2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар, көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру, жалпыға бірдей декларациялау және экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Заң) азаматтарды қорғау және микрокредиттеу нарығындағы алаяқтық тәуекелдерін төмендету үшін микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізіледі.
Заңды тұлға микроқаржылық ұйым, кредиттік серіктестік, ломбард ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркелген (қайта тіркелген) күннен бастап 6 ай ішінде микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия алу үшін уәкілетті органға жүгінеді.
Агенттік Басқармасының 2020 жылғы 23 қарашадағы № 108 қаулысымен Микроқаржылық қызметті лицензиялау қағидалары, Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесі бекітілді.
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге Микроқаржылық қызметті лицензиялау қағидаларына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия беру туралы өтінішті және тиісті құжаттарды ұсынады.
Көрсетілетін қызметті алушы құжаттарды қағаз тасымалдағышта не www.egov.kz, www.elicense.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы электрондық түрде Микроқаржылық қызметті лицензиялау қағидаларына 1-қосымшаға сәйкес «Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес ұсынады.
Микроқаржылық қызметті лицензиялау қағидаларында лицензия беру не беруден дәлелді бас тарту тәртібі, микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны қайта ресімдеу, телнұсқасын беру, қолданысын тоқтата тұру не тоқтату тәртібі көзделеді. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия құжаттарды ұсынған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде беріледі. Лицензия қайта ресімделген кезде – 3 жұмыс күні ішінде және 30 жұмыс күнінен кешіктірмей, егер МҚҰ, кредиттік серіктестік, ломбард бөліну немесе бөліп шығару жолымен қайта ұйымдастырылған жағдайда лицензия қайта ресімделсе. Лицензия телнұсқасын беру 2 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Лицензиялау қағидаларында, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыру бойынша біліктілік талаптары көзделеді. Талаптардың ішінде бухгалтерлік есепті жүргізуді автоматтандыруды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйенің болуы талабы да бар. Ломбардтар үшін үй-жайлардың қауіпсіздігін және техникалық нығайтылуын қамтамасыз ету жүйесі туралы мәліметтерді, оның ішінде заттарды сақтау, ломбардтарда заңсыз алынған заттардың айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды ұсыну көзделген. Бұдан басқа, лицензия беру туралы өтініште қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйеге қосылу талабының орындалуы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.
Қағидаларда басшы қызметкерлерге қойылатын талаптар регламенттеледі:
- басшы қызметкерде жоғары білімінің болуы;
- алынбаған немесе өтелмеген соттылығының болмауы;
- қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқару және өмір бойы қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны қолдану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болмауы.
Лицензиялау қағидаларында сондай-ақ меншікті капиталдың ең төменгі мөлшерінің сақталуы туралы мәліметтерді, «Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның пруденциялық нормативтері және сақтауға міндетті өзге де нормалары мен лимиттері туралы» Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 14 қарашадағы № 192 қаулысымен бекітілген жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшерінің төленгенін растайтын құжаттардың көшірмелерін, оларды есептеу әдістемесін ұсыну көзделеді.
Сонымен бірге Заң қолданысқа енгізілгенге дейін есептік тіркеуден өткен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес 2021 жылғы 1 наурызға дейін микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін уәкілетті органға жүгінуге құқылы екенін атап өтеміз. Осы талап сақталмаған жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру не тарату туралы сотқа талап қоюға құқылы.
Лицензия алғанға дейін Заң қолданысқа енгізілгенге дейін есептік тіркеуден өткен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес микроқаржылық қызметті жүзеге асыру құқығы сақталады.
Агенттік Басқармасының 2020 жылғы 23 қарашадағы № 108 қаулысының толық мәтінімен уәкілетті органның www.finreg.kz ресми сайтында «Агенттіктің НҚА» бөлімінде танысуға болады.
- Сұрақ қою -
Микроқаржылық қызметті лицензиялау қағидаларын, микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу - тиімді!
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Квишинг: алаяқтар казақстандықтардың гаджеттеріне қалай шабуыл жасайды