ҚНРДА жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімі шеңберінде оператор болып табылмайды

time 7.03.2023
aye 4585
ҚНРДА жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімі шеңберінде оператор болып табылмайды

2023 жылғы 3 наурыздан бастап жеке тұлғалардың банкроттығы рәсіміне өтінімдер қабылдана бастады. «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңы (бұдан әрі – Банкроттық туралы заң) рәсімдердің үш түрін – соттан тыс банкроттықты, сот банкроттығын және төлем қабілеттілігін қалпына келтіруді көздейді. Бұл рәсімге қарыз алушының өзі ғана бастама жасай алады.

Азаматтар eGov.kz порталында «Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану» мемлекеттік көрсетілетін қызмет бөлімінде және eGov Mobile, Salyq Azamat қосымшасында не жақын жердегі Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімшесі арқылы қағаз жеткізгіште соттан тыс банкроттықты қолдануға өтініш бере алады. Сот банкроттығын қолдану қажет болған жағдайда борышкер тұрғылықты жері бойынша сотқа өтінішпен жүгінеді. Жеке тұлғаның банкроттығы тәртібі туралы толығырақ ақпарат ҚР Қаржы министрлігінің және ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурстарында жарияланған.

Білгеніңіз жөн! ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) оператор болып табылмайды және бұл мәселе бойынша өтінімдерді қабылдауды және азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырмайды.

Қарыздар мен микрокредиттерді өтеуде қиындық көріп отырған қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында 2021 жылғы 1 қазаннан бастап банктерге және МҚҰ-ға төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты мерзімі өткен берешекті реттеудің міндетті тетігі заңнамалық түрде енгізілді. Осы тетіктің шеңберінде азаматтар қарыздарын қайта құрылымдау үшін тиісті өтінішпен кредиторға жүгіне алады. Мерзімі өткен берешекті реттеу тетігі туралы ақпарат Агенттіктің интернет-ресурсында жарияланған .

Банкроттық рәсімін қолдану бойынша қосымша ақпарат алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ-тың байланыс орталығына 1414 (қосымша нөмірі 3) нөмірі арқылы не https://t.me/SalyqBot тelegram-чатына жүгінуге болады.

white-arrow Тізімге