Жанболат Мамайдың Instagram-дағы жарияланымы туралы

time 3.11.2021
aye 7912
Жанболат Мамайдың Instagram-дағы жарияланымы туралы

Ағымдағы жылғы 2 қарашада әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Жанболат Мамайдың ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша «кредиттік рақымшылық» жарияланыпты-мыс деген бейнемәлімдемесі таратылды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік) ондағы ақпараттың дәйексіздігі туралы мәлімдейді және төмендегіні хабарлайды.

Бүгінгі күні 2007-2008 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан, сондай-ақ ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен барынша зардап шеккен ипотекалық қарыз алушылардың жеке санатына көмек көрсету үшін Агенттік Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын (Бағдарлама) іске асыруда.

Бағдарлама 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде теңгемен ипотекалық қарыздар, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін валюталық ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларға қаржылай қолдау көрсетуге бағытталған.

Бағдарламаның талаптары пайыздық мөлшерлемені жылдық 3%-ға дейін азайту (халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) жатпайтын валюталық қарыз алушылар үшін – 12%-дан көп емес), сыйақы, айыпақы (өсімпұл, айыппұлдар) және комиссиялар бойынша берешекті есептен шығару арқылы негізгі борыш қалдығын қайта қаржыландыруды көздейді. Шетел валютасындағы қарыздар бойынша борыш жүктемесін азайту үшін Бағдарламада Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) берешекті теңгеге конвертациялау көзделген.

 Бүгінгі күні аталған талаптар бойынша 310,5 млрд теңге сомаға азаматтардың 42,5 мың қарызы қайта қаржыландырылды, қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, айыпақы бойынша берешегі толығымен кешірілді.

2020 жылғы қаңтардан бастап Бағдарлама талаптары бойынша бұрын қарыздарын қайта қаржыландырған, ХӘОТ санатындағы қарыз алушылар үшін қарыз бойынша берешекті азайту, 20 000 теңге деңгейіндегі ай сайынғы төлеммен жеңілдік берілген кестелер белгілеу түрінде қосымша көмек шаралары енгізілді. Қазіргі уақытта Бағдарлама шеңберінде 32,4 млрд теңге сомаға 6,5 мың азаматқа көмек көрсетілді.

Бағдарламаға қатысу үшін ХӘОТ-қа жататын және Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін азаматтар ағымдағы жылғы 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде кредитор банкке өтініш беруі керек. Қосымша қаржылай көмектің мөлшерін және талаптарын банктер қарыз алушының қаржылық жай-күйін талдау негізінде жеке тәртіппен айқындайды.

Азаматтардан және бұқаралық ақпарат құралдарынан дәйексіз мәліметтерге сенбеуді және ресми әрі тексерілген дереккөздерінен алынған ақпаратты ғана басшылыққа алуды сұраймыз.

Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының талаптары мен нәтижелері туралы барынша толығырақ ақпаратты Агенттіктің ресми сайтынан алуға болады.

white-arrow Тізімге