе МҚҰ-да кредит ресімдейді. Егер Сізде «Стоп кредит» болса, жүйе кредит беруге мүмкіндік бермейді және кредиттік ұйым автоматты түрде кредит ресімдеуден бас тартады. 

2. Қарызды рұқсатсыз кірген онлайн-банкинг арқылы ресімдеу. Мысалы, алаяқтар сіздің онлайн-банкингіңізге рұқсатсыз кірді дерлік (фишингтік сайттар немесе қолды болған мәліметтер базасы арқылы). Әдетте олар сіздің атыңызға бірнеше рет басу арқылы кредит ресімдей алады. Алайда, «Стоп кредит» іске қосылып тұрса, рұқсатсыз ашылған аккаунттың өзі көмектеспейді – қарыз мақұлданбайды.

3. «Жалған банкирлердің» қатысуымен болатын алаяқтық схемалар. Мысалы, олар сізге «банктен»-мыс қоңырау шалып, атыңызға біреу кредит алмақшы деп хабарласады. Олар сізді ақша аударуға немесе кредит алуға және ақшаңызды «қауіпсіз шотқа аударуға» сендіреді. Егер сіз «Стоп кредит» қызметін алдын ала қосқан болсаңыз, алаяқтар деректеріңізді алғанның өзіне қарыз ресімдей алмайды.

4. Алаяқтардың немесе таныстардың психологиялық қысымы. Мысалы, сізге «қаржы кеңесшісі» немесе «тиімді бизнес» деген сылтаумен кредит алуға көндіретін досыңыз қоңырау шалды делік. Сіз мұны істегіңіз келмейді, бас тартуға да қиналдыңыз. Егер сіз «Стоп кредит» қызметін қосқан болсаңыз, онда ол онлайн-кредиттерді беруді автоматты түрде бұғаттайды, тіпті қысым болған жағдайда да ешкім сіздің атыңызға қарыз рәсімдей алмайды.

Егер сіз жақын арада кредит алуды жоспарламасаңыз, eGov.kz арқылы өзіңізге қарыз алуға тыйымды рәсімдеңіз – бұл тегін және бірнеше минут уақытыңызды алады. Кредит алудан ерікті түрде бас тарту («Стоп кредит» сервисі), егер деректеріңіз алаяқтардың қолына түссе де, сізді үлкен қаржылық проблемалардан сақтай алады.

Назар аударыңыз!

Бұл жаңашылдықты алаяқтар пайдаланғанын атап өткен жөн – олар ерекше алдау схемасын әзірледі. Банк қызметкерінің атын жамылған алаяқ ықтимал жәбірленушіге қоңырау шалып, қазіргі уақытта оның атына кредит алуға өтініш берілгенін хабарлайды. Қоңырау шалушы: «Сіз кредит ресімдеуге әрекет еткеніңізді растайсыз ба?» деген сұрақ қояды. Әдетте, азаматтар ешқандай өтініш берген жоқпыз деп бас тартады. Алаяқ мұндай жауапты болжап, кредит алуғаге өтінімнің күшін жойғанын хабарлайды, содан кейін мұндай жағдайды болдырмау үшін ол «Стоп кредит» сервисін  пайдалануды ұсынады. Ол үшін ол азаматқа банктің ресми сайтына сілтеме жібереді, онда кредиттен ерікті түрде бас тартуды белгілеу үшін нысанды толтыру қажет. 

Шын мәнінде, бұл сілтеме жеке және қаржылық ақпаратты жинау үшін құрылған фишингтік сайтқа апарады. Осы сайттағы нысанды толтырғаннан кейін тұтынушылар алаяқтарға өздерінің дербес деректерін береді.

БІЛУ МАҢЫЗДЫ! Кредиттерді беруге өз бетінше тыйым салуды банктердің сайттарында емес, электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте немесе eGov мобильді қосымшасында ғана дербес қоюға болады. Сондықтан, алаяқтардың айла-амалдарына берілмеңіз және қоңырау шалушы бейтаныс адамдар сізге нұсқау беріп, SMS немесе мессенджерлер арқылы түсініксіз сілтемелерге өтуді ұсынған кезде аса мұқият және сақ болыңыз.

Толығырақ "Абайлаңыз алаяқтар" бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге