Агенттік қызметкерлері әскери қызметшілердің қаржылық сауаттылығын арттыруға қосқан үлесі үшін марапатталды

time 26.12.2025
aye 4

Осы жылдың 26 желтоқсанында Алматы әскери гарнизонының прокуроры, әділет полковнигі Ақберен Айдос және Алматы әскери гарнизоны прокурорының орынбасары, әділет майоры Жанат Оспанов салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлерін марапаттады.

Марапаттар Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Терентьев А. Л.-ға, аталған департаменттің бас маманы Әкім Ғ. М.-ға, банктік омбудсманның кеңесшісі Ибрагимов Р. Ф.-ға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының микроқаржылық омбудсманы Естеусізова Н.-ға табысталды.

Агенттік қызметкерлері Fingramota.kz жобасы аясында мерзімді әскери қызметшілер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенін іске асыруға қосқан елеулі үлесі үшін атап өтілді.

Аталған жоба Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Бас әскери прокуратурасымен бірлесіп 2025 жылғы қазан–желтоқсан айлары аралығында жүзеге асырылды.

Осы кезеңде еліміздің барлық өңірлерінде, сондай-ақ бірқатар әскери бөлімдерде, гарнизондарда, академиялар мен бейінді институттарда қаржылық қызметтерді жауапкершілікпен пайдалану, жеке қаржыны басқару, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша оқыту дәрістері, семинарлар және жеке консультациялар өткізілді.

Іс-шаралар Агенттіктің өңірлік өкілдері басқармасының, сондай-ақ банктік және микроқаржылық омбудсман кеңселерінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Жалпы 45 іс-шара өткізілді, олардың аясында 9 мыңнан астам әскери қызметші қаржылық тұрақтылық пен жеке қаржылық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған практикалық білім мен ұсынымдар алды.

Аталған іс-шараларды өткізу әскери қызметшілерде тұрақты қаржылық дағдыларды қалыптастыруға және қаржылық тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыс келесі жылы да жалғасын табады.

white-arrow Тізімге