Қаржылық тұрғыдан сауатты IPO: енді бастайтын инвестор нені білуі керек

time 7.02.2024

Жаңалықтарда IPO – компанияның биржаға шығу тақырыбы көп талқыланып, қызығушылық туғызып жатады. Мысалықазақстандықтар Лондон қор биржасында (LSE), АХҚО қор биржасында («AIX»және «Қазақстан қор биржасы» АҚ-та (KASE) бағалы қағаздарының листингін жүзеге асыратын Air Astana әуекомпаниясының жаңалығын белсенді талқылауда. Бұл азаматтарда компанияны бірлесіп иеленуге және оның акцияларын сатып алуға деген мүмкіндік пайда болатынын білдіреді.    

Fingramota.kz компанияның акцияларын биржада не үшін орналастыратынын және енді бастаған инвестор нені ескеру керектігін айтып береді. 

IPO деген не?

IPO (Initial Public Offering) – биржада бағалы қағаздарды орналастыру жолымен акционерлік қоғам акцияларын шектеусіз инвесторлар тобына бастапқы жария ұсыну. IPO нәтижесінде компания акциясы биржадан тыс айналыста болатын жеке компанияға қарағанда жария компания болады, есептілігі ашық, ал шығарған қағаздары инвесторлардың кең тобына қолжетімді болады.

Биржада акцияларды бастапқы орналастыру бизнесті дамыту немесе инфрақұрылымды құру үшін ақша тарту мақсатында жүргізіледі. Қор нарығына шығу – шығынды әрі беделді әрекет, сондықтан да компанияның бәрі инвестициялық қаражатты тартудың бұл тәсілін пайдалана алмайды. Алайда, орта мерзімді перспективада IPO компанияға оны өткізуге жұмсалатын қаржылық шығындары өтелетін бірқатар артықшылықтар береді.

Мысалы, Air Astana әуекомпаниясының IPO-сы BAE Systems (Kazakhstan) Limited (BAE) және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-қа тиесілі акцияларды және жаһандық депозитарлық қолхатты (ЖДҚ) сатудан, сондай-ақ компанияның жаңадан шығарылған акцияларды орналастыруынан тұрады.

IPO-ның инвесторлар үшін негізгі пайдасы – акцияларды мүмкіндігінше арзан бағамен сатып алып, кейіннен жоғары бағамен сату. Кейде бастапқы орналастыру аяқталғаннан кейін белгіленген бағалар бірнеше аптаның немесе тіпті бірнеше күннің ішінде көтеріліп кетеді.

IPO шеңберінде компания өзінің бағалы қағаздарының бір бөлігін ұсына алады, сондай-ақ оларды шектеусіз сата алады. Акциялары көбірек сатып алынған сайын кәсіпорын инвесторлардан көбірек қаражат тарта алады. Бұл ақша бизнестің дамуын тездетуге және оны сапалы түрде кеңейтуге мүмкіндік береді.

ІРО инвестор үшін әрдайым жоғары тәуекелмен байланысты болғандықтан, акциялар сатып алудан бұрын компанияның қаржылық көрсеткіштерін мұқият зерттеп алу керек.

Компания үшін ІРО-ның артықшылықтары:

  • Тартылған қаражат компанияның меншікті капиталын құрайды, бұл борыш жүктемесінің ұлғаюына әкеп соқтырмайды.
  • Қаржы нарығы компанияға инвесторлардың кең ауқымына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
  • Жария компания нарықтық құнға ие болады, ол әдетте жеке компаниялардың құнынан жоғары болады.
  • Халық арасында компанияға деген сенімді арттыру, брендтің танымалдығы және ашық маркетингтік стратегия.
  • Осы уақыттағы акционерлердің акциялар топтамаларын ашық сату мүмкіндігі.

Енді бастаған инвесторға арналған кеңестер

Инвестор болу үшін ең алдымен нарыққа кәсіби қатысушы – брокерде шот ашу қажет. Брокерде міндетті түрде бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия болуы керек және ол тікелей биржаға қатысушы болуы қажет. Брокерлік қызметтер көрсететін компаниялардың қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен қатаң регламенттеледі. Лицензиясы бар брокерлердің тізімі KASE Қазақстан қор биржасының https://kase.kz/ru/membership/#brokers сайтында орналастырылған.

Әрбір брокерде аты-жөні мен мүшеліктің санаты көрсетілген трейдерлер тізімінің бар екенін ескеріңіз. Бұл ондайда жалған брокер тиісті лицензиясыз өзін трейдер ретінде таныстыруы мүмкін алаяқтардың заңсыз әрекеттерін болдырмау үшін маңызды.

Көбінесе инвестор болуды өмір бойы үйренуге тура келеді, себебі нарық туралы үнемі көбірек білу және жаңа инвестициялық стратегияларды табу керек. Егер сіз инвестиция салуды бастағыңыз келсе, Fingramota.kz мынадай қадамдар қабылдауға кеңес береді:

Тәуекелдерді танып біліңіз 

Егер сіз қалай инвестор болу керектігін білгіңіз келсе, алдымен тәуекелдерді дұрыс бағалау аса маңызды болатынын мойындауыңыз қажет. Биржадағы көптеген енді бастаған инвесторлар пысықталған шешімдер мен нарықтық үдерістерді бақылау есебінен өз қаражатын көбейтемін деген ойына масаттанады. Бұл инвестициялаудың бір бөлігі бола тұра, өз дағдыларының деңгейін тани білумен қатар инвестициялаудың шығынға ұшырау тәуекелдерімен сабақтас келетіндігін білген де маңызды. 

Аздан бастаңыз

Көп жағдайда инвестицияны аз ақша сомасынан бастаған абзал. Ерте баста орын алатын қателіктердің алдын алу үшін аздан бастаңыз. Тәжірибеңіз артып, өз салаңызды жақсы түсінген сайын көбірек ақша инвестициялай аласыз. Жалпы алғанда, инвестицияларға байлықтың қосымша көзі ретінде қарауға болады. Дегенмен, кейбір адамдар инвестицияларды табыстың негізгі көзі ретінде қолданады, бұл үшін, әдетте қомақты капитал мен жоғары деңгейдегі білім қажет.

Дивиденд деген не?

Дивиденд — бұл акционерлер арасында олардың бағалы қағаздарының үлесіне тепе-тең бөлінетін компания табысы. Басқаша айтқанда, дивиденд – бұл компания өз акционерлерінің арасында бөлетін табыстың үлесі. Егер сізде дивиденд төлейтін компанияның акциялары болса, онда бұл акциялар портфеліңізде болған кезде олардың үлесіне автоматты түрде құқылы боласыз. 

Кейбір компаниялар жылына 1-ден 4 ретке дейін дивиденд төлейді – төлемдердің кезеңділігі мен мөлшері нақты компанияның дивиденд саясатында көрсетіледі. Компания жаңа өнімдерге немесе қызметтерге қаражат салу арқылы бүкіл табысты өзіне қайта инвестициялауы мүмкін. Жас компаниялар әдетте дәл осылай жасайды, ал орныққан корпорациялар дәл осы жоғары тұрақты дивидендтерімен инвесторларды тартады. 

Белгілі бір компанияның акциясын сатып алғаннан кейін сіз автоматты түрде оның акционері болып шыға келесіз, демек сіз де дивидендтерге үміттене аласыз. Бастысы, есепті кезең үшін (тоқсан, жартыжылдық немесе жыл) дивидендтер төленетін инвесторлар тізімін бекітетін күн – тізілімнің тоқтатылу күніне дейін үлгеру қажет. 

Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыздар!

white-arrow Тізімге