Қазақстандағы қаржылық сауаттылық индексі 2022 жылы 40,2%-ды құрады

time 31.01.2023
aye 5974
Қазақстандағы қаржылық сауаттылық индексі 2022 жылы 40,2%-ды құрады

2020-2022 жылдар аралығындағы кезеңде Қазақстанда қаржылық сауаттылық деңгейінің өсуі байқалады: адамдар шот бойынша төлем жасауға, қаржылық жоспарлауға және бюджетті жүргізуге, ай сайынғы міндетті шығындарды төлегеннен кейін қор жинауға жауапкершілікпен қарай бастады. Мұны Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) жүргізген әлеуметтанушылық зерттеу нәтижелерінен көруге болады.  

Агенттік қаржылық сауаттылық деңгейін 2020 жылдан бастап үш негізгі құрауыш бойынша саралайды: «Меншікті қаржылай қаражатты басқару», «Қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалана білу», «Қаржы жүйесі туралы хабардар болу». 2022 жылы зерттеуге екі құрауыш қосылды – қаржылық алаяқтық және мүгедектігі бар адамдардың қаржылық сауаттылығы.

2022 жылы сауалнамаға еліміздің барлық өңірлерінен және республикалық маңызы бар үш қаладан қатысқан респонденттердің жалпы саны 2 550 адамды құрады.

Сауалнамаға қатысқандардың ішінде ең үлкен үлес бюджет саласының қызметкерлеріне (16%), студенттерге (12,8%), жеке саланың жалдамалы қызметкерлеріне (9,5%), отбасылық бизнесі бар адамдарға (8,9%), мемлекеттік қызметшілерге (8,1%) және т.б. тиесілі болды.

Респонденттердің 44,5%-ы жоғары, 31,7%-ы арнайы орта, 16,9%-ы орта білімді. Сонымен қатар, 62,4%-ы үйленген/тұрмысқа шыққан және 50,5%-дан астамы әйелдер. Респонденттердің негізгі жасы – 30 жастан 49 жасқа дейін (51,1%).

Меншікті қаржылай қаражатты басқару

Жеке қаржыны басқару жалпы алғанда кірістер мен шығыстардың барлық бабын серпінді түрде есепке алуды білдіреді. Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 47,9%-ы отбасылық бюджетті жеке өзі жүргізеді. Отбасының қаржысын бірлесіп басқару көбінесе 18-29 жастағы азаматтарға тән (25,9%). Бұл ретте ер адамдарға қарағанда әйелдерге көбірек жауапкершілік жүктеледі. 42,5% жеке бюджетіне ішінара билік етеді.

30 жастан асқан еңбекке қабілетті жастағы респонденттер қаржылық менеджмент дағдыларын жақсы біледі, олар барлық шотты уақытында төлейді (48,6%), сатып алу қабілеттерін зерделейді (46,2%) және кірістер мен шығындарды мұқият бақылайды (43,8%).

Алайда, жас және аға буындағы респонденттер өздерінің шығыстары кірістерден (сәйкесінше 12,9% және 15,5%) асып кететінімен келіседі, сонымен қатар олар «бір күнмен» өмір сүреді (сәйкесінше 12,6% және 12,2%). Бұл, ең алдымен, жалақының жоқтығына немесе төмендігіне, жұмыс тәжірибесінің жоқтығына немесе жас кезінен бастап оқу процесімен айналысуға және зейнетақы төлемдерінің жетіспеушілігіне байланысты болуы мүмкін. Төлем қабілеттілігін, атап айтқанда кірістер мен шығыстар балансын бағалау сауалнамаға қатысқандардың 68,6%-ы кірістер шығыстарды өтемейтін жағдайға тап болғанын көрсетті.

Жинақтау дағдыларына қатысты оптимистік көрініс байқалады: респонденттердің 67,9%-ының ақша жинау мүмкіндігі болса, үштен бірі (31,5%) барлық ай сайынғы міндетті шығындарды төлегеннен кейін жинақтай алады. Көбінесе бұл ай сайынғы кірістің 20%-дан 40%-ға дейінгі мөлшері (35,8%). Соңғы үш жылдағы серпін ай сайынғы міндетті шығындарды төлегеннен кейін қор жинай алатын азаматтардың саны қалып түрде өскенін көрсетеді: салыстырып қарасақ, 2020 жылы азаматтардың 30,6%-ы және 2021 жылы 31,4%-ы осылай жасады.

Өңірлер бойынша алатын болсақ, олар қор жинамайды немесе артық ақша алып қалмайды, өйткені міндетті шығыстарды төлегеннен кейін Шымкент қаласының және Атырау, Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындарында ақша жинауға қажетті қаражат қалмайды.

Қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалана білу

Бұл бөлімде азаматтардың қаржылық өнімдер мен көрсетілетін қызметтер туралы хабардарлығының деңгейі, сондай-ақ олардың тұтынушылар арасында таралуы мен қолданылуы зерттелген. Ең танымалы - тауар кредиті (67,6%) және банктік депозит (60,4%) болды, бұл сұралғандардың осы қаржылық өнімдер туралы жоғары хабардарлығын көрсетеді.

