Қаржылық сауаттылық сабақтары Қазақстан мектептері үшін қолжетімді болды

time 25.11.2021
aye 10

Оқушыларды қаржылық сауаттылық негіздеріне тегін оқытуды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен Freedom Finance Life өмірді сақтандыру компаниясы жүргізеді.


Freedom Finance Camp жобасы аясындағы алғашқы сабақтар Жәния Әубәкірованың авторлық мектебінде басталды, онда балалар тек білім алып қана қоймай, өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытады. Оқушыларға қаржылық қызметтер мен құралдарды қалай дұрыс және сауатты пайдалану, өзінің қаржы қаражатын қалай басқару, Қазақстанда қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қалай қорғау керектігі туралы айтылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл білім оқушыларға болашақта көптеген қателіктер мен жаңсақ есептеуден аулақ болуға, қаржылық қызметтер мен өнімдердің алуан түрінен адаспауға, салмақты және дұрыс қаржылық шешімдер қабылдауға көмектеседі.

Қаржы реттеушісі өкілдерінің айтуынша, қаржылық білім беру контексінде қаржылық сауаттылыққа, ең алдымен, балаларды оқытуға ерекше назар аудару қажет. Ерте жастан бастап олар үшін көптеген қаржы құралдары қолжетімді бола бастады, оларды онлайн пайдалану белгілі бір тәуекелдерді, оның ішінде қаржылық алаяқтықпен байланысты тәуекелдерді көтереді.

«Қаржылық сауаттылықты оқыту ерте жастан, отбасында басталуы керек: балаларға ақшаның қайдан келетінін, оны қалай дұрыс үнемдеу және ақылмен жұмсау керектігін, қазіргі заманғы алаяқтардың тұзағына түспеу керектігін, кибергигиена деген не екенін түсіндіру керек. Болашақта ақша мәселелеріне қатысты ақылға салынған шешімдер қабылдауға және тұтастай алғанда қаржы әлемін жақсы білуге мүмкіндік беру үшін балаларға дұрыс қаржылық және цифрлық әдеттерді қалыптастыру маңызды. Менің ойымша, қаржылық сауаттылық сабақтарын әлемнің дамыған елдеріндегі сияқты барлық мектептерде енгізу керек», - деп ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев есептейді.

Агенттіктің міндеттерінің бірі қаржылық сауаттылық және қаржылық қолжетімділік деңгейін арттыру болып табылады. Оларға қол жеткізу үшін Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020 - 2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде белсенді түрде кең ауқымды жұмыс жүргізілуде және балалар мен жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылуда.

Агенттік өткен жылы өткізген әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан халқының қаржылық сауаттылық деңгейі 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,82%-ға ұлғайып, 39,07% құрағандығын атап өтеміз.

Агенттіктің, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының, мүдделі мемлекеттік органдардың және қаржы нарығы қатысушыларының келісілген ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының есебінен азаматтар қаржылық өнімдерді, қызметтерді және олардың ерекшеліктерін әлдеқайда жақсырақ біліп, қаржы және өзге де ұйымдармен өзара дұрыс әрекет етуді және жалпы қаржы әлемінде бейімделуді үйренді. 2024 жылға қарай көрсеткіш 41%-ға дейін ұлғаяды деп күтілуде.

Халықтың қаржылық сауаттылығының деңгейін көтереу – ел дамуындағы маңызды мәселе. Азаматтардың бұл саладан хабардар болуының жоғары деңгейі халықтың өмір сүру деңгейінің көтерілуіне, нарықтағы жеке инвесторлар санының артуына ықпал етеді, ал бұл бәсекелестікке және жаңа инвестициялық өнімдердің пайда болуына әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан балаларды қаржылық сауаттылыққа барынша ерте үйреткен маңызды.

Қаржылық сауаттылық сабақтарын өткізуге қызығушылығы бар мектептер мына e-mail: marketing@ffin.life бойынша өтініш жібере алады.

white-arrow Тізімге