Төлеу мерзімі өтті ме: кредитті қайта құрылымдауға өтінішті қалай беруге болады

time 10.11.2022
aye 3827
Төлеу мерзімі өтті ме: кредитті қайта құрылымдауға өтінішті қалай беруге болады

2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда кредитті өтеуде қиындықтарға тап болған азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу тәртібі қолданылады. Ол барлық кредиттік ұйымдарға – банктер мен МҚҰ-ға қолданылады.

Бұл тетіктің қалай жұмыс істейтіні жайында Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығының тілшісіне ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев айтып берді.

 - Александр Леонидович, кредиттер бойынша төлеу мерзімін өткізіп алған қарыз алушыларды қорғауға бағытталған заңнамалық түзетулер туралы толығырақ айтып беріңізші?

 - Былтыр мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банк, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Банктер мен микроқаржы ұйымдарының қарыз алушы – жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай тәртібін енгізу бөлігінде кейбір түзетулер қабылданды.

Бұрын кредиттік ұйымдар азаматтардың мерзімі өткен қарыздарын қайта құрылымдау туралы өтініштерін 6 және одан да көп мерзімде қараған болатын. Қаржы реттеушісіне осы мәселе бойынша қарыз алушылардан көптеген өтініштер келіп түсті. Осыған байланысты Агенттік заңнамаға қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған түзетулер енгізуге бастама көтерді. Заң мамыр айында қабылданды, бірақ мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық тетігі 2021 жылғы 1 қазаннан бастап қолданыла бастады. Осылайша, мерзімі өткен берешегі бар азаматтар өздерінің кредиттерін немесе микрокредиттерін қайта құрылымдау мәселелерін заңнамада белгіленген мерзімде қарауға міндетті кредиторлармен тікелей шеше алады.

 

- Бұл тәртіп енгізілгеннен бері бір жылдан астам уақыт өтті. Кредиттік ұйымдарға қанша азамат өтініш білдірді?

- Агенттікке екінші деңгейдегі банктер ұсынған ақпаратқа сәйкес, бүгінгі күні жасалған банктік қарыз шарттарының талаптарын өзгертуге 296 мыңға жуық қарыз алушы жүгінген. Кредиторлар өтініш білдіргендердің 73%-ның немесе 216,7 мыңнан астам қарыз алушының банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістерді мақұлдады.

Микроқаржы ұйымдары қараған өтініштердің ішінде 145,9 мың қарыз алушыға, бұл өтініш білдіргендердің жалпы санының шамамен 75%-ы микрокредит беру туралы жасалған шарттардың талаптарына өзгерістер енгізілді.

- Егер берешекті өтеуде қиындықтар туындаса, қарыз алушылар банкке немесе МҚҰ-ға өздері жүгінуі керек пе? Немесе төлем мерзімін кешіктіру туралы кредитор хабарлауға тиіс пе?

  - Заңнамалық талаптарға сәйкес төлем мерзімін кешіктіру басталған сәттен бастап 20 күн ішінде кредитор қарыз алушыға туындаған кешіктіру туралы хабарлауға міндетті. Хабарламада кредиттік ұйымдар азаматтарға кредит бойынша төлем жасау және мөлшерін көрсете отырып мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі, әйтпесе бұл қарыз алушы үшін жағымсыз салдарға әкеп соғатыны, сондай-ақ қайта құрылымдау мәселесі бойынша кредиторға жүгінуге болатындығы туралы хабарлайды.

Өз кезегінде, төлем мерзімі өткен қарыз алушылар ол басталған күннен бастап 30 күн ішінде қарыздарды қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға өтініш беруге тиіс. Ешқандай жағдайда кредитордан жасырынуға болмайды! Орын алған жағдайды реттеуге қарыз алушы ғана емес, кредиттік ұйым да мүдделі. Сондықтан, реттеу шаралары неғұрлым ертерек қабылданса, қарызды өтеудің өзара қолайлы нұсқасы соғұрлым тезірек табылатын болады.

Қарыз алушының өтінішін банк және МҚҰ міндетті түрде қабылдауға, тіркеуге, есепке алуға және қарауға тиіс. Борышкер өз өтінішінде төлем мерзімін өткізіп алудың не себепті туындағанын көрсетуі, қайта құрылымдау үшін өзіне қолайлы нұсқаларды ұсынуы және кірісінің азайғанын және өз міндеттемелері бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін растайтын құжаттарды беруі қажет.

Қарыз алушы кредиторға өзінің қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат беруі керек, міндеттемелерін толық көлемде орындамауға себеп болып отырған кірістерінің азаюы немесе болмауы фактісін құжатты түрде растауға тиіс. Сұратылған құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз болып табылады.

 - Өтініш орташа есеппен қанша уақыт қаралады?

 - Кредитор өтінішті қарыз алушыдан құжаттардың толық топтамасын алғаннан кейін ғана қарайды. Ол сондай-ақ төлем қабілеттілігі, қарыз алушының әлеуметтік жағдайы, кепілге берілген тұрғын үйдің жалғыз екендігі, қарыз бойынша міндеттемелердің адал орындалуы сияқты факторларды ескереді. Және 15 күнтізбелік күн ішінде жауап беруі керек.