Банктік депозит респонденттердің соңғы екі жыл ішінде ең жиі ресімдеген өнімі болып табылады – 38,2%, 2022 жылы сауалнама жүргізу сәтіне оны сауалнамаға қатысқандардың  35,6%-ы пайдаланған.  Салыстырмалы түрде соңғы екі жыл ішінде тауар кредитін респонденттердің 36,9%-ы, ал 2022 жылы сауалнамаға қатысқандардың   23%-ы пайдаланған.

Аталған қызметтерден басқа, респонденттер соңғы екі жыл ішінде тұрғын үй кредитін немесе ипотеканы (39,1%), Интернет және мобильдік  банкингті (38,8%), зейнетақы аннуитетін (38,7%) жиі пайдаланған.

Қаржылық көрсетілетін қызметтерді таңдау кезінде респонденттер әртүрлі қаржы ұйымдарында бірнеше нұсқаны қарайды (43,3%). Сауалнамаға қатысқандардың жас ерекшелігі респондент неғұрлым жас болса, тиімді нұсқаларды іздеу кезінде олардың нарықты жан-жақты талдайтынын көрсетті: 18-29 жас – 43,2%; 30-49 жас – 44,3%. Салыстырмалы түрде 50 жастан 63 жасқа дейінгі респонденттер – 41,6%, 63 жастан асқандар – 40,5%. Гендерлік тұрғыдан әйелдер  (44%) ерлерге (42,6%) қарағанда қызметтерді іздеуде көп қызығушылық танытады. 

Қаржылық сауаттылықтың маңызды көрсеткіштерінің бірі  қаржы ұйымдарында ресми құжаттарға қол қою тәртібі болып табылады.  Халықтың басым бөлігі (2022ж. – 45,2%, 2021ж. – 44,9%) қаржы ұйымымен шартқа қол қойған кезде шартты мұқият оқитындарын, талаптарын зерделейтінін айтады. Ресми құжаттарға қол қою кезіндегі білімдерінің төмен деңгейін Қарағанды (30%) және Павлодар (27,3%) облыстарының респонденттері, Ақтөбе (50%), Алматы (48%), Қызылорда (48%), Солтүстік Қазақстан (48%) және Батыс  Қазақстан (48%) облыстарының респонденттері жоғары деңгей көрсетті.  

Қаржы жүйесі туралы хабардар болу

Халықтың институционалдық қаржылық мінез-құлқын қалыптастыру талаптарының бірі қаржы ұйымдарының, атап айтқанда, екінші деңгейдегі банктердің қызметі және олардың тұтынушыларға қолжетімділігі болып табылады.

Сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі қаржы ұйымдарын өз мақсаттарына жету ретінде (32,5%) қарастырады, қаржылық қызметтерді еркін ажырата біледі (31,2%) және Қазақстанда қандай қаржы ұйымдары жұмыс істейтіні жөнінде жақсы біледі (30,4%).

Бұл ретте, қаржы жүйесінің сенімділігіне ерлерге (5,3%) қарағанда әйелдер (4,8%) сенімсіздік танытады (тиісінше 3,6% және 3,8%).  Жалпы алғанда, халық қаржы ұйымдарының тарапынан құқықтардың бұзылуы анықталған жағдайда қандай органдарға жүгіну керектігі жөнінде хабардар. Сауалнама нәтижелері мемлекеттік сектордың, сондай-ақ мемлекеттік емес сектордың дамығаны жөнінде  айтуға мүмкіндік береді. Олардың ішінде, респонденттердің бағалауы бойынша, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде (29,5%), адвокаттар мен заңгерлерде (29,1%), сондай-ақ ҮЕҰ-да (25,3%) құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік басым түседі.

Әрбір бесінші респондент (19,6%) өз мәселесін қаржы ұйымымен шешкен. Әрбір алтыншы (17,7%) заңгерге/адвокатқа және әрбір жетінші респондент (14,9%) қаржы нарығын дамыту және реттеу жөніндегі уәкілетті органға жүгінген. Респонденттердің 10%-ға жуығы сот тәртібінде реттеуге жүгінген.

Қаржылық алаяқтық

Қаржылық алаяқтықтың ең көп тараған түрлерінің бірі телефон арқылы (34,2%) жасалатын және интернет-алаяқтық (32,7%) болып табылады. Пікіртерім көрсеткендей, респонденттердің жартысынан көбі қаржылық алаяқтықпен таныс – 55,8%. Көбінесе бұл телефон арқылы жасалатын алаяқтық – «вишинг» (34,2%) және интернет-алаяқтық – «фишинг» (32,7%). Пікіртерімге қатысқандардың 21,6%-ы қаржы пирамидалары тарапынан ұйымдастырылған алаяқтықтың қатысушылары болды, ал 11,5%-ы төлем карталары бойынша орын алған алаяқтыққа тап болды.

