ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өмірді сақтандыру компанияларының мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысуы туралы хабарлады. Бұл бастамаларды іске асыру заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін мүмкін болады. Заң жобасы 2021 жылдың соңына дейін қабылданады деп күтілуде, деп нақтылады Агенттікте.
Бұл туралы Агенттіктің Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті актуарлық есеп айырысу басқармасының бастығы Құралай Рахымбаева толық айтып берді.
«Өмірді сақтандырудың жинақтаушы өнімдері инвесторлар мен тұтынушылар үшін анағұрлым тартымды бола бастады. Жинақтаушы сақтандыру өнімдері әлемде үлкен сұранысқа ие, олар ұзақ мерзімді мақсаттарға: балаларды оқыту, біліктілігін арттыру, жылжымайтын мүлік сатып алу және тағы басқа көптеген жағдайларға қаражат жинауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі тек екінші деңгейдегі банктер арқылы жұмыс істейді, олар салымшыларға осы жүйеге қатысу мүмкіндігі бар арнайы білім алуға арналған салымдарды ашуды ұсынады. Алайда, жинақтаушы сақтандыру шеңберінде өмірді сақтандыру компаниялары да осыған ұқсас өнімдерді ұсына алады», - деді Құралай Рахымбаева.
Өмірді сақтандыру компанияларының Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысуы азаматтарға қаражат жинау мүмкіндігі мен оларға кепілдік қана беріп қоймай, сонымен қатар асыраушысынан айырылған немесе төлем қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда сақтандыруды қорғауды ұсына отырып, банктік салымға балама болатын жаңа қаржы құралын жасайды, дейді Құралай Рахымбаева.
Қазақстанның сақтандыру нарығының жинақтаушы сақтандыру өнімдерін енгізу мен дамытуға қатысты үлкен әлеуеті бар. Өмірді жинақтаушы сақтандыру – бұл банк депозиттеріне балама құрал. Алайда ақша жинақтау мүмкіндігі жинақтаушы сақтандырудың артықшылығы болып табылады, бұл ретте ол сақтандыру қорғауында болады.
«Сақтандырылған адам жинақтау кезеңінде еңбекке қабілетін жоғалтқан немесе қайтыс болған жағдайда сақтандыру бөлігі іске қосылады және мұрагер 5 немесе 7% мөлшерінде жыл сайын есептелетін мемлекеттің сыйлықақысын ескере отырып, сақтандыру төлемін толық көлемде алады. Бұл ретте егер сақтанушымен ештеңе болмаса – жинақтаушы бөлік іске асырылады және клиент оның қаражатын инвестициялаудан түскен кірісті және мемлекеттен алған сыйлықақыны ескере отырып, өзінің жинағын алады», - деді Құралай Рахымбаева.
Депозит нарығында ең тиімді қаржы құралы мемлекет тарапынан жыл сайын ақшалай ынталандыру есебінен білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде іске асырылатын Aqyl білім беру депозиті болып табылады. Бұл – айрықша білім беру депозиті, ол Қазақстанның азаматтарына меншікті білім алуына және өз балаларының білім алуына ақша қаражатын жинақтауға мүмкіндік береді.
Aqyl білім беру депозитіне банктің сыйақысынан басқа жинақтаған сомада 5% немесе 7% мөлшерде мемлекеттік сыйлықақы есептеледі. Бұл ретте мемлекеттің сыйлықақысы (5% немесе 7%) және банк сыйақысы капиталдандырылады, демек негізгі салымға қосылады.
Біраз цифрлар келтірейік: 2015 жылдан бастап 2020 жылға дейін Aqyl салымдары бойынша статистика мемлекет сыйлықақыларының айтарлықтай өсуін көрсетеді. Мысалы, 2015 жылы – 4 млн теңге, 2016 жылы - 325,5 млн теңге, 2017 жылы - 566,9 млн теңге, 2018 жылы - 757,4 млн теңге, 2019 жылы - 918,6 млн теңге және 2020 жылы - 1 млрд 68 млн теңге. Бес жыл ішінде барлығы 3,6 млрд теңге.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Қазақстанда 2013 жылдан бастап жұмыс істейді. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, оқуға жинақтау өмірді сақтандыру компаниялары өнімдерінің классикалық түрлерінің бірі болып табылады. Мысалы, АҚШ пен Еуропа елдерінде балалардың білім алуына жинақтаудың ең танымал тәсілі – бұл сақтандыру компаниясының полисі.
«Жинақтаушы сақтандыру шарттарының банктік салымдар алдындағы негізгі артықшылықтары сақтандыру кезінде қорғаудың және сақтандыру төлеміне кепілдің болуы болып табылады. Мысалы, ата-ана болашақта баласының оқуына қаражат жинау үшін баланың пайдасына банкте салым ашады. Бұл ретте ата-анасы қайтыс болған немесе ол I, II топтағы мүгедектік алған жағдайда, депозитте жинақталған ақша баланың оқуына ақы төлеу үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Алайда, ата-ана сақтандыру шартын жасасқан болса, балаға кез келген жағдайда сақтандыру шартында жазылған оқудың толық сомасы төленетін болады», - деп сөзін қорытындылады Құралай Рахымбаева.
Ақпарат беруші: ҚНРДА сайты
Қауіпті SMS: алаяқтар азаматтарды алдау үшін мәтіндік хабарламаларды қалай пайдаланады
Дропперлер дегеніміз кім және бұл неліктен қауіпті
Жаңа қағидалар: коллекторлар бұдан былай борышкерлермен қалай жұмыс істейді
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Салықтық шегерімдер дегеніміз не және оның көмегімен қалай үнемдеуге болады?