 Банк немесе МҚҰ банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарына қарыз алушы ұсынған өзгерістерді қабылдай отырып, келісім беруі, банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беруі немесе себептерінің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, бас тартуы мүмкін.

- Қарыз алушылар мен кредиторлар шарт талаптарына қандай өзгерістер енгізе алады?

- Қарыз алушы немесе кредитор ұсынатын қайта құрылымдау талаптары мынадай: сыйақы мөлшерлемесін төмендету, негізгі борыш немесе сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру, өтеу әдісін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғайту, борыш жүктемесін азайту түрінде болуы мүмкін, мысалы, бұл мерзімі өткен негізгі борыш, сыйақы, айыпақы және төлемдер мен комиссиялардың өзге де түрлері. Ұсыныстардың тағы бір түрі - ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес сату немесе міндеттемені сатып алушыға бере отырып, жылжымайтын мүлікті сату.

Заңнамада сонымен қатар, мерзімі өткен негізгі борышты немесе сыйақыны кешіру, айыпақыны (айыппұл, өсімпұл), комиссияларды және банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдерді жою көзделген. Алайда, бұл қарыз алушының қарызын өтеу үшін кірісінің болмауын дәйекті расталуы болған айырықша жағдайларда қолданылатын түбегейлі шара. Мұндай шешімді банктер мен МҚҰ қаржы реттеушісінің араласуынсыз, жеке тәртіпте, қалыптасқан өмірлік жағдайға және қарыз алушының қаржылық жай-күйіне байланысты қабылдайды.

Бұл ретте, шарт талаптарына өзгерістер енгізу банк немесе МҚҰ осындай шешім қабылдаған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырылатынын қоса айтамын. 

 - Егер кредитор бір өзгерістер енгізіп, ал қарыз алушы олармен келіспеген немесе керісінше жағдайда не істеу қажет?

 - Егер қарыз алушы кредитормен қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша келісімге келе алмаған жағдайда, ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте, қарыз алушы міндетті түрде өзінің банкке немесе МҚҰ-ға өтінгенін және өзара тиімді шешімге қол жеткізе алмағандығының растауын ұсынуға тиіс. Сондай-ақ, қарыз алушылар ипотекалық қарыз шарты бойынша туындайтын келіспеушіліктерді реттеу үшін Банктер туралы заңға сәйкес банк омбудсманына жүгіне алады.

Агенттік өтінім берушінің өтініші негізінде өз құзыреті шегінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеруге бастамашылық етеді және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін мәселені жан-жақты қарауға және кредитордың қабылдаған шешіміне қатысты кредиттік ұйымның іс-әрекеттерін бағалауды ұсынады. Осы кезеңде кредитордың халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) жататын борышкерлердің кепілге салынған мүлкін өндіріп алу рәсімдерін бастауға құқығы жоқ. ХӘОТ-ға Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар, 
1 және 2-топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары, кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар, қандастар, экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар, көп балалы отбасылар; мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары жататынын еске саламыз.

2021 жылы Агенттік Алматы қаласының әкімдігімен, Банк омбудсманымен, банктермен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум талаптарына сәйкес проблемалық берешекті реттеу кезеңінде банктер сот талап-арыздарын беруді, берешекті өндіріп алу жөнінде атқарушылық жазба жасау үшін нотариусқа жүгінуді, сондай-ақ ХӘОТ-ға жататын азаматтардың, оның ішінде банктің балансына қабылданған жалғыз тұрғын үйін өткізуді және қарыз алушыларды, оның ішінде банк балансында тұрған осы мүліктің бұрынғы меншік иелерін тұрғын үйден шығаруды тоқтата тұрады. Қазіргі уақытта Меморандумға оның атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған қарыз алушыларға қолданылуы, сондай-ақ мерзімін 2023 жылғы 1 қазанға дейін ұзарту бойынша өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде. 

- Егер қарыз алушы кредиттік ұйымға жүгінбесе, не болады?

Бұл жағдайда кредитор төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты шаралар қолдануға құқылы. Мысалы, арнайы шоттарды қоспағанда, борышкердің шотынан қарызды өтеу шотына қаражат алу немесе берешекті сотқа дейінгі өндіріп алуға және коллекторлық агенттікке реттеуге беру, талап ету құқығын үшінші тұлғаларға беру.

Қарыз шартында қарыз алушы қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін кешіктіруге жол берген кезде кредиттік ұйымның коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған кезде берешекті сотқа дейінгі өндіріп алуға және коллекторлық агенттікке реттеуге беруге жол беріледі.

Сонымен қатар, кредиторлар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сотқа жүгіне алады. Бұл ретте сот барлық мән-жайларды, оның ішінде кредитор мен қарыз алушының берешегін реттеу бойынша барлық шаралар қабылданғанын ескеретін болады.

2022 жылғы сәуірде Агенттік пен ҚР Жоғарғы Соты арасында Өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын атап өткім келеді. Меморандум сотқа дейінгі, соттан тыс реттеуге байланысты дауларды шешуге бағытталған. Осы тәртіп тиісінше орындалмаған жағдайда, соттар істерді қараусыз қайтарады. Осылайша Агенттік қана емес, соттар да кредиттік ұйымдардың азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай тәртібін сақтауына баса назар аударады.

white-arrow Тізімге