Тұрақты қадағалау процесіне AQR элементтері енгізіледі

time 31.03.2021
aye 4516
Тұрақты қадағалау процесіне AQR элементтері енгізіледі

Қадағалау саясатының 2021 жылғы басымдықтары туралы Мәдина Әбілқасымова айтып берді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) өткен жылғы қадағалау іс-шараларының нәтижелерін, банк секторындағы және тұтастай алғанда экономикадағы орын алған жүйелік тәуекелдерді және әлемдік практиканы ескере отырып биыл қадағалау саясатының негізгі басымдықтарын айқындады. Реттеуші 2021 жылға арналған қадағалау әрекеттерінің бағдарламасын нарықпен талқылады, оны ҚНРДА Пруденциялық реттеу саясаты жөніндегі комитеті және Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылық кеңесі мақұлдады.

Қаржы реттеушісінің 2021 жылы қадағалауда неге баса назар аударатыны жайында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтып берді:

Қаржы реттеушісі әрекеттерінің жүйелілігі, ашықтығы және болжамдылығы, бірыңғай саясаттың болуы және оның негізгі басымдықтарын түсіну қаржы секторының орнықты әрі қарқынды дамуының, банк қоғамдастығы мен реттеуші арасында сындарлы қарым-қатынас орнатудың маңызды факторлары болып табылады. 2020 жылы банктердің SREP әдіснамасы бойынша қадағалап бағалауда ЕДБ кредит портфелінің сапасын бағалауға ерекше көңіл бөлдік, жұмыс істемейтін (стрестік) активтер деңгейі мен олардың серпінін талдадық. Биыл Агенттік тәуекелдерді бағалаудың жаңа SREP әдістемесімен тәуекелге бағдарланған қадағалау жүйесін енгізу жұмысын жалғастырады, ол әдіснама әр банктің жай-күйін зерделейді және ЕДБ-ні тәуекелдер деңгейі, капитал және өтімділік жеткіліктілігі бойынша сегменттерге бөлуге мүмкіндік береді. Республиканың банк секторының орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында Агенттік активтер сапасын бағалау (AQR) және қадағалап стресс-тестілеу (ҚСТ) элементтерін ықпалдастыру арқылы тәуекелге бағдарланған қадағалау құралдарын көбейтуге ерекше назар аударатын болады. Мұндай тәсілді кешенді бағалау процесі (Comprehensive Assessment) шеңберінде Еуропа Орталық Банкі қолданады және стресс-тест нәтижелерінің дұрыстығына кепілдік болады, себебі банктердің қалыпты жағдайда бастан өткізуі мүмкін зияннан «тазартылған» баланстарына дағдарыстың әсерін көрсетеді. 

Банк секторы активтерінің сапасын бағалау – банк секторының ашықтығын қамтамасыз етуге және инвесторлар, салымшылар және рейтингтік агенттіктер тарапынан оған деген сенімді арттыруға бағытталған, көптеген елдерде кеңінен пайдаланылатын практика. 2019 жылы Қазақстанда  жүргізілген AQR қорытындысы AQR-дің банктер активтерінің сапасын терең бағалаудың тиімді құралы болып табылатынын көрсетті, алынған нәтижелер банк секторының жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріп, активтер сапасын арттыруға, провизиялар құруға және банктерді капиталдандыруға қолдау көрсетуге ықпал етті. Алайда, AQR-ды кең көлемде өткізу едәуір уақыт және адам ресурстарын талап етеді. Тиісінше, мұндай жаттығуды экономиканың белгілі бір даму циклдарының немесе банк секторындағы маңызды өзгерістердің аяқталуына қарай 3-5 жылда бір рет өткізу болжанады.

2021 жылдан бастап біз тұрақты қадағалау процесінде AQR-дің негізгі элементтерін пайдалануды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте, Агенттік тәуелсіз аудиторларды, бағалаушыларды және консультанттарды тартпай тек өз ресурстарымен шектелуді жоспарлап отыр. Бастапқы кезеңде реттеуші есептілікте және деректердің балама көздерінде қолжетімді көрсеткіштерді пайдалана отырып, реттеушінің күш-жігерін негізгі тәуекелдерге шоғырландыруды көздейтін базалық модель енгізіледі. Орта мерзімді перспективада ЕДБ-нің ақпараттық жүйелерінде қолжетімді деректердің жеткілікті деңгейін, сондай-ақ Агенттік пен ЕДБ-нің ақпараттық жүйелерін ең жоғары деңгейде автоматтандыру мен цифрландыру қамтамасыз етілетін нысаналы модельді енгізу бойынша іс-шаралар іске асырылатын болады.

Активтердің сапасын бағалау процесі толығымен цифрлық сипатқа ие болады деп күтілуде, бұл реттеушіге және банктерге осы пруденциялық жаттығуды өткізуге кететін жұмыс күші мен уақытты барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Активтердің сапасын бағалау нәтижелері бірінші кезекте стресс жағдайында банктер капиталының жеткіліктілігін бағалау мақсатында біртіндеп қадағалап стресс-тестілеу жүргізу үшін пайдаланылатынын атап өткен жөн. Биыл Агенттік тұрақты бақылау процесіне ҚСТ енгізуді жоспарлап отыр. Ол үшін 2020 жылы сараптамалық бағалау негізінде өткізілген стресс-тестілеу әдіснамасы жеке тәуекелдерді стресс-тестілеудің статистикалық модельдерін әзірлеу тұрғысынан жетілдірілетін болады.