Бұл ретте алаяқтардың азаматтармен байланысының ең көп тараған тәсілдері ұялы немесе қалалық телефонға қоңырау шалу (51,5%), сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі хабарламалар (33,4%) болып табылады. 56% жағдайда мұндай құқық бұзушылықты танып-білуге болады, алайда респонденттердің қалған 44%-ы мұндай құқық бұзушылықты уақтылы анықтай алмаған.

Алаяқтардың айла-амалдарына көбінесе аға буын өкілдері сенім артады, өйткені пікіртерімге қатысқандардың 50,7%-ы (63+) алаяқтық пиғылды ажырата алмаған. Белгілі болғандай, алаяқтарға ерлерге (42,6%) қарағанда әйелдер (45,3%) көбірек сеніп қалған. Өңірлер бойынша Алматы және Шымкент қалаларында  (49,3%-дан), Шығыс Қазақстан облысында (48,7%) және Астана қаласында (48%) «Жоқ, танып-білу мүмкін болмады» деген жауап нұсқасы жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Бұл көрсеткіштер, ең алдымен, ірі қалаларда кәсіби экономикалық алаяқтықтың даму тәуекелінің жоғары деңгейде екенін көрсетуі мүмкін.

Алаяқтыққа тап болған жағдайларда не істеу керектігі туралы азаматтардың хабардар болу деңгейі өте жоғары: респонденттер көбінесе интернеттен ақпарат іздейді (37,9%) немесе құқық бұзушымен одан әрі байланысты үзеді (29,8%). Бұл ретте құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінудің төмен деңгейі (3,1%) жазасыздық және қылмыскерлерді әшкерелеу мүмкіндігінің болмауы тәуекелдерін туындатады.

Бұл ретте, зейнеткерлер көбінесе ақпаратты қылмыскерлерге ішінара берді (6,3%) және қылмыскер қоңырау шалған ұйымнан ақпаратты ешқашан нақтыламады (0%).

Бұл сұраққа жауаптардың гендерлік ерекшелігі әйелдердің алаяқтардың алдауына көбірек бейім екенін көрсетеді: 9,2% оларға қажетті ақпаратты ішінара берді, салыстырар болсақ, ерлерде бұл көрсеткіш 2,9%-ды құрайды.

Қаржылық алаяқтардың кеңінен таралуына байланысты респонденттердің жартысынан көбі қандай да бір шығынға ұшыраған жоқпыз деп санайды, өйткені олар алаяқтармен өзара әрекеттеспеді (57,2%), ал психологиялық қысым (34,4%) басым болған.

Мүгедектігі бар адамдардың қаржылық сауаттылығы

Зерттеу шеңберінде мүгедектігі бар адамдарға қаржылық қызмет көрсету сапасына баға берілді. Респонденттер қаржы мекемелеріне нақты қолжетімділік деңгейін орташа бағалайды – 66,6% «5»-тен «3» балға бағалады. Өңірлер бойынша қаржы ұйымдарында мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайлардың төмен деңгейі оңтүстік өңірлерде – Қызылорда (24%), Түркістан (23,3%), Алматы (22%) және Жамбыл (22%) облыстарында, сондай-ақ елдің орталық өңірлерінде – Ақмола (22,7%) және Қарағанды (22%) облыстарында тіркелді («1» және «2» шкаласы бойынша көрсеткіштер жиынтығында).

Бұл ретте қаржы мекемелері қызметкерлерінің коммуникативтік қабілеттері жергілікті жерлердегі жағдайларға қарағанда біршама жоғары бағаланды.

Дегенмен, мүгедектігі бар адамдардың қаржылық қызметтерді алуына қолайлы жағдай жасауда бірқатар проблемалар бар:

– пандустардың болмауы – 35,5%;

  • сурдоаудармашылардың болмауы – 26,9%;
  • қызметкерлер тарапынан тиісінше назар аудармау – 40,2%.

Жалпы, пікіртерім нәтижелері оң серпінді көрсетеді. 2022 жылы Индекс 40,2%-ды құрады – бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,7%-ға көп (2021 ж.  – INDEX = 39,52%; 2020 ж. – INDEX = 39,07%). Ең жоғары көрсеткіш «Қаржы жүйесі туралы хабардар болу» құрауышы бойынша тіркелді – 41%, 2021 жылмен салыстырғанда өз деректерін айтарлықтай арттырды (35,5%; ↑ 5,5%-ға). Екінші орында «Қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалана білу» тұр, өз көрсеткішін 2022 жылы – 40,1%; 2021 жылы – 40,5% деңгейінде сақтап қалды.  «Меншікті қаржылай қаражатты басқару» құрауышы 39,6%-ды  құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға төмен  (2021ж. – 42,57%).

Әлеуметтанушылық зерттеу нәтижелері бойынша Агенттік халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша бірлескен жұмысты күшейту мақсатында мемлекеттік органдар, қаржы және қоғамдық ұйымдар үшін ұсынымдар әзірледі.

white-arrow Тізімге