Төлем карталарымен жасалған қолма-қол ақшасыз операциялар 2,5 есе өсті

time 2.03.2021
aye 2345
Төлем карталарымен жасалған қолма-қол ақшасыз операциялар 2,5 есе өсті

Қазақстанның төлем карталары нарығы белсенді өсу қарқынын көрсетіп отыр.

 ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша - "Қазақстандық карталармен барлығы 52 трлн теңгеге 3,2 млрд операция жүргізілді, бұл 2019 жылға қарағанда 1,7 есе жоғары".

Төлем карталарымен жасалған он транзакцияның тоғызы қолма-қол ақшасыз жасалған. 2020 жыл ішінде қазақстандық эмитенттердің төлем карталарын қолдана отырып, 35,3 трлн теңгенің 2,9 миллиард қолма-қол ақшасыз операциясы жүзеге асырылды. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен, сәйкесінше, 2,4 және 2,5 есе асып түседі.

Пандемия өз түзетулерін енгізіп, қолма-қолсыз транзакциялар мен интернет-дүкендердің көбеюіне алып келді. Бұл қолма-қол ақша алу санының азаюымен расталады. 2020 жылы олардың саны 21%-ға азайды (297 млн ​​операция). Төлем карточкаларын ұстаушылар 16,6 трлн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырды.

Осы жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша 49,3 миллион төлем картасы айналымда болды, 26,5 миллион картаны (53,8%) ұстаушылар белсенді пайдаланады.

Төлем карталары арқылы тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Төлем карталарын қабылдайтын кәсіпкерлер саны артты. Карта арқылы төлем қабылдайтын кәсіпкерлер саны – 108 мыңнан, ал сауда нүктелері – 169 мыңнан асты. Қазақстанда барлығы 203 мың POS-терминал жұмыс істейді.

2019 жылмен салыстырғанда, карта арқылы төлем қабылдайтын бөлшек сауда орындары (26%-ға) мен POS-терминалдардың (26%-ға) көбейгені байқалады. 2020 жылдың соңына қарай POS-терминалдардың 86%-ы контактсыз төлем функциясын қолдады.

Ақпарат көзі: www.nationalbank.kz

white-arrow Тізімге