Арнайы шот: ақшаңызды өндіріп алулар мен қателерден қорғау

time 15.10.2025

2025 жылғы маусымда табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде зардап шеккендерге төленетін ақшалай қаражатты үшінші тұлғалардың өндіріп алуына тыйым салуды көздейтін заңнамаға түзетулер күшіне енді. Бұл жерде сөз материалдық залалды өтеуге және зардап шеккен азаматтарға қажетті қолдау көрсетуге арналған мемлекеттік бюджеттен бөлінетін немесе қайырымдылық ұйымдарынан түсетін, көмек туралы болады.

Бұдан былай мемлекеттік бюджеттен немесе қайырымдылық ұйымдарынан түсетін төлемдер арнайы (қол сұғылмайтын) шотқа есепке жазылуға  тиіс және оларды қарыздар есебіне немесе үшінші тұлғалардың шешімдері бойынша есептен шығаруға болмайды.

Fingramota.kz арнайы шот қалай жұмыс істейтінін, оны қалай ашуға болатынын және сіздің қаражатыңыз қате есептен шығарылса не істеу керектігін айтып береді. 

Арнайы шот деген не 

Арнайы шот — бұл «қол сұғылмайтын» банктік шот, оған әлеуметтік төлемдер мен өндіріп алудан қорғалған басқа төлемдер есепке жазылады.  Ондағы қаражатқа қарыздар мен атқарушылық іс жүргізу болған жағдайда да тыйым салуға немесе есептен шығаруға болмайды.

Қорғалған төлемдерге мыналар:

  • мүгедектігі бойынша жәрдемақы;

  • жүктілік және босану бойынша төлемдер;

  • 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы;

  • денсаулыққа зиян келтіргені үшін өтемақы;

  • алименттер;

  • әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер;

  • ТЖ кезінде зардап шеккендерге өтемақы;

  • және төлемдердің басқа түрлері жатады.

Айта кету керек, зейнетақы, жалақы, шәкіртақы және кәсіпкерлік табыс сияқты кіріс көздері «қол сұғылмайтын» шоттарға жатпайды және берешектер мысалы, кредиттер немесе салықтар бойынша болған кезде  ішінара ұстап қалуы мүмкін.

Есептен шығаруға болмайтын ең төменгі сома

Тіпті сізде арнайы шот болмаса да, заң сіздің қаражатыңыздың бір бөлігін қорғайды. «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның
36-бабының 2-тармағына сәйкес азаматтың ағымдағы шотында кемінде
92 456 теңге (2025 жылы екі ең төмен күнкөріс деңгейі) сомасы қалуға тиіс.

Бұл сомаға қол сұғуға болмайды және банктер кредит бойынша өндіріп алу кезінде шотта қалуы керек. Алайда, бұл ереже жинақ шоттарына қолданылмайды.

Арнайы шотты қалай ашуға болады

Арнайы шотқа түсетін төлемдерді қорғауға болатынын естеріңізге сала кетейік, ал қарапайым шоттағы ақшаны акцептсіз алуға болады, сондықтан арнайы шот ашу туралы шешімді барынша байыппен қабылдаңыз және ақпаратты барлық кезеңде тексеріңіз.

Арнайы шот ашу үшін жеке басын куәландыратын құжаттан басқа банкке немесе «Қазпошта» АҚ-қа (бұдан әрі – банк) ағымдағы шоттың мақсатын жазып, өтініш, сондай-ақ  ҚРҰБ Басқармасының 31.08.2016ж. №207 қаулысымен бекітілген Клиенттердің банктік шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларында  айқындалған құжаттар ұсыну қажет. 

Маңызды: арнайы шот тегін ашылады, банктер оған қызмет көрсеткені үшін комиссия алмайды. Бұдан басқа, салық берешегінің немесе мерзімі өткен кредиттің болуы мұндай шотты ашудан бас тартуға негіз бола алмайды. Демек, банктің мұндай себептермен клиентке бас тартуға құқығы жоқ.

Қол сұғылмайтын шот ресімдеуден бұрын шарттың талаптарымен мұқият танысып шығуға кеңес береміз. Егер қандай да бір тармақтар күмән тудырса немесе түсініксіз болса, түсініп алу үшін дереу банк қызметкеріне жүгініңіз. Шартты толығымен оқымай және оның талаптарын түсініп алмай тұрып ешқашан шартқа қол қоймаңыз. 

Қарт адамдар кез келген құжат ресімдеген кезде жасы өздерінен едәуір кіші жақын туыстарының көмегіне жүгінулері керек.  Олар банк құжаттамасын жақсырақ түсінеді және болашақта өз туыстарының құқықтарын қорғау үшін тұтастай процесті дұрыстап тіркейді.  

Ақша арнайы шоттан есептен шығарылған болса, не істеу керек?

Заңнамаға сәйкес арнайы шоттағы ақшаға:

- тыйым салуға;

- сот орындаушыларының инкассолық өкімдері бойынша банктер мен банктік емес ұйымдардың төлем талаптарына сәйкес ақшаны өндіріп алуға рұқсат етілмейді.

Өкінішке орай, тіпті қатал қағидалар белгіленген жағдайда да техникалық қателіктер болып тұрады. Егер сіз арнайы шоттан ақшаның есептен шығарылғанын анықтасаңыз: 

  1. Дереу банкке хабарласыңыз және ақшаны есептен шығарудың себептерін түсіндіруді талап етіңіз.

  2. Шоттың мәртебесін және төлемдердің мақсатын растайтын құжаттарды дайындаңыз.

  3. Өндіріп алушыға  шағым жіберіңіз.

  4. Егер мәселе шешілмесе - Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгініңіз немесе сотқа өтініш беріңіз.

Пайдалы кеңестер 

Төлем мақсатының «Әлеуметтік төлем», «Төтенше жағдай кезіндегі өтемақы» және т.б. деп көрсетілуін тексеріңіз.

Қаражаттың шығу көзін растайтын барлық құжатты сақтаңыз, олардың тергеп-тексеру кезінде көмегі тиеді. 

Барлық төлем сонда түсу үшін төтенше жағдайлар кезінде алдын ала арнайы шот ашыңыз.

Арнайы шот тетігі – бұл жай ғана банктік қызмет емес, бұл – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың әлеуметтік қорғау. Ол қалпына келтіру, емдеу және қолдау көрсетуге арналғанға төлемдердің сақталуын қамтамасыз етеді.

white-arrow Тізімге