2021 жылғы 1 сәуірде Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ кредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында, Агенттік Ұлттық Банкпен және қаржы нарығына қатысушылармен келісім бойынша  Шағын және орта бизнес субъектілерінің қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібін әзірледі (Агенттік Төрағасының 2021 жылғы 9 сәуірдегі № 127 бұйрығы).

Тәртіпте микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде дара кәсіпкерлерге 2021 жылғы 1 сәуірге дейін кәсіпкерлік мақсаттарға берген банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру көзделеді.

Төлемдерді кейінге қалдыру үшін қарыз алушылардың аталған санаттары өздерінің банкіне немесе микроқаржылық ұйымына 2021 жылғы 30 маусымға дейінгі мерзімде өтінішпен жүгінуге тиіс.

Өтінішті еркін нысанда электрондық поштаның, «банк-клиент» онлайн-жүйесінің, интернет-ресурстың, мобильді қосымшаның немесе басқа да байланыс құралдарының көмегімен беруге болады.

Төлемдерді кейінге қалдыру мерзімі қарыз алушының таңдауы бойынша 30 күннен 90 күнге дейін құрайды.

Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде дара кәсіпкерлерге төлем мерзімін кейінге қалдыру субъект экономиканың зардап шеккен салаларында (экономикалық қызметтің 346 түрі қамтылған) қызметін жүзеге асырған кезде қосымша құжаттарды ұсынбай берілетін болады.

Орта кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде дара кәсіпкерлерге төлем мерзімі шектеулі карантиндік шаралардың қолданылуы салдарынан субъектінің қаржылық жағдайының нашарлағанын куәландыратын, қарыз алушы және кредиттік ұйымның жеке бағалауы растайтын факторлар болған кезде кейінге қалдырылады.

Қарыздар бойынша кейінге қалдырылған төлемдерді төлеу үшін үш жаңа төлем кестесінің бірі: қарыз мерзімі аяқталғанға дейін кейінге қалдырылған төлемдерді тепе-тең бөлу не кейінге қалдыру кезеңіне қарыз мерзімін ұлғайту, не қарыз (микрокредит) шартында немесе қарыз алушының өтінішінде көрсетілген өзге де өтеу тәсілі түрінде белгіленуі мүмкін.

Кейінге қалдыру кезеңінде кредиттік ұйымдар бұл қарыз алушы бойынша шағым-талап жұмысын жүргізбейді.

Төлем мерзімін кейінге қалдыру қарыз алушының кредиттік тарихын нашарлату және кредиттік бюроға қарыз алушы туралы жағымсыз ақпарат ұсыну үшін негіз болып табылмайды.

Ақпарат беруші: ҚНРДА