 Әлемдегі көптеген реттеушілер қолданатын екі сатылы ҚСT моделі негізге алынатын болады. Бірінші кезеңде реттеуші әрбір банк бойынша бірыңғай нақты сценарийге сәйкес қадағалау ақпаратын пайдалана отырып, өз моделі негізінде top-down (жоғарыдан төменге) стресс-тестілеуін өткізеді.

Әрі қарай банктер ішкі деректерді пайдалана отырып, реттеушінің нұсқаулары мен сценарийлеріне сәйкес өздерінің bottom-up (төменнен жоғарыға) стресс-тесттерінің есебін жүргізеді.

Екі сатылы тәсілді қолдану бизнес-модельдердің жеке ерекшеліктерін, жекелеген банктердің стратегиялары мен басқару шешімдерін ескере отырып, стресс-тесттің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Банк жүргізген стресс-тестілеу нәтижелері талқыланып, top-down нәтижелерімен салыстырылады. Top-down және bottom-up стресс-тесттерінің нәтижелерін салыстыру кезеңі шеңберінде банктердің бизнес-модельдерінің ерекшеліктеріне байланысты қосымша әсерлерді тексеру және есепке алу жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, биыл банктердің тәуекел бейініне байланысты капиталды дербес қадағалап үстемелеу әдіснамасын әзірлеу жоспарлануда. Жеке банктер деңгейінде де, жүйелік деңгейде де қадағалау шараларын тиімді енгізу үшін реттеуші қаржы секторының деректерін жинау және өңдеу процесін автоматтандыруға баса көңіл бөледі.

Банктердің одан әрі орнықтылығын қамтамасыз ету үшін күтілетін кредиттік зияндар моделі (ХҚЕС 9) бойынша провизияларды қалыптастыруға қойылатын талаптарды нақтылау, капиталдың жеткіліктілік көрсеткіштерін есептеу тәсілдерін және тәуекелдерді бағалау модельдеріне, корпоративтік басқару жүйесіне қойылатын талаптарды жетілдіру мәселелері бойынша AQR нәтижелері бойынша реттеушілік бастамаларды енгізу жүзеге асырылады, қаржылық қалыпқа келтіру мен санацияны жоспарлауға қойылатын талаптар (Recovery and Resolution Planning) әзірленеді.

Банктік емес секторда қаржы реттеушісі қадағалау саясатына ұқсас тәсілдерді қолданатын болады. Бағалы қағаздар нарығындағы негізгі басымдықтар биыл қызметтің сандық және сапалық өлшемшарттарын талдау, пруденциялық реттеуді ырықтандыру және саралау, тәуекелдерді басқару жүйесін, тепе-теңдік қағидаты негізінде есептілікті ұсыну тәртібін талдау негізінде БҚН кәсіби қатысушыларының тәуекелдерін бағалауға шоғырландырылатын болады.

Кәсіби қатысушылардың жағымсыз нарықтық оқиғаларға әлеуетті осалдығын бағалау үшін қадағалау стресс-тестілеу құралдары әзірленіп, пилоттық режимде сынақтан өткізілетін болады. Жосықсыз практикалардың жолын кесу рәсімдерін жетілдіру және бағалы қағаздар нарығындағы субъектілердің іс-әрекеттерін жосықсыз мінез-құлық және бағалармен айла-шарғы жасау ретінде тану өлшемшарттарын кеңейту жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

Сақтандыру секторында қадағалаудың ішкі жүйесі тәуекелдерді сапалық және сандық бағалауға талдау жасауға құрылады, оның негізінде әрбір сақтандыру ұйымына тәуекелге бағдарланған қадағалау назарының деңгейі белгіленеді. Бұл бағалау қадағалау ресурстарын тәуекелі жоғары аймақтарда шоғырландыруға мүмкіндік береді. Биыл алғаш рет сақтандыру ұйымдары тәуекелдерге дербес бағалау жүргізеді.

Бағалау қорытындыларын сақтандыру ұйымдарының директорлар кеңесі мен акционерлері қарайды, бұл менеджмент пен меншік иелерінің олардың қызметінің нәтижелері үшін жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бағалаудың нәтижелері Агенттікке ұсынылады. Бұдан басқа, өткен жылы әзірленген жаңа тәсілдерді ескере отырып, әрбір сақтандыру ұйымы бойынша сақтандыру резервтерінің жеткіліктілігіне кешенді бағалау жүргізілетін болады. Сақтандыру резервтерінің жеткіліктілігі оларды өтімділігі жоғары активтермен жабу негізінде бағаланады. Сақтандыру ұйымдарында тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ішкі, сондай-ақ сыртқы жүйелерін сапалы түрде жақсартуға бағытталған заңнамалық талаптарды жетілдіру және жаңа реттеушілік бастамаларды дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

Тұтастай алғанда, қадағалау іс-қимылдары бағдарламасын іске асыру Агенттіктің қадағалау саясатының транспаренттілігін және болжамдылығын арттыруға ықпал етеді, қадағалау процесінің тиімділігін қамтамасыз етеді және үздік халықаралық практикаға сәйкес қаржы нарығы субъектілерінің бизнес процестерін одан әрі жетілдіруге жәрдемдеседі.

Ақпарат беруші: https://kapital.kz

white-arrow Тізімге