Мүгедектігі бар адамдар несие төлемдерін қалай азайта алады: ҚНРДА-ның жаңа шаралары

time 30.07.2026
aye 1631
Мүгедектігі бар адамдар несие төлемдерін қалай азайта алады: ҚНРДА-ның жаңа шаралары

Қазақстанда мүгедектігі бар шамамен 26 мың адамның жалпы сомасы 48 млрд теңгені құрайтын проблемалық несиелері бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қарыз жүктемесін азайтуға және кредиторлармен сотқа жүгінбей-ақ келісімге келуге мүмкіндік беретін жаңа тетіктер туралы мәлімдеді.

Қазақстанда I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтардың берешегін реттеу тәсілі өзгеруде. Енді барлық қарыз алушыға бірдей шешім қолданылмайды. Оның орнына әрбір азаматтың жағдайы жеке қаралып, табысы, мүліктік жағдайы, отбасы құрамы және өзге де өмірлік мән-жайлары ескерілетін болады.

Пилоттық жоба

ҚНРДА мәліметінше, бүгінде I және II топтағы мүгедектігі бар 105,6 мыңнан астам қазақстандықтың жалпы сомасы 262 млрд теңгені құрайтын несиелері бар. Оның ішінде 26,3 мың адамның 48 млрд теңге көлемінде мерзімі өткен берешегі қалыптасқан. Алматы қаласында шамамен 10 мың мүгедектігі бар азамат несие өтеуде қиындыққа тап болып отыр. Олардың жалпы берешегі 8,6 млрд теңгені құрайды.

Осы санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында ҚНРДА Алматы қаласының әкімдігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Әділет министрлігімен бірлесіп берешекті кешенді реттеу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруда.

Жоба аясында қарыз алушыларға несиені қайта құрылымдау, қарыз жүктемесін төмендету, төлемдерді кейінге қалдыру, несие мерзімін ұзарту немесе жаңа өтеу кестесін жасау ұсынылуы мүмкін. Егер азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкін болмаса, оған банкроттық рәсімінен өту тәртібі түсіндіріледі.

«Әңгіме қарыздарды жаппай кешіру туралы емес. Басты мақсат — азаматтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге және міндеттемелерін өз мүмкіндігіне сай орындауына жағдай жасау», — деді ҚНРДА Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьев.

Көмекті қалай алуға болады

2026 жылғы 1 шілдеден бастап finkelisim.kz цифрлық платформасы жұмыс істейді. Оның көмегімен бірнеше несиесі бар қарыз алушылар берешекті реттеу үшін бір ғана өтініш бере алады.

Бұл қызметті екі немесе одан да көп кредитор алдында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар, қарызының мөлшері 648 мың теңгеден 6,9 млн теңгеге дейінгі азаматтар пайдалана алады.

Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар үшін неғұрлым жеңілдетілген шарттар қарастырылған. Атап айтқанда, ай сайынғы төлемдер азайтылып, өтеу мерзімдері ұзартылады. Алғашқы кезеңде платформаға проблемалық берешегі бар шамамен 350 мың қарыз алушы қатыса алады.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қаржы омбудсманының жұмысына қатысты жаңа қағидалар күшіне енеді. Кейіннен азаматтарға көрсетілетін барлық көмек тетіктерін Берешекті реттеудің бірыңғай орталығына біріктіру жоспарланып отыр.

Дереккөз: kz.kursiv.media

white-arrow Тізімге